Пятница, 30.10.2026

ВЕЛОТУРНИР ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Спорт – денсаулық кепілі десек, салауатты өмір салтын серік ету – әрбір заманауи қоғамның басты ұстанымдарының бірі. Осы орайда, жақында қаламызда Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 18-35 жас аралығындағы қала тұрғындары арасында 10 шақырымдық бұқаралық велотурнир болып өтті.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар арасында белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған бұл шара шын мәнінде қаланың спорттық өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Таза ауада өткен айтулы додада бағын сынаған қатысушылар өздерінің физикалық төзімділігін, спорттық шеберлігін және жеңіске деген жігерін жан-жақты көрсетті. Арадағы тартысты бәсеке мен тартысқа толы сәттер көрермендер мен жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленіп, жарыс көрігін қыздыра түсті.

Жүйріктер арасынан суырылып шығып, жоғары дайындығымен көзге түскен үздіктер лайықты марапаттарға ие болды. Жарыс нәтижесі бойынша 1-орынды шеберлігін танытқан Абзал Алменов жеңіп алса, 2-орынды Қалжан Нұрлыбек, ал 3-орынды Олжас Қазбек қанжығасына байлады. Ұйымдастырушылар тарапынан үздік үштікке тиісінше 200 мың, 150 мың және 100 мың теңгелік қаржылай сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қатар, спорттық додада барын салған 4, 5, 6-орын иегерлері де назардан тыс қалмай, әрқайсысы 25 мың теңгеден ақшалай сыйақы алды. Ал қалған барлық қатысушыларға күнделікті тұрмысқа қажетті шағын тұрмыстық техникалар сыйға тартылып, бұдан бөлек тағы 15 қатысушыға ерекше белсенділігі үшін арнайы ынталандыру сыйлықтары берілді.

Бұл турнир тек жастардың басын қосқан жарыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен теңдіктің шынайы үлгісіне айналды. Ресми жас шектеуіне қарамастан, жарысқа арнайы қатысып, жастарға үлгі көрсеткен 66 жастағы қала тұрғыны мен нәзік жандылардың арасынан суырылып шыққан жалғыз әйел қатысушының батылдығы көрермендерді сүйсіндірді. Олардың бұл қадамы спорттың жасқа да, жынысқа да қарамайтынын, ең бастысы – ерік-жігер мен денсаулыққа деген ұмтылыс екенін айқын дәлелдеді. Жанкештілігі мен белсенділігі үшін екі қатысушыға да қаладағы танымал кофеханадан 5000 теңгелік арнайы сертификаттар табыс етілді.

Өткізілген велотурнир қаламызда дене шынықтыру мен спортты серік еткен белсенді ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетіп, жастарды саламатты болашаққа жетелейтін маңызды бастама болды.

Марал Шахаева.
Суретті түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …