Соңғы кездері әлеуметтік желілерде еліміздегі конституциялық реформаға қатысты теріс пікірлер де тарап жүр. Ең сорақысы, кейбір жазбалар елдің бетін бұрып, бірлігімізді шайқалтатын арандатушылық сипатта болып отыр. Жуырда осындай бір хабарламаны көзіміз шалды. Онда Қазақстанды сырт күштердің бақылауына беру үшін референдум ұйымдастырылуы мүмкін деген жалған ақпарат таратылып, «ел хабардар болсын, бұл мәліметті 20-30 топқа таратыңдар» деп үндеу жасалған.
Бірақ біз мұндай арандатушылыққа алданып қалмауымыз керек. Биыл Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын атап өтіп отырмыз. Сол жылдар ішінде біз кешегі «Мызғымас одақтан» шығып, өз мемлекетімізді құруға бел будық. Осы тәуелсіздіктің арқасында еліміз тыныштыққа, бірлікке және тұрақтылыққа қол жеткізді.
Тарихымызды ойға алсақ, бабаларымыз да ел бірлігін әркез басты құндылық санап, оны қорғауға үлес қосқан. Мысалы, Көшпелі халықтарымыздың дәстүрінде «төрт түлік малды, жерді және ата-баба рухын бірге қорғау – қауымның амандығы» деп түсіндірілген. Ата-бабамыз бірігіп жаудан қорғаған, қиын кезеңдерде елді құтқарған тәжірибелері бізге сабақ болып тұр. Сол бірлік пен татулықтың арқасында ғана біз өз дәстүрімізді, жерімізді, мәдениетімізді сақтап қалдық.
Жат пиғылдылардың мақсаты – еліміздегі тыныштықты бұзып, бірлігімізді шайқалуына жол ашу. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттердің салдарынан тарихта қаншама рет халықтың басы бәйгеге тігіліп, елді байлау мен талай сынаққа душар болған емес пе? Сондықтан қазіргі уақытта да абай болуымыз қажет.
Елдің мызғымас бірлігін қамтамасыз ету, мемлекеттік рәміздеріміз бен жерімізді қорғау үшін жаңа Конституцияны түзу қолға алынды. Бұл құжат мемлекеттің негізгі заңдары ретінде елдің егемендігін, территориялық тұтастығын және халықтың құқықтарын қорғайтын негіз болып табылады. Жеріміз бен оның қойнауындағы байлықтар да, оны мекендеген халық та мемлекет қорғауында екені анық жазылған.
Сондықтан әрбір азаматты осындай жалған ақпарат пен арандатушылыққа алданып қалмауға шақырамыз. Ел бірлігі – ең басты байлық. Бабаларымыздың жолын жалғастырып, туған жерімізді, тәуелсіздігімізді және бірлігімізді қорғау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Елді жат пиғылдылардан қорғау – бір ғана заңмен емес, әрбір азаматтың саналы, түсінікті және біртұтас әрекетімен жүзеге асады. Бірлік пен татулықты сақтайық, елімізді болашаққа аманаттайық!
Сайып келгенде, жалған ақпарат тарату және оған еліктеу тек қоғамның тыныштығын шайқап қана қоймай, заң алдында да жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары бойынша арандатушылық әрекеттер, жалған мәлімет тарату немесе қоғамда дүрбелең туғызу қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат ақпаратты тек ресми көздерден алып, тексерілмеген хабарламаларға сенбеуі қажет.
Ізтай Бейсенбаев.
«Шарайна» газетінің бас редакторы.
