«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Сәтбаев қалалық мүшелері Жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында қаладағы Абай атындағы №4 мектеп-лицей ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді. Ашық форматта өткен жиын білім саласы қызметкерлерінің пікір алмасуына мүмкіндік беріп, конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылауға арналды.
Кездесу барысында қалалық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының басты қағидаттарын жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, білім беру саласының дамуына құқықтық негіз қалыптастыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Мектеп ұжымы жаңа реформалардың қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтудағы рөліне тоқталып, өз ұсыныстарын білдірді. Педагогтар білім сапасын арттыру, мұғалім мәртебесін қорғау, жастардың құқықтық сауатын көтеру бағытында нақты ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Мұндай ашық пікір алмасу форматындағы кездесулер халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға және конституциялық өзгерістерге деген түсінігін тереңдетуге ықпал етеді.
Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық құжат екенін атап өтті. Онда мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік, заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік секілді негізгі құндылықтар көрініс тапқан.
Қалалық коалиция өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта да қала тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. Бұл шаралар Жаңа Конституция жобасының мазмұнын кеңінен түсіндіруге және тұрғындардың пікірін ескеруге бағытталады.
Жалпы, Абай атындағы №4 мектеп-лицей ұжымымен өткен кездесу – қоғаммен ашық диалог орнатудың, білім саласы қызметкерлерінің ұсыныстарын назарға алудың және конституциялық реформаны түсіндірудің тиімді үлгісі болды. Мұндай кездесулер Сәтбаев қаласында жүйелі түрде жалғасып, әрбір азаматтың жаңа өзгерістердің мәнін терең түсінуіне мүмкіндік бермек.
Ізбасар Ойбас.
