Жақында Сәтбаев қаласында оқушылар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды жоба – Ұлттық мектеп лигасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараны қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі, спортты дамыту орталығы және білім бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Ұлттық мектеп лигасының басты мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты кеңінен насихаттау, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру және олардың спорттық шеберлігін шыңдау.
Лига аясындағы спорттық жарыстар бір оқу жылы бойы ұйымдастырылып, оқушылар спорттың 9 түрінен бақ сынайтын болады. Атап айтқанда, үлкен футбол, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық, шахмат, футзал, үстел теннисі және жеңіл атлетика бойынша жарыстар өткізіледі. Спорттық додалар 5-6 сынып, 7-8 сынып және 9-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып, әр жас санатындағы спортшылар өз мектептерінің намысын қорғап, шеберліктерін ортаға салады.
Ұлттық мектеп лигасы – оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың бойында командалық рух, жауапкершілік, тәртіп, өзара қолдау және жеңіске деген жігер сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға ықпал ететін ауқымды спорттық жоба. Жарыстар барысында оқушылар өзара тәжірибе алмасып, спорттық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, мектеп оқушыларының арасынан болашағынан үміт күттіретін жас спортшыларды анықтап, олардың спорттағы жетістіктеріне жол ашу да – лиганың маңызды бағыттарының бірі.
Алдағы уақытта лига аясындағы жарыстар Сәтбаев қаласының мектептерінде жүйелі түрде өткізіліп, оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосады.
Өз тілшіміз.
Шарайна
