Қалада ҚР Конституциялық комиссиясының мүшесі, Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков қатысуымен ақсақалдар мен жастардың кездесуі өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған жиын жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіруге, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталды.
Кездесу барысында спикерлер конституциялық өзгерістердің ел дамуына қосатын үлесін жан-жақты тарқатты. Атап айтқанда, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету – реформаның басты мақсаты екені айтылды.
Бекзат Алтынбеков өз сөзінде жаңа Конституция тек құқықтық құжат емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағыт беретін стратегиялық негіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтық жауапкершілік сияқты негізгі құндылықтар айқын көрініс тапқан.
Жиында сөз алған ақсақалдар ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықтың маңызына тоқталып, жастарға тағылымды ойларын жеткізді. Олар кез келген реформаның табысты болуы халықтың ауызбіршілігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды сақтау мен құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері қозғалды.
Кездесуде жастар белсенділік танытып, жаңа реформаларға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Олар мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі, жастар саясатының құқықтық негізін күшейту, білім мен еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктер туралы ойларын ортаға салды.
Ашық диалог форматында өткен жиын ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, конституциялық құндылықтарды түсіндіруге үлкен мүмкіндік берді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейдегі сұрақтарына нақты жауап алды.
Мұндай кездесулер қоғамдағы бірлік пен келісімді бекемдеуге, азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және жаңа Конституцияның мазмұнын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да осындай мазмұнды жиындар жалғасып, тұрғындармен тұрақты түрде кездесу жоспарланған.
Жалпы, ақсақалдар мен жастардың басын қосқан бұл кездесу – ұрпақтар арасындағы сабақтастықты күшейтіп, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бастама болды.
Аманкелді Ақшал.
