Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 15-20 тамыз аралығында Сәтбаев қаласының аумағында «Назар аударыңыз, балалар!» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараға қалалық прокуратура, білім бөлімі, қамқоршылық және қорғаншылық орган өкілдері, сондай ақ мобильді топ мүшелері мен полиция қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында жауапты мамандар балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды жан-жақты зерделеп, профилактикалық есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасыларды назарға алды. Полиция бөлімінде профилактикалық есепте тұрған отбасылардың тұрмыстық жағдайы тексеріліп, ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігіне баса мән берілді. Сонымен қатар, ата-аналар мен жасөспірімдерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне жол бермеу, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау және алкогольдік ішімдіктерді қолданудың алдын алу мәселелері бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша – 1, 442-бабының 2-бөлігі бойынша – 18, 127-бабының 3-бөлігі бойынша – 4, 132-бабының 1-бөлігі бойынша – 1 және 440-бабының 2-бөлігі бойынша – 1 әкімшілік хаттама рәсімделді.
«Назар аударыңыз, балалар!» акциясының негізгі ерекшелігі – құқық қорғау органдарының ғана емес, бала тағдырына жауапты барлық мемлекеттік құрылымдардың бірлесіп жұмыс істеуі. Себебі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек полицияның міндеті емес. Бұл бағытта ата-ана, білім беру ұйымдары, қамқоршылық органдары, прокуратура және қоғам өкілдерінің өзара ықпалдастығы аса маңызды.
Сәтбаев қаласы ПБ ҚҚБ ЮПТ аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Медет Сейтмағамбетов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, мұндай профилактикалық жұмыстардың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі зор екенін атап өтті.
– Баланың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін олармен ғана емес, ең алдымен ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын, бос уақытын қалай өткізетінін білуі тиіс. Профилактикалық іс-шаралардың мақсаты – тек құқық бұзушылықты анықтап, шара қолдану емес, оның алдын алып, отбасыға дер кезінде көмек көрсету. Сондықтан біз есепте тұрған отбасыларды тұрақты бақылауда ұстап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басымдық береміз, – деді полиция майоры.
«Назар аударыңыз, балалар!» республикалық іс-шарасы осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып қана қоймай, бала қауіпсіздігіне бейжай қарамау керектігін тағы бір мәрте көрсетті. Өйткені әр баланың алаңсыз балалық шағы мен қауіпсіз ортасы – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Марал Шахаева.
Шарайна
