«Қазақмыс» корпорациясы өзі жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік жауапкершілік аясында денсаулық сақтау жүйесін қолдауды жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде Жезқазғандағы медициналық қызметтің сапасы артып, тұрғындар үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі кеңейіп отыр.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында кардиохирургиялық қызметті дамыту. Соңғы жылдары орталықта жүрекке күрделі операциялар жасауға мүмкіндік беретін жаңа кезең басталды. 5–7 наурыз күндері медициналық орталықта жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр диагноздары бар пациенттерге кезекті кардиохирургиялық операциялар жасалды. Операциялар еліміздің жетекші мамандарынан құралған University Medical Center (UMC) командасының қатысуымен өткізілді. Сонымен қатар бұл жұмыстар Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолдауымен жүзеге асырылуда.
2026 жылы «Қазақмыс» корпорациясы кардиохирургиялық қызметті дамытуға және жоғары мамандандырылған операцияларды жүргізуге 447 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы медициналық орталықтың материалдық-техникалық базасын күшейтіп, күрделі операцияларды бұрынғыдай республикалық ірі клиникаларға жібермей-ақ, жергілікті жерде жасауға мүмкіндік берді. Бүгінгі күнге дейін медициналық орталықта 16 аортокоронарлық шунттау (АКШ) операциясы сәтті орындалды. Бұл – Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен жетістік. Себебі жүрек-қантамыр аурулары – еліміздегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Маңыздысы – аталған операциялардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізіледі. Яғни өңір тұрғындары жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін ала алады. Бұл тұрғындардың сапалы ем алуға деген мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді.
Кардиохирургиялық қызметтің дамуы өңір медицинасына бірнеше маңызды нәтиже береді. Біріншіден, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, пациенттердің басқа облыстарға барып емделу қажеттілігі азаяды. Үшіншіден, Ұлытау облысының тұрғындары үшін заманауи медициналық технологиялар қолжетімді бола түседі. Сонымен қатар өңірде қуатты кардиохирургиялық қызметтің қалыптасуы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерінің денсаулығын қорғауда да маңызды рөл атқарады. Өнеркәсіп саласында еңбек ететін азаматтардың денсаулығын сақтау – өңірдің әлеуметтік тұрақтылығы үшін аса маңызды факторлардың бірі.
Бұл бағыттың дамуы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы медициналық қызметтерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етіп, Жезқазған медициналық орталығының облыстық кардиологиялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ізтай Белгібайұлы.
