Пятница, 30.10.2026

ЦИФРЛЫҚ КЕҢІСТІКТЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Бүгінгі таңда электронды коммерция мен онлайн сауданың қарқынды дамуы отандық кәсіпкерлерге жаңа серпін беруде. Осы орайда Сәтбаев қаласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен олардың іскерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асырылды.

«Кәсіпкер әйел» жобасы аясында, қала әкімдігінің қолдауымен және Ұлытау облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен шілде айының 16-сы мен 29-ы аралығында арнайы «Маркетплейс» курсы өтті. Іскерлік дағдыларды дамытуға бағытталған бұл білім беру бағдарламасы кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан азаматтардың цифрлық ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, заманауи сауда тәсілдерін меңгеруіне кең жол ашты.

Оқу барысында қатысушылар маркетплейстерде жұмыс істеудің негізгі қағидаларын, интернет арқылы тауарды ілгерілету жолдарын, клиенттермен тиімді байланыс орнату ерекшеліктерін және онлайн-бизнесті жүргізудің практикалық қырларын терең меңгерді. Алған білімдері түлектерге өз бизнесін дамытуға, сату нарығын кеңейтуге және бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.

Жобаның аяқталуына орай өткен аптада Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада салтанатты шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиында оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған 25 түлекке арнайы Сертификаттар табысталды. Бұл қуанышты сәтте сертификаттарды Ұлытау облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Маржан Жауен мен Сәтбаев қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Айжан Маманова табыс етті.

Салтанатты шарада сөз алған Палата директорының орынбасары Маржан Абдрашитқызы түлектерді құттықтай келе, «Кәсіпкер әйел» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай білім беру бағдарламалары әйел кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, бизнесте заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға оң ықпал ететінін атап өтті. Өз кезегінде Айжан Шарипуллаевна әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жергілікті атқарушы органдардың басым бағыттарының бірі екенін айтып, мұндай жобалардың нәтижелі дамуға зор үлес қосатынын жеткізді.

Курс түлектері де өз кезегінде Сәтбаев қаласының әкімдігі мен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасына онлайн-маркетинг және электрондық коммерция саласында қажетті білім алуға мүмкіндік жасағандары үшін шынайы алғыстарын білдірді. Қатысушылардың айтуынша, олар оқу барысында алған білімдерін бірден тәжірибеде қолдана бастаған. Тіпті кейбірі маркетплейстер арқылы алғашқы тапсырыстарын қабылдап, табыс таба бастағандарын қуанышпен жеткізді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл курс барысында алған теориялық білім мен практикалық дағдылар әйелдер кәсіпкерлігінің цифрлық ортада одан әрі дамып, қанат жаюына берік негіз болады.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …