Пятница, 30.10.2026

ҚОЛДАУДАН – ӨНДІРІСКЕ ДЕЙІН. «ДАМУ» ҚОРЫ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

Кәсіпкерліктің дамуы – экономиканың тұрақтылығы мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды факторларының бірі. Әсіресе шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруға қолжетімділік, кепілдік мәселесі және жобаларды сүйемелдеу секілді құралдар бизнестің дамуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта Қазақстандағы кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры.

Жақында аталмыш қордың Ұлытау облысындағы филиалы баспасөз турын ұйымдастырып, өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының нақты нәтижелерін көрсетті. Іс-шараның басты мақсаты – кәсіпкерлерге ұсынылатын мүмкіндіктерді түсіндірумен қатар, осы тетіктер арқылы өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған кәсіпорындардың тәжірибесін таныстыру болды.

Қаржылық қолдау – кәсіпкерлікті дамытудың негізгі факторы

«Даму» қоры бизнесті қолдауды үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырады. Оның бірі – жеңілдетілген қаржыландыру, екіншісі – несие бойынша кепілдік беру, үшіншісі – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Бұл құралдар кәсіпкерлер үшін қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ұлытау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Арман Серикұлы Менжесаровтың айтуынша 2025 жылы еліміз бойынша 13 мың кәсіпкерлік жоба жалпы сомасы 2,2 триллион теңгеге қолдау тапқан. Ал Ұлытау облысында 2022 жылдан бері мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 2,2 мың кәсіпкерлік жоба қамтылып, олардың жалпы қаржыландыру көлемі 77,2 млрд теңгені құрады.

Бұл көрсеткіш өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе өндірістік бағыттағы жобалардың үлесі жоғары болуы облыс экономикасында нақты сектордың маңызын айқындайды.

Арман Серикұлы өз сөзінде қордың қолдау тетіктерін де тарқата айтып берді.

– Кәсіпкерлер үшін қолжетімді қаржыландыру құралдарының бірі – «Өрлеу» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы. Бағдарлама инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және бұрынғы қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер 7 млрд теңгеге дейін қаржы ала алады, ал несие мерзімі 10 жылға дейін қарастырылған. Ұлытау облысында бағдарлама іске қосылған уақыттан бері 27 жобаға 2,3 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Мұндай бағдарламалардың ерекшелігі – кәсіпкерлерге тек айналым қаражатын толықтыруға емес, өндірісті жаңғыртуға, жаңа құрал-жабдық сатып алуға және бизнестің ұзақ мерзімді дамуына мүмкіндік беруінде.

Көптеген кәсіпкерлер үшін жобаны жүзеге асыру барысында негізгі қиындықтардың бірі – жеткілікті кепілдік қамтамасыз етудің болмауы. Осы мәселені шешу мақсатында «Даму» қоры кепілдік беру құралдарын да іске асыруда. 2026 жылдың басынан бері Ұлытау облысында кредиттік портфелі 3,6 млрд теңгені құрайтын 36 кепілдік келісім жасалған. Оның ішінде Қор кепілдігінің жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге жеткен. Кепілдік тетігінің маңызы – кәсіпкердің бизнес-жоспары мен жобасының әлеуеті болған жағдайда, кепіл мүлкі жеткіліксіз болса да қаржы тарту мүмкіндігін кеңейтуінде.

Өңірлердегі шағын және микробизнесті дамыту үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама кәсіпкерлерге 200 млн теңгеге дейін қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты ерекшелігі – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы кәсіпкер үшін несие жүктемесін азайту. Ұлытау облысында осы бағыт бойынша жалпы сомасы 953 млн теңгені құрайтын 13 жоба іске асырылған. Бұл бастама шағын кәсіп иелеріне өндірісін кеңейтуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Филиал директорының айтуынша қолдау тек қаржыландырумен шектелмейді екен. Кәсіпкерлікті дамытуда ақпараттық және консультациялық қолдау да маңызды рөл атқарады. Осы бағытта «Даму» қорының мобильді фронт-офис жобасы жүзеге асырылуда. Жоба кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын тікелей аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде алуға мүмкіндік береді. Ұлытау облысында мобильді фронт-офис 31 рет көшпелі кездесу өткізіп, 2 аудан, 2 моноқала және 27 ауылды қамтыған. Кәсіпкерлерге 227-ден астам кеңес берілген. Бұл тәжірибе өңірлердегі кәсіпкерлер үшін маңызды мәселені – мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпаратқа қолжетімділікті шешуге бағытталған.

Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалдары

Баспасөз туры барысында журналистер мемлекеттік бағдарламалар арқылы дамып жатқан үш кәсіпорынның жұмысымен танысты. Соның бірі – «ПИК Ютария LTD» ЖШС.

«ПИК Ютария LTD» ЖШС – өндірістік бағыттағы табысты жобалардың бірі. Компания Жезқазған қаласында заманауи автоматтандырылған тігін фабрикасын іске қосып, 350 жұмыс орнын ашқан. Кәсіпорын өнеркәсіп, құрылыс, көлік және коммуналдық салаларға арналған арнайы киімдер өндіреді. 2026 жылы компания кепілдік қоры арқылы мемлекеттік қолдау алған.

Бақ өкілдері атбасын тіреген екінші кәсіпкерлік нысан  жеке кәсіпкер Олег Ярмак жүзеге асырған қонақүй кешені жобасы болды. Жезқазған қаласының туристік және іскерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұл кешеннің ашылғанына бірер аптадай ғана уақыт болы. Әйтсе де қонақ үйге келушілер қатары қазірдің өзінде көбейіп тұр. Заманауи қонақүй 40 нөмірге есептелген және 22 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Жоба субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы қолдау тапқан.

Үшінші нысан – «Стоматология Плюс» ЖШС. Іске асырған «Estem.zheq» клиникасын дамыту жобасы медициналық қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерліктің үлгісі болды. Компания «Өрлеу» бағдарламасы арқылы заманауи жабдықтар сатып алып, қызмет көрсету аясын кеңейткен. Нәтижесінде 17 жаңа жұмыс орны ашылған. Мұнда тіс жұлудан бастап емдеудің бірнеше түрі, заманауи тіс салу тәсілдері жүзеге асырылады.

Сайып келгенде, Ұлытау облысындағы кәсіпкерлік жобалар тәжірибесі мемлекеттік қолдау құралдарының тек қаржылық көмек емес, экономикалық белсенділікті арттыратын кешенді механизм екенін көрсетеді. Қаржыландыру, кепілдік беру, субсидиялау және консультациялық сүйемелдеу сияқты құралдар кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірдегі өндіріс, қызмет көрсету және жұмыспен қамту салаларының дамуына ықпал етеді.

«Даму» қорының тәжірибесі көрсеткендей, кәсіпкерлікті қолдау – бұл тек жеке бизнестің өсуіне жағдай жасау емес, сонымен қатар өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық бағыт.

Ізтай Белгібайұлы.

 

 

Проверьте Также

ТӨРТ АДАМНЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛҒАН ЖЕЗҚАЗҒАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙ «ЕРЛІГІ ҮШІН» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Жезқазған қаласы Полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. …