Пятница, 30.10.2026

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ӘКІМШІЛІК РАҚЫМШЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗГІ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Ұлытау облысы, 2 қыркүйек 2026 жыл.

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2026 жылғы әкімшілік рақымшылыққа қатысты брифинг өтті. Іс-шара барысында Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және Байланыс-орталығы бөлімінің басшысы Бижаксин Сырым Серикович заңның негізгі талаптарын түсіндірді.

2026 жылғы 2 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты әкімшілік рақымшылық жасау туралы заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, азаматтар мен кәсіпкерлердің жекелеген санаттары заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін орындалмаған немесе ішінара орындалған әкімшілік айыппұлдардан босатылады.

Рақымшылық Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылуы мүмкін.

Мемлекеттік кірістер саласында рақымшылық салық заңнамасын бұзу, салық есептілігін ұсыну мерзімдерін бұзу, бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзу және мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын бірқатар өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдарға қатысты қолданылуы мүмкін.

Бұл ретте әкімшілік айыппұл сотпен емес, уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғасымен салынуы тиіс. Сондай-ақ заң күшіне енген күнге айыппұл толық орындалмаған немесе ішінара орындалған болуы қажет.

Сонымен қатар заңда рақымшылық қолданылмайтын жағдайлар нақты белгіленген. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабында көзделген салық салу объектілерін және өзге де мүлікті жасыру, 277-бабында көзделген салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ 278-бабында көзделген салықтар мен өзге де міндетті төлемдер сомаларын төмендетуге байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды. Сот тағайындаған әкімшілік жазалар да рақымшылық шеңберіне кірмейді.

Маңыздысы – рақымшылық салық берешегін есептен шығаруды білдірмейді. Салықтар бойынша негізгі берешек және бюджетке төленуге тиіс өзге де міндетті төлемдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтелуге тиіс.

Бижаксин Сырым Сериковичтің айтуынша, рақымшылықты қолдану үшін азаматтар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік кірістер органдарына арнайы өтініш берудің қажеті жоқ. Заңда көзделген рәсімдер автоматтандырылған тәртіппен жүзеге асырылады. Рақымшылыққа жататын айыппұлдар бойынша тиісті қаулыларды орындау және атқарушылық іс жүргізу заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылуға жатады.

Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерді әкімшілік рақымшылық пен салық берешегін есептен шығарудың аражігін ажыратуға және өздеріне қатысты әкімшілік айыппұлдардың рақымшылық талаптарына сәйкестігін нақтылауға шақырады.

Проверьте Также

ҚАЛА ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапарымен Сәтбаев қаласына келіп, бірқатар әлеуметтік нысанның жай-күйімен, құрылыс …