Сәтбаев қаласы Б. Бұлқышев атындағы Орталық кітапхананың холында дәстүрлер мен заманауи цифрлық технологияларды үйлестірген «Конституциялық реформа – жаңа құқықтық кеңістік» атты ақпараттық-танымдық локация безендірілді.
Локацияның орталық элементі – мазмұнды оқуға арналған жайлы бұрыш. Мұнда әрбір келуші журнал үстелінде ұсынылған энциклопедия, жарнамалық парақтармен танысып, QR-код арқылы Конституцияның ресми жобасын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің немесе Президенттің ресми сайтынан қарауға мүмкіндік алады.
Көрме жаңа өзгерістердің маңыздылығын түсінуге, Конституция жобасымен жан-жақты танысуға бағытталған. Сонымен қатар, 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға арналған ақпарат алмасу мен сұхбат жүргізу үшін интерактивті алаң да ұйымдастырылған.
Локация төріндегі экранда жасанды интеллект арқылы әзірленген бейнематериалдар ұсынылған. Онда Тәуке ханның бейнесі адам рухын оятатындай, салтанатты әрі жігерлі стильде көрсетіледі. Аспан түстес көгілдір матамен безендірілген көрме ой-ниеттің тазалығын, бірлікті бейнелейді және дауыс беру кезінде әрбір дауыстың құндылығын еске салады.
Аманкелді Ақшал.
