Пятница, 30.10.2026

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕЛІ БЕЛЕСІ

Ұлт тарихында елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттіліктің жаңа белесін айқындайтын ерекше күндер болады. Республика күні – сондай қастерлі мерекелердің бірі. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа ұмтылған асқақ рухын, елдік жолындағы тарихи таңдауын және болашаққа деген сенімін айшықтайтын маңызды дата.

1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдануы Қазақстанның дербес мемлекет болуға бағыт алған тарихи қадамын айқындады. Содан бері еліміз талай белесті артқа тастап, әлемге танылған мемлекетке айналды. Бүгінгі жетістіктеріміз – халқымыздың бірлігі мен табанды еңбегінің жемісі.

Егемендіктің айқын көріністерінің бірі – өңірлердің өркендеуі. Ұлытау облысының құрылуы – қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі саналатын қасиетті өлкенің жаңа даму кезеңіне қадам басуы. Бұл тарихи аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашты. Ал халқымыздың саны 20 миллион межесіне жетуі – демографиялық әлеуетіміздің артып, ел болашағына деген сенімнің нығайғанын білдіретін қуанышты көрсеткіш. Ендігі міндет – осы өсімге сай ұрпаққа сапалы білім, лайықты өмір сүру жағдайы мен жарқын болашақ қалыптастыру.

Соңғы жылдардағы саяси реформалар да мемлекеттілігімізді нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Конституциялық өзгерістер, Құрылтай институтының қалыптасуы, Қазақстан халқ Кеңесінің қызметі мен қоғамдық диалогтың дамуы – ел басқару жүйесін жетілдіруге деген ұмтылыстың көрінісі. Алдағы жергілікті мәслихаттар сайлауы да азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттырып, өңірлердің дамуына ықпал ететін маңызды кезең болмақ. Мұндай өзгерістердің нәтижелі болуы заң үстемдігіне, халық сеніміне және әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты.

Осынау жетістіктердің берік негізі – еліміздегі тыныштық, халықтар арасындағы татулық пен бірлік. Тұрақтылық пен өзара құрмет бар жерде даму да, жаңғыру да нәтижелі болады. Сонымен қатар ана тілімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу – елдігімізді нығайтудың маңызды шарты.

Республика күні – өткенге тағзым етіп қана қоймай, бүгінгі жетістіктерімізді бағалап, ертеңгі міндеттерімізді саралайтын мереке. Елдің болашағы әр азаматтың адал еңбегі мен ортақ іске қосқан үлесіне байланысты. Сондықтан бейбітшілігімізді бағалап, бірлігімізді бекемдеп, мемлекетіміздің өркендеуі жолында еңбек ету – баршамыздың азаматтық парызымыз.

Елдің ең үлкен байлығы – бейбітшілік, ең берік тірегі – бірлік, ең асыл мұраты – тәуелсіздік. Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, егемендігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын болғай!

Ізтай Бейсенбаев.
«Шарайна» газетінің бас редакторы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …