Пятница, 30.10.2026

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық палатасының шақыруымен халықаралық конференцияға қатысу және ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе алмасу мақсатында Қытайға барды. Делегация құрамына өңірдегі шаруа қожалықтарының құрылтайшылары, сондай-ақ Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді.

Форум қытайлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің озық тәжірибесін зерделеуге, іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытудың перспективалы бағыттарын айқындауға бағытталды. Делегация мүшелері Қытайдағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметімен танысып, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру ерекшеліктерін және фермерлік бизнесті жүргізудің заманауи тәсілдерін зерделеді.

Жерлестеріміздің айтуынша, сапар барысында алған білімдері мен практикалық тәжірибелерін алдағы уақытта өз қызметтерінде қолдануды жоспарлап отыр.

«Көктөбе» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы, Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің төрайымы Гүлназ Омарованың айтуынша, мұндай іскерлік миссиялар Қазақстан мен Қытайдың іскерлік топтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылады.

Іс-шара бағдарламасы Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі қытайлық компаниялармен мақсатты B2B келіссөздер жүргізуді, жеткізушілер мен серіктестер іздеуді, экспорттық жеткізілімдерді дамытуды және бірлескен жобаларды іске асыруды қамтыды.

Қытай тарапы басым бағыттар ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, жаңа материалдар өндірісін, энергетика мен минералдық ресурстарды игеруді, жасыл химияны және машина жасауды белгіледі. Қазақстандық компаниялардың Қытай нарығына шығуына, әлеуетті сатып алушыларды табуына және ұзақ мерзімді іскерлік байланыстар орнатуына ерекше назар аударылды.

«Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін осындай форматтағы халықаралық іс-шараларға қатысу шетелдік әріптестердің практикалық тәжірибесін меңгеруге ғана емес, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға да үлес қосуға мүмкіндік береді. Жинақталған білім мен орнатылған іскерлік байланыстар фермерлік шаруашылықтарды дамытуға жаңа тәсілдерді енгізуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және жергілікті аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға негіз бола алады», – деп атап өтті «Искендиров» шаруа қожалығының құрылтайшысы Иманқұл Искендиров.

Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл заманауи өндірістік тәсілдерді зерделеуге, әлеуетті серіктестер табуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

Проверьте Также

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕҢСЕЛІ БЕЛЕСІ

Ұлт тарихында елдің еңсесін көтеріп, мемлекеттіліктің жаңа белесін айқындайтын ерекше күндер болады. Республика күні – …