Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы» Заңын іске асыру және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының аясында Ұлытау облысы Полиция департаментінің барлық қала және аудан полиция бөліністерінде «Профилактикалық кабинеттер» өз жұмысын бастады.Бұл кабинеттер – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін жазалау емес, мәселенің алдын алуға, сондай-ақ әлеуметтік тәуекелдерді азайтып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірегей жоба.
Осындай арнайы кабинеттердің бірі жақында Сәтбаев қаласының Полиция бөлімінде де ашылды. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Дархан Мұқан, Ұлытау облысы Полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Қожабеков, прокуратура мен білім бөлімінің өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік және психологиялық орталықтардың мамандары қатысты.
– Бүгінгі ашылып отырған кабинеттер құқық бұзушылықтың салдарымен емес, оның себептерімен жұмыс істеуге бағытталған. Профилактика – бұл тек заң бұзушылықты тоқтату емес, бұл – адамға қамқорлық. Көмек неғұрлым ерте көрсетілсе, азаматтың қылмыс жолына түспеу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады. Сондықтан біздің міндетіміз – қиын жағдайға тап болған кез келген азаматқа бірлесіп құқықтық, әлеуметтік, рухани, материалдық, психологиялық көмек көрсету. Бір сөзбен айтқанда құқықтық көмек қажет ететін мұқтаж адамдардың мәселесін бірігіп шешу. Қарапайым тілмен, жылы қарым-қатынаспен адамның тағдырына ықпал ету. Осындай мемлекет пен қоғам арасындағы ашық іс-қимыл тетіктері ғана заңдылықтың, тәртіптің және қоғамдық қауіпсіздіктің орнықты жүйесін қалыптастыра алады, – дейді Ұлытау облысының ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Наурызбайұлы.
