Аптаның басында Сәтбаев қаласындағы жылумен және сумен жабдықтау кәсіпорнының мәжіліс залында қалалық мәслихаттың экономикалық реформа, бюджет, коммуналдық шаруашылық және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде қала тіршілігінің күретамыры саналатын инженерлік желілердің техникалық жай-күйі, көрсетілетін қызмет сапасы және алдағы жаңғырту жоспарлары қаралды.
Отырыс барысында «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС директоры Е.Тоқымбаев атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Кәсіпорынның негізгі міндеті – қаланы жылумен, ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету және сарқынды суларды бұру. Қазіргі таңда Сәтбаев қаласындағы инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 766,7 шақырымды құрайды. Алайда желілердің тозу деңгейі алаңдатарлық: жылу желілері – 54,64%, су құбыры – 74%, ал кәріз жүйелері 85 пайызға дейін жеткен. Бұл – коммуналдық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту қажеттігін айқын көрсететін көрсеткіш.
2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 50,3 шақырым инженерлік желі жөнделіп, бірқатар апатты учаскелер қалпына келтірілді. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде арнайы техника паркі жаңартылып, апаттық жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігі артты. Бұл өз кезегінде қызмет сапасын жақсартуға және жөндеу жұмыстарын жеделдетуге ықпал етуде.
Комиссия мүшелері коммуналдық саладағы оң өзгерістерді атап өткенмен, инфрақұрылымның жоғары деңгейдегі тозуы жүйелі жұмысты талап ететінін айтты.
Жиын барысында халық қалаулылары тұрғындардан түсіп жатқан арыз-шағымдарға ерекше тоқталды. Әсіресе, қыс мезгілінде жылудың уақытша тоқтатылуы, құбырларды ауыстыру кезінде жылу қысымының төмендеуі тұрғындарды алаңдатып отырғаны айтылды. Кейбір шағынаудандарда жылу мөлшерінің жеткіліксіздігі әлеуметтік тұрғыдан сезілетін мәселе екені атап өтілді.
Мекеме басшылығы бұл жағдайдың негізгі себебі – желілердің тозуы екенін жеткізді. Қазіргі таңда ең қауіпті учаскелер кезең-кезеңімен ауыстырылып жатыр. Мамандардың айтуынша, ауа райы жылынғаннан кейін қысымы төмен аймақтардағы ақаулар толық жөнделіп, жылу беру қалыпқа келтіріледі.
Сонымен қатар тариф мәселесі де сөз болды. Кәсіпорын басшысы жылу мен су тарифтері бұрынғы деңгейде сақталғанын, бағаның өсуі қосымша құн салығының артуымен байланысты екенін түсіндірді. Бұл жағдай тұрғындар арасында түсінбеушілік туғызғандықтан, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Жиында алда тұрған жоспарлар да егжей-тегжейлі айтылды. Ержан Тоқымбаевтың айтуынша, 2026–2027 жылдары 63,2 шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл – тозу деңгейін төмендетуге, апат санын азайтуға және қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Дегенмен, қазіргі жағдай толыққанды жаңғыртуға ұзақ мерзімді әрі ауқымды инвестиция қажет екенін көрсетіп отыр.
Комиссия мүшелері коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту мәселесі тұрақты бақылауда болатынын, халықты сапалы әрі тұрақты қызметпен қамтамасыз ету – басты міндет екенін атап өтті. Отырысқа қала әкімінің коммуналдық сала жөніндегі орынбасары А.Сыздыманов пен жауапты бөлім басшылары қатысып, көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді.
Көшпелі отырыс Сәтбаев қаласының коммуналдық шаруашылығында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетті. Атқарылған істер аз емес, алайда желілердің тозуы – саладағы негізгі түйткіл. Алдағы жоспарланған жаңғырту жұмыстары уақытылы әрі сапалы жүзеге асса, тұрғындардың өмір сапасы жақсарып, коммуналдық қызметтің тұрақтылығы арта түседі.
Қала тынысы – ең алдымен оның инженерлік инфрақұрылымының жағдайымен өлшенеді. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір шешім мен нақты қадам тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін ұмытпауымыз қажет.
Ізтай Белгібайұлы.
Тақырыпты тұздықтау
Ахмет Сыздыманов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:
– Иә, орын алған олқылықтар аз емес. Алайда оларды қалыпқа келтіруді бір ғана мекеменің мойнына артып қою дұрыс емес. Бұл жерде тұрғындар тарапынан да қолдау қажет. Қолдаудың ең бастысы – мамандар қойған талаптарды мүлтіксіз орындау. Жасыратыны жоқ, кейбір тұрғындар тозығы жеткен құбырлар мен жылу батареяларын ауыстыруға енжарлық танытады. Соның салдарынан көршілері зардап шегеді. Әр тұрғын өз мүлкіне жанашырлықпен қарап, өзіне тиесілі жұмысқа түсіністікпен қарауы тиіс. Әйтпесе КСК мен ПТВС мамандарының қолы байлаулы қалады.
Ғалымжан Нұрпейсов, қалалық мәслихат депутаты:
– Апаттық жағдайларға мамандар шыққан кезде сол аймақтан сайланған депутаттарды да бірге шақырса дұрыс болар еді. Қазір екіұшты пікірлер туындап жатады: әкімдік өкілдері «жұмыс қалпына келтірілді» дейді, ал тұрғындар бізге «мәселе шешілген жоқ» деп шағымданады. Осындай түсінбеушілік болмас үшін депутаттар да апат орындарына барып, жағдайды көзбен көріп, халықпен бірге болғаны жөн. Алдағы уақытта әкімдік бұл ұсынысты ескерсе деген ой бар.
Алтай Обайдлдинов, өндірістік-техникалық бөлім басшысы:
– Тұрғындар тарапынан да өрескел заңбұзушылықтар кездеседі. Әсіресе №6 шағынауданда кейбір пәтер иелері балкондарын тұрғын бөлмеге айналдырып, оған жылу желілерін тартып алған. Мұндай жағдай ленинградтық үлгідегі үйлерде де бар: лоджияны ас бөлмеге қосып, жылу жүргізіп қояды. Негізінде балкон мен лоджия – жылытылмайтын аймақ. Оларға жылу тарту үшін арнайы рұқсат пен техникалық шарт қажет, бірақ көп жағдайда ондай құжаттар жоқ. Соның салдарынан бүкіл үй бойынша жылу жетіспеушілігі орын алады.
