Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама еліміздің білім саласын жаңғыртудың жаңа кезеңін ашып, оқыту сапасын арттыру мен мектептерді цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді көздейді. Осы орайда Ұлытау облысының Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Төребеков өңір журналистемімен сұхбат өткізіп, Жарлықты жүзеге асыру жолында облыстағы мүмкіндіктер жайлы ой бөліскен еді.
– Қазақстан Республикасының Президенті орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті (ЖИ) енгізу жөніндегі Жарлыққа қол қойып, еліміздің білім саласын жаңғыртудың жаңа кезеңін бастады. Құжатта мектептерді цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оқыту сапасын арттыру және жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу мәселелері айқын белгіленген. Бұл бастама білім беру жүйесін халықаралық талаптарға бейімдеп, әрбір оқушыға сапалы әрі қолжетімді білім беру мақсатын көздейді.
Мектептегі білім берудің кешенді цифрлық трансформациясы
Білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау мектеп ортасының барлық негізгі бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейді. Бұл мектептердің техникалық инфрақұрылымын дамыту, заманауи цифрлық білім беру платформаларын енгізу және оқытудың әрбір балаға қажетті траекторияларына кезең-кезеңімен көшу бағыттарын қамтиды.
Жасанды интеллект технологияларын пайдалану әрбір оқушының жеке ерекшеліктерін, дайындық деңгейін және оқу материалын меңгеру қарқынын ескеруге мүмкіндік береді. Бұл оқу процесінің икемділігі мен тиімділігін арттырып, білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептерді техникалық жабдықтармен, оның ішінде тұрақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдану стандарттары бекітілуі тиіс.
Шағын жинақты ауыл мектептеріне ерекше назар
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде шағын жинақты ауыл мектептерін қолдау мәселесі айрықша назарда. Жарлықты іске асыру аясында Үкімет 2026 жылғы 1 маусымға дейін орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны жүзеге асыру және оны кейіннен кеңейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуі тиіс.
Аталған жаңашылдықтар қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған. Пилоттық жобаға еліміз бойынша 2600-ден астам шағын жинақты ауыл мектептерінің ішінен 500 мектеп қатысады. Бұл нақты жағдайларда ең тиімді цифрлық және жасанды интеллект шешімдерін сынақтан өткізуге, олардың білім сапасына және мектептерді басқару процестеріне әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша тиімді тәжірибелер барлық білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен масштабтандырылады. Мұндай тәсіл технологияларды өңірлік ерекшеліктерге, ең алдымен ауылдық аумақтардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуді қамтамасыз етеді.
Ұлытау облысында жасанды интеллект енгізу жұмыстары
Ұлытау облысында жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Облыстың 87 білім беру ұйымында ЖИ элементтері «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндері аясында, сондай-ақ пәндік оқыту барысында көмекші құрал ретінде қолданылуда.
Білім беру ұйымдарында Testter.kz (EdooX.com), BilimLand, Google Workspace for Education платформасындағы Gemini жүйесі, Roqed AI, Aqyl AI платформалары пайдаланылып, оқушыларды ҰБТ, МОДО және халықаралық зерттеулерге (PISA, TIMSS, PIRLS) даярлау жүзеге асырылуда. Платформалар арқылы оқу жетістіктерін талдау, білім олқылықтарын анықтау, жеке оқу траекториясын қалыптастыру және интерактивті цифрлық контент әзірлеу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Бұл білім сапасын арттырып, оқу процесінің тиімділігін күшейтуде.
Педагогтердің біліктілігін арттыру – басты назарда
Ұлытау облысында педагогтердің ЖИ технологияларын қолдану бойынша оқытылуы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Білім беруді цифрлық трансформациялау бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтерге білім беру үдерісінде ЖИ-ді тиімді пайдалану бойынша 3 000 педагогке оқыту ұйымдастырды.
Сонымен қатар «USTAZGA AI» жобасы аясында AMANAT партиясымен бірлесіп 547 педагогке мамандандырылған біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Аталған курстар практикалық бағытта құрылып, ЖИ құралдарын сабаққа енгізу, инновациялық әдістерді қолдану және оқу үдерісінің цифрлық трансформациясын қамтамасыз етуге арналған.
Жалпы облыс бойынша 5 341 педагогтің 3 547-сі цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану бағыттары бойынша оқытудан өтті. Бұл көрсеткіш облыс педагогтарының 66 пайыздан астамын қамтиды. Педагогикалық кеңестер мен әдістемелік алаңдарда ЖИ қолданудың этикалық нормалары, деректерді қорғау талаптары және академиялық адалдық қағидаттары түсіндіріліп, оқу процесіне ЖИ элементтерін кезең-кезеңімен енгізу бойынша практикалық ұсынымдар берілуде.
Интернет сапасы – цифрлық білімнің негізі
Ұлытау облысының барлық 87 білім беру ұйымы интернет желісіне тұрақты түрде қосылған. 2025 жылы 46 мектеп пилоттық режимде Starlink жерсеріктік технологиясына қосылып, шамамен 150 Мбит/секунд жылдамдыққа қол жеткізді. Бұл шалғай ауыл мектептеріндегі оқушылардың сапалы цифрлық білім ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Сайып келгенде, білім беру жүйесін кешенді цифрлық трансформациялау – уақыт талабы. Жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану арқылы оқыту сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту және әрбір оқушыға сапалы білім беру мүмкіндігі кеңейе түседі.
Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан бастамалар білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Алдағы уақытта пилоттық жобалардың нәтижесі еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізіліп, цифрлық білім беру жүйесінің толыққанды моделі қалыптасады деп күтілуде.
Маратбек Туребеков,
облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары.
Жасанды интеллект – білім берудің жаңа кезеңі
Қазіргі таңда әлем жаңа цифрлық дәуірге қадам басып отыр. Технологиялық прогресс әр саланы өзгертуде, соның ішінде білім беру жүйесі ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу жөніндегі Жарлығы – еліміздің білім саласында жасалып отырған маңызды стратегиялық қадамдардың бірі болып табылады.
Бұл Жарлықтың басты мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыру, оқушыларға заманауи және жеке қабілеттеріне сай білім алуға мүмкіндік жасау. Жасанды интеллекттің көмегімен оқу процесін жетілдіру арқылы оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, болашақ мамандықтарға бейімделеді, сыни ойлау қабілеті дамиды және жаңа технологияларды еркін меңгереді.
Бастауыш сынып – баланың оқуға деген қызығушылығы қалыптасатын, білім негізі қаланатын кезең. Сол себепті жасанды интеллект мұнда ерекше маңызды рөл атқарады. Жасанды интеллект негізінде құрылған интерактивті оқыту құралдары балаларға күрделі тақырыптарды ойын арқылы түсіндіруге, жеке қабілеттеріне сай тапсырмаларды беруге, оқу материалын қайталау мен бекіту процесін жеңілдетуге, оқушының оқу жетістіктерін нақты талдау жасауға мүмкіндіктер береді.
Бұл тәсіл оқушылардың белсенділігін арттырып, әрқайсысына жеке жолмен білім алуға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, мұғалімдер үшін жасанды интеллект олардың уақытын үнемдеуге және шығармашылық жұмысқа көбірек көңіл бөлуге жол ашады. Мысалы, тапсырмаларды автоматты тексеру, оқушылардың деңгейін бағалау немесе қызықты оқыту материалдарын ұсыну арқылы ұстаздар балалармен жеке жұмыс жүргізуге артық уақыт бөле алады.
Әлемдік тәжірибеде дамыған елдер бастауыш сыныпта жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы балалардың логикалық ойлау, шығармашылық қабілет және цифрлық сауаттылығын ерте кезеңнен дамытады. Қазақстанда да бұл бастама оқушыларды халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, заманауи ойлайтын тұлға ретінде қалыптастыруға жол ашады.
Жасанды интеллект – тек болашақтың технологиясы ғана емес, қазіргі күннің қажеттілігі. Сондықтан оны білім беру жүйесіне енгізу – еліміздің білім саласына жасалған стратегиялық инвестиция. Білім мен технологияны ұштастыра білген ұлт ғана дамудың жаңа белестеріне қол жеткізе алады. Қазақстанның жарқын болашағы – білімді, жаңашыл және заманауи ойлайтын жастардың қолында.
Жанар Муратова.
Бастауыш сынып мұғалімі. №14 мектеп.
Шарайна
