Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы Сәтбаев қаласының өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін тәлімгерлік курстарын ұйымдастырды. Оқыту тәлімгерлер жұмысының тиімділігін арттыруға және жас мамандардың өндірісте сәтті бейімделуіне жағдай жасауға бағытталды.
Оқытуға «СПТВС» АҚ (Сәтбаев жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны), «Казцентрналадка» ЖШС, «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС кәсіпорындарының тәлімгерлері қатысты. Оқытуды Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, тренер-мультипликатор Маржан Жауен өткізді.
Курс барысында Маржан Абдрашитовна өндірістегі тәлімгерліктің мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ тәлімгерлер жұмысының ерекшеліктері туралы кеңінен айтып берді. Жас мамандардың бейімделу кезеңіндегі тәлімгердің рөліне ерекше назар аударылды.
Колледж түлектері үшін өндірістік кәсіпорын көбіне алғашқы жұмыс орнына айналады. Бұл кезеңде жас маман үшін кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, жаңа жағдайға, ұжымға және өндіріс талаптарына бейімделу де маңызды. Сондықтан тәжірибелі тәлімгердің қолдауының маңызы зор.
— Тәлімгерліктің басты мақсаты – жас маманның кәсіпорынға бейімделуіне, ұжымға тезірек үйренуіне және қажетті практикалық дағдыларды меңгеруіне көмектесу. Білікті жұмысшы кадрларға сұраныс жоғары өнеркәсіптік өңір үшін тәлімгерлікті дамыту ерекше маңызға ие. Өйткені жас мамандарды оқытуға және қолдауға салынған инвестиция – бұл кәсіпорындардың тұрақты дамуына және өңірдің кадрлық әлеуетіне салынған инвестиция, – деп атап өтті Маржан Жауен.
Оқыту аясында қатысушылар Германия, Финляндия, Швейцария және Ресей сияқты елдердегі тәлімгерлікті ұйымдастыру тәжірибесімен де танысты. Шетелдік тәжірибелер жас қызметкерлерді сүйемелдеудің әртүрлі тәсілдерін қарастыруға және оларды отандық кәсіпорындардың ерекшеліктерін ескере отырып қолдану мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік берді.
Оқыту барысында кәсіпорындардың колледждермен ынтымақтастығына да ерекше көңіл бөлінді. Білім беру жүйесі мен бизнестің тығыз өзара іс-қимылы сұранысқа ие мамандарды сапалы даярлаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыстырушы буын ретінде қызмет етеді. Палата тәлімгерлік бағдарламаларына валидация жүргізеді. Мұндай тәсіл жас кадрларды даярлау кезінде өндірістің нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Шарайна
