Пятница, 30.10.2026

БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘСЛИХАТТАРДЫҢ ӨКІЛЕТТІГІ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ТОҚТАТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясына мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу тапсырылды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы тиісті шешімді Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес қабылдады. Жарлыққа қол қою алдында Президент Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізді.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, сондай-ақ сайлау науқанына дайындық пен оны өткізуге қатысты қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдау міндеттелді.

Құжат жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Алдағы сайлаудың нақты мерзімі мен оны өткізу тәртібі туралы ақпаратты Орталық сайлау комиссиясы жариялайтын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстандағы қазіргі шақырылымдағы мәслихат депутаттары 2023 жылғы 19 наурызда өткен кезектен тыс сайлауда сайланған болатын. Осы уақыт аралығында жергілікті өкілді органдар үш жылдан астам уақыт қызмет атқарды.

2023 жылғы сайлау барысында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың мәслихаттарына депутаттар аралас сайлау жүйесі бойынша сайланды. Атап айтқанда, депутаттық мандаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе арқылы, қалған 50 пайызы партиялық тізімдер негізінде бөлінді.

Мәслихаттар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарастырып, өңірлік бюджеттерді бекітуге және жергілікті атқарушы органдар қызметіне қатысты бірқатар мәселелерді шешуге қатысады.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …