Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаевтың төрағалығымен өткен кезекті кеңейтілген аппараттық кеңесте қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және жаңа оқу жылына дайындық барысы жан-жақты талқыланды. Жиында жауапты бөлім басшылары атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Аппараттық кеңесте алдымен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны қаралып, негізгі көрсеткіштердің орындалу барысы сараланды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, жол жөндеу жұмыстарының орындалуы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бағытындағы шаралар талқыланды.
Кеңес барысында «Жеңіс» саябағында салынып жатқан балалар ойын-сауық аттракциондарының құрылыс жұмыстарының барысы да назардан тыс қалған жоқ. Жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндап, жобаның белгіленген мерзімде аяқталуына қатысты ақпарат берді.
Кеңейтілген аппараттық кеңестің негізгі мәселелерінің бірі – құрылысы белгіленген мерзімнен кешігіп жатқан нысандардың жай-күйі болды. Бұл мәселе бойынша жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы баяндама жасап, жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобаларының қазіргі жағдайына тоқталды.
Қала әкімі Мұрат Бөрібаев жер телімдерінің заңнама талаптарына сәйкес әрі олардың нысаналы мақсаты бойынша уақытылы игерілуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, белгіленген мерзімде пайдаланылмай жатқан немесе мақсатсыз қолданылып отырған жер учаскелеріне қатысты заң талаптары қатаң сақталуы қажет. Мұндай жерлерге қосымша уақыт берілмей, оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануы тиіс.
Жиын барысында аяқталмай қалған құрылыс нысандарының қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қала басшысы мұндай нысандардың қараусыз қалып, тұрғындар, әсіресе балалар үшін қауіп төндіретін орынға айналуына жол берілмеуі керектігін айтты.
Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге құрылыс алаңдарын талапқа сай қоршау, ескерту белгілерін орнату және айналасындағы аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Әкімнің айтуынша, кез келген құрылыс жобасы тек белгіленген мерзімде аяқталумен ғана шектелмей, құрылыс кезеңінде де барлық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес жүргізілуі тиіс.
Кеңес қорытындысында Мұрат Бөрібаев жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар жобалардың уақытылы іске асырылуына, жол жөндеу жұмыстарының сапасына, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығына және құрылыс саласындағы заң талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінетін болды.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
