«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Сәтбаев қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында партия өкілдері қала тұрғындарымен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, заң үстемдігі және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалық бастамаларын таныстырды.
Кездесулердің бірі Сәтбаев қалалық Оқушылар сарайында өтті. Жиынға қала ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жастар және қоғам белсенділері қатысты. Басқосу барысында Құрылтай депутаттығына үміткер Алмат Жүкебаев тұрғындармен пікір алмасып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталды.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өңірдің бүгінгі ахуалы мен болашағына қатысты өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
Алмат Жүкебаев өз сөзінде «Әділет» партиясының басты қағидаларының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыт – әділетті, заманауи және қуатты Қазақстанды қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін партия әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бағыттарын қамтитын кешенді бағдарлама әзірлеген.
Үміткердің сөзінше, бағдарламада Ұлытау облысының дамуына ерекше назар аударылған. Өңірде жылдар бойы қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешумен қатар, жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастыру да басты міндеттердің бірі болып табылады. Сондай-ақ ол партия өңірдегі түйткілдерді жақсы білетінін және оларды шешу жолында нақты жұмыстар атқаруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар өңір экономикасының негізінен бір ғана пайдалы қазбалар өндірісіне тәуелділігі мәселесін де көтерді. Партия өкілдерінің пікірінше, өңірдің тұрақты дамуы үшін экономиканы әртараптандыру аса маңызды. Осыған байланысты жаңа өндірістерді дамыту, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ заманауи инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұндай бастамалар өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ашық диалог барысында тұрғындар өңірдің әлеуметтік мәселелері, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, жастар саясаты және елді мекендердің даму перспективалары жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Алмат Жүкебаев партияның алдағы бес жылға арналған стратегиялық жоспары азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, өңірлердің әлеуетін күшейтуге және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
Кездесуде республикалық сайлауалды штаб мүшелері Луиза Мыңбаева мен Әділбек Тауекелов сөз сөйлеп, сайлаушыларды алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Олар әрбір азаматтың дауысы елдің болашағын айқындауда маңызды екенін айтып, тұрғындарды өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге үндеді.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
