Пятница, 30.10.2026

КЕНШІ ӘУЛЕТІ – ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ТАҒДЫР

Қара жердің қойнауындағы қазынаны игеріп, ел экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан кеншілердің еңбегі – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Осындай тағылымды тарихты кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Кеншілер күні қарсаңында «Кенші әулеті – еңбекпен өрілген тағдыр» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кен өндірісі – тек мамандық емес, ол үлкен жауапкершілікті, темірдей тәртіпті, төзімділік пен қайсарлықты талап ететін өмір салты. Жер астына түскен әр кенші өз өмірін қатерге тіге отырып, ел игілігі үшін еңбек етеді. Сондықтан олардың кәсіби жолы – жас ұрпаққа еңбекқорлықтың, отансүйгіштіктің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Кітапхана төрінде өткен жүздесудің басты кейіпкерлері де осындай өнегелі ғұмыр иелері – кеніште 43 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, өндірістің ыстығы мен суығын көрген Әбдіқадыр Тұрсынбаев пен жер астындағы ауыр жұмысты ер азаматтармен қатар атқарып, тау-кен саласында жиырма жылдан астам тер төккен Маржанкүл Жиенбекова болды.

Әбдіқадыр Тұрсынбаевтың 43 жылдық еңбек жолы – өндіріс саласына адал қызмет етудің жарқын мысалы. Кеніште бірнеше онжылдық бойы үздіксіз еңбек етіп, өндірістің дамуына өз үлесін қосқан ардагердің еңбегі мемлекет пен сала басшылығы тарапынан да жоғары бағаланған. Ол кезінде «ВЦСПС Құрмет грамотасымен», «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, оныншы бесжылдықтың өндірістік міндеттерін мерзімінен бұрын орындағаны үшін «10-шы бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен және салалық «Кенші даңқы» медалімен марапатталған. Бұл марапаттардың әрқайсысы – оның ұзақ жылғы маңдай тері мен кәсіби біліктілігінің, өндіріс ісіне деген жауапкершілігінің нақты айғағы.

Кітапхана ұжымы ардагерлерді төрге шығарып, арнайы дастархан жайып, жүздесуді еркін әрі жылы жағдайда өткізді. Кездесу барысында ардагерлер өздерінің еңбек жолы жайлы сыр шертіп, кеніш қабырғасында өткен жастық шақтарын еске алды. Олар үшін кенші болу – тек нәпақа табудың жолы емес, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосу, елдің өндірістік қуатын арттыруға қызмет ету болғанын атап өтті. Кешке қатысушылар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кенші мамандығының қыр-сырына қанықты.

Кеш барысында кеншілер әулетіндегі еңбек сабақтастығы, үлкеннің жолын кішіге үлгі ету, туған жерге қызмет ету секілді құндылықтар да кеңінен сөз болды. Себебі кеншілер қаласының қалыптасу тарихы – әкеден балаға, аға буыннан жас маманға жалғасқан еңбек дәстүрімен тығыз байланысты.

Рухани кештің мазмұнын өнер де айшықтай түсті. Кітапханашы Мейрамгүл Алпысбаева қонақтарға арнап әсем ән шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал кітапхана басшысы Гүлбану Шахманова ардагерлердің иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, олардың ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне шынайы алғысын білдірді.

Басқосу соңында өмірдің талай белесін артқа тастап, тау-кен саласының дамуына өзіндік үлесін қосқан ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтып, баталарын берді. Олар жас ұрпақты еңбектенуге, білім алуға, қандай мамандық таңдаса да ісіне адал болуға, туған жердің қадірін білуге шақырды.

Кенші еңбегі – қара жердің қойнауынан кен өндірумен ғана шектелмейді. Ол – елдің ертеңіне жол салу, өндірісті өркендету, ұрпаққа жарқын болашақ қалдыру жолындағы үлкен жауапкершілік. Осындай еңбек иелерін ұлықтау арқылы біз өткенді құрметтеп қана қоймай, келешекке бағыт сілтейміз.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Визажист» курсын аяқтаған 25 түлекке салтанатты …