Пятница, 30.10.2026

«КЕТБҰҚАНЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ҚЫЗМЕТ»

Қазақ қоғамының тарихи жады мен рухани құндылықтарын жаңғырту бағытында еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – «Құрмет» орденінің иегері, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті металлургі, Қарағанды облысының және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіров.

Өндіріс пен ғылым саласында мол тәжірибе жинақтаған Төлеген Нұрмағанбетұлы бүгінде қоғамдық қызметті де қатар алып жүр. Ол жетекшілік ететін «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі ұлттық тарихты насихаттау, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтау және жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Осы орайда «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің қазіргі тыныс-тіршілігі, негізгі бағыт-бағдары мен алдағы жоспарлары жөнінде, сондай-ақ қоғам қайраткерінің азаматтық ұстанымы мен ой-толғамдары туралы әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

– Төлеген Нұрмағанбетұлы, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігін құруға не түрткі болды және ұйымның басты мақсаты қандай? Әңгімемізді осы сауалдан бастайықшы.

– Ес білгеннен бері халқымыздың рухани мұрасына айналған «Ақсақ құлан» күйін тыңдап өстік. Кетбұқа баба туралы аңыздар мен тарихи деректер бізге ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды. Алайда осындай ұлы тұлғаның өмірі мен қызметін ғылыми тұрғыдан зерттеу, оның мемлекетшілдік мұрасын кеңінен насихаттау ісі әлі де жүйелі қолға алынбағанын байқадық. Осы мәселе төңірегінде өңірімізге белгілі аға буын өкілдері – Сұлтан Сүтбаев, Тағанбай Шамбұлов, Дүйсенбай Ахметов, Мәлік Омаров, Мүсілім Тоқтамысов, Шахман Асансейітов, Батырбек Мырзабеков және жастардан Алияр Жараспаев, ағайынды Мұрат пен Бауыржан Шыңғысовтар, Жамбыл Нұрманов бас қосып, Кетбұқа бабаның өмір жолын зерттеу, тарихи тұлғаны халыққа кеңінен таныту мәселелерін талқыладық. Ақылдаса келе, бұл істі бірізді әрі жүйелі жүргізудің тиімді жолы қоғамдық бірлестік құру деген шешімге келдік. Сөйтіп, 2013 жылдың 23 қазанында Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ғимаратында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы тұрғындарының қатысуымен жалпы жиналыс өтті. Оған 284 адам қатысып, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігін құру туралы шешім қабылданды. Жиналыста бірлестіктің Жарғысы бекітіліп, басқарма және тексеру комиссиясының мүшелері сайланды. Кейін ұйым Қарағанды облысының Әділет басқармасында заңды түрде тіркеліп, қоғамдық қор құрылды, әлеуметтік желілерде ақпараттық алаңдар ашылды.

Қоғамдық бірлестікті құрудағы басты мақсат – Кетбұқа бабаның тарихи тұлғасын жан-жақты зерттеу, оның мемлекет қайраткері, қолбасшы, жырау, күйші ретіндегі мұрасын халыққа жеткізу және ұлттық санада лайықты орнын айқындау болды. Өйткені Кетбұқа – тек Ұлытау өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі. Оның есімі ел бірлігімен, даналықпен, мемлекетшілдікпен және рухани мұрамен сабақтасып жатыр. Бірлестік құрылған күннен бастап оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, мәдениет мекемелерінде көптеген кездесулер, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізіп келеді. Кетбұқа баба туралы тарихи деректерді жинақтау, зерттеушілердің еңбектерін насихаттау, жастардың тарихи танымын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Сонымен қатар ұйымның негізгі мұраттарының бірі – Жезқазған қаласында Кетбұқа бабаға еңселі ескерткіш орнату. Бұл тек бір тұлғаны ұлықтау емес, халқымыздың тарихи жадына тағзым ету, ұлт руханиятын нығайту және келер ұрпаққа өнеге болатын құндылықтарды дәріптеу деп білеміз. Сондықтан «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған күннен бастап тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және елдік сананы нығайту жолында қызмет етіп келеді.

– Әлігінде «жастардың тарихи танымын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда» деп қалдыңыз ғой, соны толықтыра түссек. Кетбұқа бабаның тарихи тұлғасын бүгінгі ұрпаққа таныту бағытында қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?

– Иә, Қоғамдық бірлестік құрылғаннан бері Кетбұқа бабаның тарихи тұлғасын бүгінгі ұрпаққа таныту, оның мұрасын ғылыми және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ең алдымен, Кетбұқа мұрасына арналған көптеген ғылыми-танымдық еңбектер мен жинақтар жарық көрді. Атап айтқанда: «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» (2014), Ш. Ибадатовтың «Ұлы баба есімі дәріптелді» (2014), Ж. Артықбаевтың «Кетбұқа – жырау, аталық, қолбасшы» тарихи-танымдық романы (2015), К. Балкенов құрастырған «Ұлылыққа тағзым – ұрпаққа тағылым» (2017), жас ғалымдар баяндамалар жинағы (2018), «Қазақ жеріндегі саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары (2020), «Ұлытауым – Ұлы Дала киесі» республикалық мүшайра жинағы (2020), «Аңыз тұлға, абыз тұлға – Кетбұқа» жас ақындар жинағы (2022), сондай-ақ С. Бүкіровтің «Өлке тарихы – халық тарихының арнасы» (2021) еңбегі жарық көрді.

2015 жылы 5 маусымда Жезқазған қаласындағы театр ғимаратында күйші, профессор Жанғали Жүзбайдың «Ақсақ құлан. Кетбұқаның күй мұрасы» жинағының тұсаукесері өткізілді. Жарық көрген барлық кітаптар мен жинақтар республика, облыс кітапханаларына және оқу орындарына таратылды.

Ғылыми бағыттағы жұмыстар да қарқынды жүргізілді. 2015 жылы 20 ақпанда Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» атты конференция өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері – Өмірбек Байгелді, Ғарифолла Есім, Мұханбет Қопеев, Қойшығара Салғараұлы, Жекен Қалиев, сенатор Серік Ақылбай, академик Сейіт Қасқабасов қатысып, мазмұнды пікірлер білдірді. Сонымен қатар белгілі ғалымдар – Дихан Қамзабекұлы, Рақымжан Тұрысбек, Жанат Әскербекқызы, Тұрсын Жұртбай, Жамбыл Артықбаев, Қаржаубай Сартқожаұлы, Омар Темірбекұлы және басқа зерттеушілер ғылыми баяндамалар жасады. Жезқазғаннан арнайы делегация қатысып, Бағыдат Байжантаев, Алмұхан Ысмағұл, Сағындық Қожамсейітов, Кенжебай Ахметов, Қабдол Әуезов, Нұрлан Бәкіров сынды азаматтар ой бөлісті.

2016 жылы Өскемен қаласында, 2019 жылы Жезқазғанда Кетбұқаға арналған республикалық ғылыми-теориялық конференциялар өтті. 2017 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «X–XIII ғасырлардағы түркі қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның орны» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұл басқосулар Кетбұқа тұлғасын түркі әлемі деңгейінде зерттеуге жол ашқан маңызды алаңдарға айналды.

Мәдени-рухани бағыттағы жұмыстар да кең көлемде жүргізілді. Жезқазған қаласында үш мәрте (2019, 2021, 2025 жылдары) «Ақсақ құлан. Кетбұқа би күйлері» атты халықаралық күйшілер конкурсы өткізілді. Байқауға Қытай, Моңғолия және Қазақстанның әр өңірінен өнерпаздар қатысты. Арнайы қонақтар қатарында Секен Тұрысбеков, Шәміл Әбілтай, Рамазан Стамғазиев, Біләл Ысқақов, Жанғали Жүзбай, сондай-ақ Қытай Халық Республикасынан Бейілхан Қалиақпарұлы, Қырғыз Республикасынан Закирбек Дүйшенбіұлы, Талғат Мұқыш секілді өнер иелері болды.

Сонымен қатар «Ұлытауым – Ұлы дала киесі», «Елдік пен ерлікті жырлаймыз», «Аңыз тұлға, абыз тұлға – Кетбұқа» тақырыптарында республикалық ақындар мүшәйралары, жас өлкетанушылар байқаулары ұйымдастырылып, олардың үздік туындылары жинақ болып жарық көрді.

Ең ірі тарихи жетістіктердің бірі – 2017 жылы Жезқазған қаласында Кетбұқа бабаға арналған еңселі ескерткіштің орнатылуы және келесі жылы оның жанынан мемориалдық кешеннің салынуы. Бұл игі іске «Қазақмыс» корпорациясы қаржылай қолдау көрсетті. Қоғамдық бірлестік шешімімен ескерткіш пен мемориалдық кешен Жезқазған қаласы әкімдігіне салтанатты түрде сыйға тартылды.

Сондай-ақ бірлестік бастамасымен Кетбұқа медалі әзірленіп, оның ережесі бекітілді. Бүгінгі күнге дейін бұл медальмен 114 тұлға марапатталып, Кетбұқа мұрасын насихаттауға үлес қосқан азаматтардың еңбегі бағаланып келеді.

– Ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды насихаттауда қоғамдық ұйымдардың рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды насихаттауда қоғамдық ұйымдардың рөлі айрықша деп ойлаймын. Өйткені бұл – тек бір саланың немесе белгілі бір мекеменің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсап жеткен Тәуелсіздігі – бабалардың арманы болған, ұрпағының қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті ұғым. Еліміз еркіндік алғаннан бері ғана ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді, салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды түгендеп, қайта зерделеуге мүмкіндік алдық. Осы жолда Қазақстан Үкіметі де, түрлі қоғамдық ұйымдар да ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Тарихтың терең қабаттарына үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбалар мен деректерге назар аудару арқылы біз бабаларымыздың өмір сүрген дәуірін, олардың мемлекеттілік жолындағы күресін, рухани әлемін танимыз. Қанды қырғын шайқастар, Қазақ хандығын құру жолындағы тарихи қадамдар, ұлт-азаттық көтерілістер, елді ауыртпалыққа салған ашаршылық пен қуғын-сүргін – мұның бәрі тәуелсіздіктің құнын терең түсінуге негіз болатын тарихи сабақтар.

Қоғамдық ұйымдардың ерекшелігі – олардың еріктілік негізінде жұмыс істеуі. Бұл салада еңбек ететін азаматтар жалақысыз, өз еріктерімен, бос уақыттарын сарп етіп, ортақ мақсат жолында қызмет етеді. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың тарих пен рухани құндылықтарды насихаттаудағы үлесі – шынайы ниет пен азаматтық жауапкершілікке негізделген маңызды күш. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған күннен бастап осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Айтуға оңай болғанымен, әрбір іс-шараның артында үлкен дайындық, ізденіс және жауапкершілік тұратынын сол іске тікелей араласқан азаматтар жақсы біледі. Бұл жолда еңбек етіп жүрген белсенді мүшелерімізді ерекше атап өткен жөн. Олар: Сұлтан Сүтбаев, Ғазиз Ештанаев, Кенжал Балкенов, Батырбек Мырзабеков, Алияр Жараспаев, Мұрат Шынғысов, Азизат Қоянбаева, Раушан Қапарова, Сабыржан Тембаев, Қабдол Әуезов, Кенжебай Ахметов, Дәметкен Орынбасарова.

Сонымен қатар бірлестік жұмысының бастауында тұрған, осы істің іргетасын қалаған ағаларымыз – Дүйсенбай Ахметов, Тағанбай Шамбұлов, Мүсілім Тоқтамысов, Бейсен Жолдыбаев – бүгінде арамызда болмаса да, олардың еңбегі мен қалдырған рухани ізі әрдайым құрметке лайық. Олардың рухы алдында тағзым етеміз, жандары жәннатта болсын.

Жалпы алғанда, ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды насихаттауда қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы рухани көпір іспетті қызмет атқарып, тарихи жадыны жаңғыртуға, ұлттық сананы күшейтуге және келер ұрпаққа тағылымды мұра қалдыруға үлес қосып келеді.

– Жастардың тарихқа, соның ішінде Кетбұқа мұрасына қызығушылығын арттыру үшін қандай жобалар қажет деп ойлайсыз?

– Жастардың тарихқа, соның ішінде Кетбұқа мұрасына қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі. Өйткені тарихи сана қалыптаспайынша, ұлттық рух та толық орнықпайды. Осы бағытта «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі тарапынан атқарылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстардың негізгі өзегі – жас буынға бағытталған жобалар. Аймағымыздағы оқу орындарында оқушы және студент жастармен Кетбұқа тану тақырыбында жүйелі кездесулер өткізіліп тұрады. Жезқазған, Сәтбаев қалаларының әкімдігімен бірлесіп, Кетбұқа баба және өңір тарихына арналған мектеп оқушылары арасындағы өлкетанушылар сайыстары ұйымдастырылды. Бұл шаралар жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын оятып, зерттеушілік қабілетін дамытуға ықпал етті.

Сонымен қатар екі мәрте республикалық жас ақындар мүшәйрасы өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды. Кетбұқа бабаға арналған өлеңдерді мәнерлеп оқудан да жастар арасында байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шығармашылық жарыстар жас ұрпақтың тарихи тұлғаға деген құрметін арттырып қана қоймай, рухани танымын кеңейтеді.

Кетбұқаға арналған түрлі мәдени-танымдық іс-шараларға жастарды көптеп тарту да – бірлестіктің басты ұстанымдарының бірі. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстардың әлі де кеңейтілуі қажет екені анық. Себебі тарихи танымды жүйелі түрде қалыптастыру – үздіксіз жүргізілетін ұзақ процесс. Осы орайда маңызды бір ғылыми-құжаттық негізге тоқтала кеткен жөн. 2017 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетте өткен «X–XIII ғасырлардағы түркілер қоғамы және оның тарихындағы Кетбұқаның рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытынды қаулысында Кетбұқа бабаның өмір жолын мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының тарих пәні бағдарламаларына енгізу қажеттігі жөнінде нақты ұсыныс қабылданған болатын. Бұл – тарихи тұлғаны жүйелі түрде білім беру саласына енгізудің ғылыми негізі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы ұлы империяның тікелей мұрагері екенін атап өтіп, Алтын Орда жылнамасын адамзат тарихының ортақ мұрасы ретінде жүйелі зерттеу қажеттігін ерекше айтты. Бұл бағытта Қазақстанның Жошы Ұлысы мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау ісіндегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі ретінде танылып отырғаны да маңызды.

2026 жылы Алтын Орда тарихына байланысты үш бірдей ірі тарихи дата атап өтілмек. Оның бірі «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығы, екіншісі – Бату ханның Алтын Орда тағына отырғанына 800 жыл, үшіншісі – Жошы Ұлысы билеушілерінің резиденциясы – Ақ Орданың 800 жылдығы. Бұл даталар – жас ұрпақ үшін тарихты тереңірек тануға үлкен мүмкіндік.

Қазіргі таңда Қазақстан тарихының 7 томдық академиялық басылымы дайындалу үстінде. Бұл еңбек еліміздің тарихын жаңаша ғылыми тұрғыдан жүйелеуге негіз болып, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың басты ғылыми тірегіне айналады деп күтілуде. Жастарға өз төл тарихын оқуға, зерттеуге кең жол ашылып отыр. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті тиімді пайдалану. Ол үшін ең бастысы – ізденіс, ынта және үздіксіз оқу.

– «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің алдағы жоспарлары қандай және қоғамнан қандай қолдау күтесіздер? Осы сауалмен әңгімемізді түйіндесек.

– «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің алдағы жоспарлары ауқымды әрі жүйелі түрде жалғасын табатын рухани-мәдени бағыттағы жұмыстармен байланысты. Әңгімемізді түйіндей келе, ең алдымен бірлестік тарапынан жүзеге асқан және алдағы уақытта да жалғасын табатын жобаларға тоқталғым келеді. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің тапсырысымен «Ұлытау» сериясы бойынша бірқатар құнды еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда: «Баба тауым – Бақ тауым», «Жыр арқауы – Ұлытау», «Дәридай – жүрек», «Туларға таулар тамсанар» жыр жинақтары, сондай-ақ «Кенесары хан», Баубек Бұлқышевтың «Өмір сүргім келеді…», «Жошы хан» және «Ұлытау кереметтері» кітаптары оқырманға жол тартты.

Бірлестіктің ұсынысымен 2025 жылы бірқатар ірі ғылыми-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен Жезқазған қаласында «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және Ұлы Дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Бұл жиынға Ресей Федерациясы, Венгрия, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші ғалымдары қатысып, маңызды ғылыми баяндамалар жасады.

Сонымен қатар Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейімен бірлесіп «Туған өлке тарихының шырақшысы» атты облыстық жастар мен жасөспірімдердің ғылыми жобалар форумы ұйымдастырылды. Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен Ш.Уәлихановтың 190 жылдығына арналған облыстық «Жас өлкетанушылар» байқауы өтті. Бұдан бөлек, «Түркі халықтарына ортақ тұлға Кетбұқа бидің туғанына 840 жыл» атты республикалық жазба ақындар мүшәйрасы да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Ұлытау облысы әкімдігі тарапынан қаржылай қолдау көрсетілді.

Бірлестік тек ғылыми және мәдени шаралармен шектелмей, баспа ісін де жүйелі түрде дамытып келеді. Мәселен, Мұқан Иманжановтың «Адам туралы аңыз» атты прозалық шығармалар жинағы баспаға дайындалды. Сонымен қатар халық ақыны Иманжан Жылқайдаровтың шығармалары ғылыми айналымға енгізіліп, қолжазбалар М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапхананың қорларынан жинақталып, кирилл қарпіне түсірілді және қазақ тіліне аударылды. Бұл жұмысқа екі жылдан астам уақыт жұмсалып, нәтижесінде 620 беттен тұратын көлемді еңбек дайын болды. Аудармашы-ғалыммен арнайы келісім жасалып, жұмыс толық аяқталды, қаржылық есеп толық өтелді. Алдағы уақытта бұл екі жинақ кітап болып жарық көреді деп жоспарлануда.

Биылғы жылы И. Жылқайдаровтың 140 жылдығы, ал Ұлытаудың қос қыраны – Б. Бұлқышев пен М. Иманжановтың 110 жылдық мерейтойлары атап өтіледі. Осыған орай кітаптар жарық көрген соң, оларды Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының аудандарында кең көлемде таныстыру, оқырманмен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

2026 жылға арналған жоспарлар қатарында жас өлкетанушылар конкурсы, республикалық күйшілер сайысы және ақындар мүшәйрасы сияқты ауқымды мәдени шаралар да бар. Бұл бастамалардың барлығы жастардың тарихи танымын арттыруға, ұлттық рухты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жазушы Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан» тарихи романынан кейін Кетбұқа баба туралы жаңа тарихи роман жазуға кіріскені де – қуанышты жаңалық. Ал жазушы әрі ғалым Кенжебай Ахметовтың «Алтын бұғаулы арыстан» атты Кетбұқа туралы пьесасын сахналау жұмыстары да қолға алынуда.

Алдағы уақытта «Ұлытау» сериясы аясында жаңа кітаптар шығару да жоспарымызда бар. Егер қоғам тарапынан қолдау болса, Кетбұқа баба мұрасын тереңірек зерттеп, оның тұлғасын жан-жақты ашатын тың ғылыми, әдеби және мәдени жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Қорыта айтқанда, мақсатымыз айқын: Кетбұқа баба мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық тарихты жаңғырту және Ұлы Дала өркениетінің рухани кеңістігін кеңейту.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …