Пятница, 30.10.2026

НАН – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ, ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

Нан – тіршіліктің тірегі, берекенің бастауы, дастарқанның сәні мен ырысы. Қазақ халқы ежелден нанды қасиетті тағам санап, оны қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келеді. «Ас атасы – нан» деп, бір үзім нанның өзін ерекше құрметтеген халқымыз үшін нанның орны қашанда бөлек. Ал сол нанды күн сайын халықтың дастарқанына жеткізу үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген диқан мен наубайшының маңдай тері – үлкен құрметке лайық.

Нанның дастарқанға жету жолы – тұтас бір еңбектің шежіресі. Дәнді жерге сеуіп, егін өсірген диқаннан бастап, астықты өңдеп, ұн дайындайтын мамандар мен қамыр илеп, пештен ыстық нан шығаратын наубайшыларға дейінгі әрбір буынның жұмысы өзара тығыз байланысты. Сол тізбектің соңғы әрі жауапты кезеңінде еңбек ететін наубайшылардың жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында төзімділік, шеберлік, тазалық пен жоғары жауапкершілік жатыр.

Сәтбаев қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, кеншілер қаласында нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен үш жеке кәсіпкер айналысады. Олардың қатарында Агеева Л.С. жеке кәсіпкерлігіне тиесілі «Сдоба» наубайханасы, Абейев Е.Б. жеке кәсіпкерлігі және Мамедовтың «Баракет» наубайханасы бар.

Наурыз көшесі, 146 мекенжайында орналасқан «Сдоба» наубайханасының жылдық өндірістік қуаты 70 тонна болса, тәулігіне 400 бөлке нан шығаруға қауқарлы. Ал Шаталюк көшесі, 50А мекенжайындағы ЖК Абейев Е.Б. наубайханасының жылдық өндірістік қуаты 365 тонна деп көрсетілген. Ерден көшесі, 30 мекенжайында «Баракет» наубайханасы жұмыс істейді.

Қаладағы бұл кәсіпорындар тұрғындарды күнделікті тұтынатын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына да үлес қосып келеді. Әсіресе, халық арасында «Шаталюк нан» деген атаумен танылған Абейевтер әулетінің наубайханасы – жылдар бойы қалыптасқан еңбек дәстүрінің жарқын үлгісі.

16 қазан күні аталып өтетін Дүниежүзілік нан күні қарсаңында біз Шаталюк көшесінде орналасқан «ЖК Абейев Е.Б.» наубайханасына барып, өндіріс барысымен таныстық. Мұнда таңның атысы, күннің батысы, тіпті түн ортасында да жұмыс тоқтамайды. Өйткені тұрғындардың күн сайынғы сұранысын қамтамасыз ету үшін нан үздіксіз пісіріліп, сауда орындарына уақытылы жеткізілуі керек.

Жеке кәсіпкер Ернар Біржанұлының айтуынша, наубайхананың тарихы сонау 1995 жылдан басталады. Кәсіптің негізін оның әкесі Біржан қалаған. Елімізде жеке кәсіпкерлік енді қанат жайып, нарықтық қатынастар қалыптаса бастаған тұста ол Жезқазған (Рудник) кентінде монша қызметін ұйымдастырып, кейіннен нан өндірісін де қолға алған.

Кәсіптің алғашқы қадамы сол кезеңнің өзіне тән қиындықтарымен қатар жүрді. Дегенмен, ел сұранысын қанағаттандыруға бағытталған бұл бастама уақыт өте келе тұрақты кәсіпке айналды. Кейін Рудник кенті Сәтбаев қаласының құрамына көшірілген кезде, наубайханаға арнап Шаталюк көшесінен жер телімі алынып, арнайы ғимарат салынды. Осылайша, бұрынғы шағын кәсіп біртіндеп кеңейіп, қала тұрғындарына жақсы таныс өндіріс орнына айналды.

Бүгінде бұл наубайхана – әкеден балаға жалғасқан кәсіпкерлік дәстүрдің жалғасы. Біржанның бастаған ісін ұлы Ернар жалғастырып, өндірісті дамытып, тұтынушылар сұранысына сай өнім түрлерін көбейтуге күш салып келеді. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, тұрақты тұтынушылар мен өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұжым – кәсіптің бүгінгі жетістігінің басты тірегі.

Наубайхана жұмысының ауқымын оның күнделікті өндіріс көлемінен-ақ аңғаруға болады. Мұнда нан пісіру ісі бірнеше кезеңнен тұрады. Қамыр дайындаудан бастап, оны қалыптау, ашыту, пешке салу және дайын өнімді сұрыптауға дейінгі әрбір жұмыс өз уақытында әрі белгіленген талаптарға сай орындалуы қажет. Бір кезеңдегі кідіріс келесі жұмыс барысына әсер ететіндіктен, наубайхана қызметкерлерінің үйлесімді әрекеті аса маңызды.

Ернар Біржанұлының сөзінше, кәсіпорында қазір 30 адам тұрақты еңбек етеді. Ұжым күніне нанның төрт-бес түрін пісіреді.

– Біздің тәуліктік өндіріс көлеміміз 3 мың бөлкеге жуық. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Нанның төрт-бес түрін пісіреміз. Мұның сыртында биылдан бастап бәліш пен тоқаштар шығаруды да қолға алдық. Ал ұнды «Самадиден» алып тұрамыз, – дейді кәсіп иесі.

Өндіріс көлемінің артуы мен өнім түрлерінің көбеюі тұтынушылар сұранысына бейімделудің бір көрінісі. Күнделікті ас мәзірінің ажырамас бөлігі саналатын нанға деген қажеттілік тұрақты болғандықтан, мұндай кәсіпорындардың жұмысы да үздіксіз ұйымдастырылуы тиіс. Нан өндірісінде уақытпен санасу оңай емес. Тұрғындар таңғы асқа жаңа піскен нан алғысы келеді, ал сауда орындары сөрелерін уақытында толықтыруға мүдделі. Сондықтан наубайхана қызметкерлерінің жұмыс күні көпшілік ойлағаннан әлдеқайда ерте басталып, кейде түнгі уақытқа дейін жалғасады. Пештен жаңа шыққан нанның иісімен бірге осы еңбектің нәтижесі де қала көшелеріне тарайды.

Кез келген кәсіптің ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеуі үшін заманауи жабдық пен өндірістік мүмкіндік қана емес, тәжірибелі мамандардың да орны ерекше. Әсіресе, нан пісіру секілді күн сайын қайталанатын әрі жоғары жауапкершілікті қажет ететін жұмыста шеберлік тәжірибе арқылы қалыптасады. Шаталюк наубайханасының өзіндік ерекшелігі – мұнда кәсіптің алғашқы кезеңінен бері еңбек етіп келе жатқан мамандар бар. Ольга Романчук, Гүлжан Бекішова, Қамар Алтаева және Қорлан есімді қызметкерлер наубайхана жұмысының бастауында тұрған жандардың қатарында. Олар Рудник кентіндегі алғашқы өндіріс орнынан бері осы кәсіптің ыстығы мен суығына төзіп, нан пісіру ісіне өз үлестерін қосып келеді. Олардың еңбек жолы – бір ғана жұмыс орнында тұрақтап қалудың емес, таңдаған кәсібіне адал болудың үлгісі. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе, қамырдың бабын білу, пештің қызуын дұрыс реттеу, дайын өнімнің сапасына мән беру – мұның бәрі нағыз маманның қолынан келетін іс.

Нан пісіру сырттай қарағанда қарапайым жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда қамырдың дұрыс ашуы, өнімнің бабымен пісуі, нанның дәмі мен сапасының тұрақты болуы көптеген ұсақ-түйекке байланысты. Мұнда әр қызметкердің тәжірибесі мен жауапкершілігі маңызды. Сондықтан наубайхананың бүгінгі деңгейге жетуіне ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мамандардың қосқан үлесі зор. Ұжымның тұрақтылығы кәсіптің сабақтастығын сақтауға да көмектеседі. Бірге жұмыс істеген жылдар ішінде қалыптасқан өзара түсіністік өндіріс барысын жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осындай еңбек адамдарының арқасында қала тұрғындары күн сайын жаңа піскен нан сатып алу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Наубайхана қызметінің ауқымы тек бір көшенің немесе бір ауданның шеңберімен шектелмейді. Мұнда дайындалған нан қаладағы сауда орындарына жеткізіліп, тұрғындардың күнделікті сұранысын қамтамасыз етеді. Өнімді уақытылы тарату үшін кәсіпорынның арнайы көліктері де бар.

– Біздің өнім қаладағы барлық сауда орындарына таратылады. Осы бағытта үш машинамыз тұрақты жұмыс істеп келеді. Қаланың әр аймағынан тұрғындар осында келіп, ыстық нан алып жатады. Жезді, Байқоңыр, Қарсақбай және Ұлытаудан да келіп, көптеп нан алып тұрады. Біз оларға нанды төменірек бағамен береміз. Алыстан арнайы келіп отырған адамдардың еңбегі мен жолын ескереміз. Ал дүкендерге нанды 160 теңгеден өткіземіз, – дейді Ернар Біржанұлы.

Бұл сөздерден наубайхана жұмысының жергілікті нарық үшін ғана емес, маңайдағы елді мекендер үшін де маңызды екенін аңғаруға болады. Ауыл-аймақ тұрғындарының белгілі бір кәсіпорыннан өнімді арнайы келіп сатып алуы – сол жердің тауарына деген сенімнің белгісі. Әсіресе, жаңа піскен нанға сұраныс әрдайым жоғары. Өнімнің сапасы мен қолжетімділігі, оны уақытында жеткізу және тұтынушыға ұсыну – наубайхана жұмысының негізгі бағыттары. Үш көліктің тұрақты қатынауы осы міндеттердің орындалуына мүмкіндік береді.

Ал шалғай елді мекендерден келетін тұтынушыларға жеңілдікпен өнім ұсыну – кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігін танытатын қадам. Өйткені кәсіптің табысты болуы тек өндіріс көлемімен өлшенбейді. Тұтынушымен қалыптасқан сенім, халықтың сұранысына құлақ асу және өз өніміне деген жауапкершілік те маңызды.

Біз наубайханада болған кезде күнделікті өмірде көзге үйреншікті көрінетін нанның дастарқанға жетуі үшін қаншама адамның еңбек ететінін тағы бір мәрте аңғардық. Нан – дүкен сөресіндегі қарапайым өнім ғана емес. Оның артында кәсіпкердің бастамасы, наубайшының шеберлігі, жүргізушінің жолдағы еңбегі және дайын өнімді тұтынушыға жеткізетін тұтас жүйе тұр.

Кейде дастарқандағы нанның қадірін күнделікті тіршіліктің қарбаласымен жүріп байқай бермейміз. Ал оны өндіретін адамдар үшін әрбір жұмыс күні – жаңа жауапкершілік, әрбір пісірілген бөлке – еңбектің нәтижесі. Қамыр илеуден бастап, дайын нанды сауда орындарына жөнелткенге дейінгі жұмыстың бәрі бір мақсатқа бағытталған: халықты сапалы әрі күнделікті қажетті өніммен қамтамасыз ету.

Сәтбаевтағы «Шаталюк нан» аталып кеткен наубайхананың тарихы да осы ойды айқындай түседі. 1995 жылы басталған кәсіптің бүгінге дейін жалғасуы – табандылықтың, тәжірибенің және отбасылық істің өміршеңдігінің көрінісі. Бір адамның бастаған ісін келесі буынның жалғастыруы, ал алғашқы күннен бері еңбек еткен мамандардың әлі де қатарда болуы кәсіптің өзіндік шежіресін қалыптастырған.

Дүниежүзілік нан күні – осындай еңбек адамдарына алғыс айтып, нанның қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін мереке. Бұл күнде біз тек нанның өзін ғана емес, оның дастарқанға жетуіне үлес қосқан әрбір жанды еске алуымыз керек. Диқанның маңдай тері мен наубайшының маңдайындағы тердің арасында үзілмейтін байланыс бар. Екеуінің де еңбегі ел ырысын еселеуге бағытталған.

Нан бар жерде береке бар. Ал сол берекені күн сайын еселеп жүрген еңбек адамдарының ісі қашанда құрметке лайық. Сәтбаевтағы наубайханалардың тынымсыз тіршілігі – осының айқын дәлелі. Қала тұрғындарының дастарқанына ыстық нан жеткізу жолында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен наубайшылардың еңбегі бағаланып, берекелі кәсіптің өрісі кеңейе берсін!

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …