Пятница, 30.10.2026

КИЕЛІ ҰЛЫТАУДЫҢ АҚСАҚАЛДАРЫ – ТӨРДЕ

Қасиетті жұма күні Ұлытау ауданының ардагерлерін Сәтбаев қаласына қонаққа шақырып, саяхатымызды Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан мұражайлардан бастадық. Биыл Қаныш атамыздың Қарсақбайға келгеніне 100 жыл толуына орай, ғалымның өмір жолынан сыр шертетін тарихи жәдігерлермен таныстық. Сонымен қатар, кезінде мыс алыбының дамуына еңбегі сіңген қайраткерлердің есімін ұлықтап, ақын-жырау, термеші Шынболат Ділдебаевтың мұражайын тамашаладық.

Қонақтарды Сәтбаев қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Амангелді Құрақбай жылы шыраймен қарсы алды. Ол осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырып отырған «Қазақмыс» корпорациясының ардагерлеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта Ұлытау өңіріндегі тарихи орындарға да сапар шегетінімізді жеткізді. Ал, мұражай басшысы, Шәкеңнің жары Гүлсара Жиеналиева бізге толыққанды әрі мазмұнды мағлұматтар берді. Мәдениет үйінің әншісі Ербол Әлғожин қонақкәде ретінде «Ғазиз ағамыз» әнін шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Содан соң біз Ғазиз Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресіне (ЖШПТ) жол тарттық. Трест басшысы Қайрат Керімқұлов аға-апаларымызды құшақ жая қарсы алды. Ол кіреберістегі көкжелекті бақты, кішігірім зообақты, үлкен көлік тұрағын және желбіреп тұрған Көк туымызды мақтанышпен көрсетті. Ғимарат ішінде жұмыскерлерге барлық жағдай жасалған: монша, жуынатын орындар, спорттық тренажерлар, қазақ халқының салт-дәстүрін айшықтайтын кішігірім мұражай мен ауысымнан кейін демалатын бөлмелер бар. Мұның бәрі кеншілердің ауыр еңбектен кейін тынығып, көңіл-күйін көтеруіне арналған. Ал шайхана – еңбеккерлердің ыстық шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын таптырмас орны екен.

Ардагерлерге арналған шай дастарханында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесі басқармасының төрағасы Төлеген Бүкіров жылы ықыласын білдіріп, өз тарапынан Алғыс хат пен жеке кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Қайрат Ұзақұлы 25 ардагерге ЖШПТ-ның 60 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған қолсағаттарды табыстады. Ұлытаулық қонағымыз, ардақты Ғазиз ақсақал ақ батасын беріп, трест ұжымына толағай табыс, еңбеккерлерге зор денсаулық, қайтпас қайрат пен талмас қанат тіледі.

Бір айта кететін жайт, кезінде қаңырап бос тұрған ғимаратты осындай сәулетті, қыста жылы, жазда салқын, іші айнадай жарқыраған заманауи мекемеге айналдырған Қайрат Ұзақұлының еңбегіне риза болмасқа шара жоқ. Өз жұмыскерлерін ұйымдастыра білген, жоқтан бар жасаған осындай басшының ісі көпке үлгі.

Бұдан кейін қонақтарға «Бақ-Дәулет» тойхана-мәдениет сарайының әншісі, ұлытаулық жас дарын Еламан Зәйни әннен шашу шашты. Ал Ғазиз ағамыз қазақ әндерін орындаудағы асқан шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көптен көріспеген ағайынның бір-біріне айтар әңгімесі таусылмады. Жиын барысында Төлеген ағамыз өңіріміздің тарихынан сыр шертсе, Ұлытау ауданы Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мақсұт Оспанов қонақтарды таныстырып өтті. Ұлытау ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Баймағамбетов көрсетілген сый-құрметке ағынан жарылып, алғысын айтты. Ұлытау жерінің киелі, халқының қонақжай әрі кеңпейіл екеніне бұған дейінгі саяхаттарымызда да көзіміз жеткен болатын. Өз тарапымыздан қонақтарға Алаш сыйлығының иегері, жерлесіміз Б.Мырзабековтың «Мәңгілік ғұмыр» кітабын тарту еттік. Ардақты ақсақалымыз Алаш Мырқалұлы бата бергеннен кейін, естелік суретке түсіп, қимастықпен қоштастық. Алла алдағы шуақты күндерде де кездесуді нәсіп етсін!

Бұл кездесу жай ғана басқосу емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ғибратты шара болды. Ауыл шаруашылығы дамыған Ұлытау жұртшылығының өңіріміздің азық-түлік бағдарламасына қосар үлесі зор, соны бағалай білуіміз керек. Жыл он екі ай мал бағып, егін салған ақсақалдарымыздың бейнеттің зейнетін көруі тек зейнетақымен шектелмей, осындай тағылымы мен маңызы жоғары іс-шаралармен жалғасын табуы тиіс. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің бұл тұрғыда тәжірибесі мол.

Өткен айда да ұлытаулық ардагерлерді Жезқазған мыс қорыту зауыты мен геологиялық кластердің тыныс-тіршілігімен таныстырған болатынбыз. Жоғары технологиямен жабдықталған зауыт пен кластердің маңызын мақтанышпен айтып, өскелең ұрпақты геология, металлургия саласына тартатын да – осы ардагерлеріміз. Жезқазған қаласындағы мұражайлардың есігі ардагерлер үшін әрдайым айқара ашық. Қазақ елінің келешегі жастардың қолында болса, сол жастарға өткен тарихты жеткізетін ақсақалдарымыз аман болсын!

Абулайс Мулаков,
Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы.

Проверьте Также

СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Визажист» курсын аяқтаған 25 түлекке салтанатты …