Пятница, 30.10.2026

МҰҚАҒАЛИ РУХЫМЕН СЫРЛАСҚАН. ТІЛ МЕН ПОЭЗИЯ МЕРЕКЕСІ

Сәтбаев қаласында қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын дәріптеуге және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған «Есіңе мені алғайсың» атты өзге ұлт жастары арасындағы қалалық байқау өтті. Танымдық әрі мәдени мазмұны терең іс-шараны Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.

Байқау Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткізіліп, жастар арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды, қазақ әдебиетін кеңінен насихаттауды және этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын күшейтуді мақсат етті. Іс-шараның басты ерекшелігі – қазақ тілін құрметтейтін, ұлттық әдебиетке қызығушылық танытатын өзге ұлт жастарының басын қосып, оларды поэзия арқылы рухани құндылықтарға жақындату болды. Байқаудың негізгі арқауы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналды. Биыл ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада оның өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен насихатталды.

Жүргізушілер ақынның тағдырлы ғұмырына тоқталып, Қарасаздан басталған шығармашылық жолының қазақ әдебиетінің алтын қорына айналғанын ерекше атап өтті. Небәрі 45 жыл өмір сүрген Мұқағали артына жүздеген лирикалық өлеңдер мен поэмалар қалдырды. Оның шығармаларында туған жерге деген сүйіспеншілік, анаға деген құрмет, адам тағдыры мен өмір философиясы терең көрініс тапқан.

Іс-шара барысында ақынның сөзіне жазылған әндер көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ақын сөзіне жазылған әндер кештің көркемдік мазмұнын байытып, қатысушыларды Мұқағали әлеміне тереңірек жетеледі.

Байқаудың ресми бөлімінде қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезең «Ақын жайлы мен не білемін?» атты интеллектуалдық сайыс түрінде ұйымдастырылды. Бұл бөлімде жастар Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін көрсетті. Қатысушылар ақынның өмірбаяны, шығармалары, әдеби мұрасы және қазақ әдебиетіндегі орны туралы сауалдарға жауап беру арқылы дайындық деңгейлерін дәлелдеді.

Екінші кезең «Поэзия – жүрек үні» деп аталып, қатысушылар ақын өлеңдерін жатқа әрі мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде жастардың тек мәтінді жатқа білуі ғана емес, өлеңнің мазмұнын сезінуі, көркем сөз мәдениеті мен сахналық шеберлігі де бағаланды.

Қазылар алқасы қатысушылардың өнері мен білімін арнайы бекітілген талаптарға сәйкес саралады. Қазылар құрамында педагогика ғылымдарының магистрі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағлан Оразалы төрағалық етті. Сонымен қатар «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Анита Галиуллина мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Сабыр қазылық жасады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай байқаулар мемлекеттік тілдің қоғамдағы біріктіруші рөлін күшейтуде маңызды құрал болып табылады. Әсіресе түрлі этнос өкілдері арасындағы қазақ тілінің беделін арттыруда мәдени-ағартушылық жобалардың маңызы зор. «Есіңе мені алғайсың» байқауы осы міндетті сәтті орындады деуге болады. Себебі қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін көрсетіп қана қоймай, ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын да паш етті.

Шара барысында көрермендер мен қатысушылар арасында ұйымдастырылған «Орамал тастамақ» ойыны да тілдік орта қалыптастыруға бағытталды. Ойын барысында қатысушылар мақал-мәтелдерді жалғастырып, өздері туралы, Сәтбаев қаласы туралы және қазақтың ақын-жазушылары жайлы әңгімеледі. Бұл бөлім жастардың тілдік қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдануға ынталандыруға мүмкіндік берді.

Байқау соңында жеңімпаздар марапатталып, қатысушыларға арнайы алғыс білдірілді. Естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылып, шара жылы әсермен қорытындыланды.

«Есіңе мені алғайсың» қалалық байқауы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ әдебиетін насихаттауға және жастардың рухани дүниесін байытуға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде өз мақсатына толық жетті. Мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, Қазақстандағы қоғамдық келісім мен мәдени бірлікті нығайтуға да қызмет етеді.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

СЕРТИФИКАТТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Визажист» курсын аяқтаған 25 түлекке салтанатты …