Воскресенье, 5.04.2026

ПАРАСАТ МАЙДАНЫ

«Кітап сыйлау» күніне орай қаламызда алғаш рет «ПАРАСАТ МАЙДАНЫ» оқырман клубы өз есігін ашып, алғашқы кітап талқы отырысын өткізді. Бұл – бір клубтың ашылуы емес, ойдың оянуы, сөздің салмақ табуы, тыңдаудың мәдениетке айналуы. Майдан – қылышпен емес, адамның өз ішіндегі надандықпен жүреді.

Іс-шараға жиналған клуб мүшелері пікір таластыру үшін емес, мән іздеу үшін бас қосты. Отырысқа арқау болған алғашқы кітап – Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы». Алғашқы кітапты осы шығармадан бастау клуб мүшелерінің ішкі ниетін айқындай түскендей. Қырық қағида – қырық ой, қырық сұрақ, қырық рет ішкі рухқа бетбұрыс әкелді. Кітап желісі көпшілікті сыртқы оқиғамен емес, ішкі сілкініспен баурады.

Кей оқырман өз бойындағы сұрақты таныды, бұрын батпаған ойына жолықты, ал кейбірі көптен бері үнсіз жатқан жүрегінің дыбысын естіді. Талқылау барысында адамдар бір-біріне емес, өз-өзіне қарап сөйлегендей болды. Әр қағида біреуге жұбаныш, біреуге ескерту, біреуге оянуға шақыру болғандай. Оқырмандар махаббатты «алу» деп емес «тазарту» деп ұғына бастады. Жақсы көру – иелену емес, Хаққа орын босату екенін сезінді. Бұл сезім – шаттықтан бұрын жауапкершілік әкелді. Кейбір көздерде үнсіз жас тұрды. Ол әлсіздіктен емес, танудан туған жас еді. Адам өз эгосын танығанда, оның ауырлығын да сезеді екен.

Іс-шараның ең өзекті, үнсіз тербеген тұсы – арнайы шақырылған құпия қонақ. Жолдың шалғайлығын сөз қылмай, Жезді шаһарынан ат терлетіп келген құрметті қонағымыз Гүлжанат Серікбайқызының әр сөзі дайын жауап емес, отырғандарды терең ойға шақыру болды. Құпия қонақ кітаптағы махаббат ұғымын логотерапия тұрғысынан тарқата отырып, адам баласының ең үлкен аштығы тамаққа емес, мағынаға екенін еске салды. Залда құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.

Бұл кештен кейін кітап жабылды, бірақ ой жабылған жоқ. Кей оқырман өз сөзіне сақ бола бастады, кейі өз үкіміне, кейі өз ниетіне қайта үңілді. Бұл ең терең әсердің белгісі. Нағыз кітап әсері – қуантумен емес, өзгертуімен өлшенеді. Ал бұл кештен шыққан әрбір жан аздап басқа адам болып шықты. Парасат майданы енді басталды.

Осы рухани толқынның жалғасы ретінде келесі отырысқа Санжар Керімбайдың «ҚУЫСКЕУДЕ» кітабы ұсынылуы – кездейсоқ таңдау емес, ішкі логиканың заңды жалғасы болды. Егер «Махаббаттың қырық қағидасы» жүректі тазартуға шақырса, «Қуыскеуде» адамның ішін толтырудың не екенін сұрайды. Бірі – махаббат арқылы Хаққа жақындауды айтса, екіншісі – азаптың өзінен мағына таба алған адамның ішкі еркіндігін көрсетеді.

Өз тілшіміз.

О Админ

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ДОДА

Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының төрінде ұлттық өнердің айбынын асқақтатқан айтулы шара – Ерден Сандыбайұлы …