Воскресенье, 5.04.2026

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ДОДА

Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының төрінде ұлттық өнердің айбынын асқақтатқан айтулы шара – Ерден Сандыбайұлы атындағы VI республикалық ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауының өтті. Кеншілер қаласында екі күн бойы күй күмбірлеп, қобыз сарыны қалықтап өнерсүйер қауымның рухын көтерді.

Бұл байқау 2014 жылы алғаш рет Ерден Сандыбайұлы атындағы қобызшылар байқауы ретінде бастау алған еді. Уақыт өте келе ауқымы кеңейіп, республикалық деңгейдегі ұлттық аспаптар додасына айналды. Игі дәстүрдің басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу, халқымыздың бай мұрасын насихаттау, патриоттық рухты нығайту, дарынды өнерпаздарды анықтау және дәстүрлі күй өнерін ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету.

Салтанатты жиынға Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев қатысып, өнерпаздарға ақжарма тілегін арнады. Ол ұлттық өнердің ел руханиятындағы орны айрықша екенін атап өтіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, қазылар алқасының төрағасы Базархан Қосбасаров байқаудың жыл сайын тұрақты өткізілуіне ұйытқы болып отырған қала әкімдігіне, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, кеншілер сарайының ұжымына алғысын білдірсе, «Ерден ұрпағы» қорының төрағасы Камариден Есназаров ұлттық аспаптардың қасиеті мен киесіне тоқталып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі. Жүрекжарды лебіздер қатысушыларға ерекше жігер сыйлады.

Кеш шымылдығы «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблінің әсерлі концертімен ашылып, Ермұрат Үсеновтің «Ерден толғауы» күйімен басталды.

Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дүбірлі додаға барлығы 40 үміткер қатысты. Оның ішінде 20 қобызшы, 10 жетігенші, 6 сыбызғышы, 4 сазсырнайшы бар. Әрқайсысы ұлттық өнердің шырағын сөндірмей, жаңа белеске көтеруге талпынған талапкерлер.

Байқауға қатысушылар бар өнерін ортаға салды. Домбыраның күмбірі, қобыздың қоңыр үні, жетігеннің сырлы сазы, сыбызғы мен сазсырнайдың әуезі бір жерде тоғысып, ұлттық өнердің тұтастығын айшықтады.

Ұлттық өнерді ұлықтаған дода жайлы толық материал газетіміздің алдағы санында жарияланатын болады.

Ізтай Белгібайұлы.

О Админ

Проверьте Также

ПАРАСАТ МАЙДАНЫ

«Кітап сыйлау» күніне орай қаламызда алғаш рет «ПАРАСАТ МАЙДАНЫ» оқырман клубы өз есігін ашып, алғашқы …