Жазғы демалыс маусымының екінші айы да орталап, мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарының жұмысы аяқталуға жақын. Осыған орай қаладағы жазғы демалысты ұйымдастырудың сапасы мен балаларға жасалған жағдайды зерделеу мақсатында қалалық мәслихат депутаттары мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында депутаттар қалалық мәслихаттың төрағасы Қайрат Балмағамбетовтің бастауымен Абай атындағы №4 мектеп-лицейі мен Әлкей Марғұлан атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде болды. Делегация құрамында мәслихат депутаттары Гүлмира Жаппасова, Шолпан Жангаскинова және Қоғамдық кеңестің мүшесі Ардақ Жүгінісов болды.
Халық қалаулылары лагерьлердің жұмысын, балалардың демалысын ұйымдастыру деңгейін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және тәрбиелік-танымдық іс-шаралардың өткізілу барысын зерделеді. Биыл қала бойынша мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлері 13 мектепте екі маусым бойынша ұйымдастырылды. Әр маусымның ұзақтығы 21 күнді құрады. Алғашқы маусым барлық мектептерде толық өткізілсе, екінші маусымда балалар санының азаюына байланысты лагерьлер тек төрт мектепте – Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде, Әлкей Марғұлан атындағы жалпы білім беретін мектепте, Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейде және №25 жалпы білім беретін мектепте жұмысын жалғастырды. Жалпы жазғы сауықтыру шараларымен 660 оқушы қамтылып, олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы балаларға басымдық берілді. Лагерьлердің негізгі мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамыту.
Депутаттар барған екі мектепте де балаларға қолайлы жағдай жасалған. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде қазіргі таңда 110 бала демалып жатса, Әлкей Марғұлан атындағы мектепте 90 бала жазғы демалысын өткізуде. Лагерь тәрбиеленушілері үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Демалыс бағдарламасы аясында балалар үшін түрлі спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар, шығармашылық байқаулар, тақырыптық сағаттар ұйымдастырылып, қаланың көрікті орындарына, музейлерге және мәдени нысандарға танымдық экскурсиялар өткізілген. Бұл шаралар оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануына мүмкіндік берген.
Аралау қорытындысында халық қалаулылары лагерьлердің жұмысын оң бағалап, сонымен қатар келесі жылғы жазғы сауықтыру маусымын ұйымдастыру барысында ескеруді қажет ететін бірқатар ұсыныстар мен мәселелерді назарға алды. Депутаттар балалардың қауіпсіздігі, демалыс сапасы және тәрбиелік жұмыстардың тиімділігі алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
