Өндірістің алыбы, отандық металлургия мен тау-кен өндірісінің қара шаңырағы – «Қазақмыс» корпорациясы тек өндірістік көрсеткіштерімен ғана емес, өз жұмысшыларына деген риясыз қамқорлығымен де ерекшеленеді. Компанияның осы бағыттағы ең ауқымды әрі маңызды құрылымдарының бірі – «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесі. Бұл кеңес – жай ғана қоғамдық ұйым емес, бұл – өмірін өндіріске арнаған, аймақтың дамуына өлшеусіз үлес қосқан қариялардың басын қосатын, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік қолдау көрсететін үлкен қара шаңырақ. Уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын сақтап, аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берген Кеңестің жұмысы жайлы толығырақ Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының басшысы Абулайс Түсіпбекұлы Мулаковпен әңгімелескен едік.
– Абулайс Түсіпбекұлы, Ардагерлер кеңесінің негізгі қызметі мен мақсаты туралы айтып өтсеңіз.
– Бүгінгі күні Сәтбаев филиалы бойынша Ардагерлер кеңесінің есебінде 3551 адам бар, оның 22-сі – тыл еңбеккерлері. Өмірін кен өндірісі мен металлургия саласына арнаған азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Біз олардың мәселелеріне бейжай қарамай, жан-жақты қолдау көрсетуге тырысамыз. Сондықтан Ардагерлер кеңесінің басты мақсаты – өндіріс ардагерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту және қоғамдық өмірден шет қалмауына жағдай жасау. Алайда Кеңес тек ардагерлердің басын қосатын ұйым емес, бұл – өңірдің тарихи жадысын сақтайтын маңызды құрылым. Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш өңірлерінің өндірістік тарихы, алғашқы кеншілер мен металлургтердің ерен еңбегі кейінгі ұрпаққа дәл осы ардагерлер арқылы жетіп отыр. Сол себептен жас ұрпақты еңбекке баулу, өндірістегі дәстүр сабақтастығын сақтау да біздің маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады.
– Ардагерлердің қоғамдық өмірге қатысуы, бос уақытын тиімді өткізуі қалай жүзеге асады?
– Біздің ардагерлер өте белсенді. Олар қалалық мәдени және қоғамдық шараларға тұрақты түрде қатысады. Біздің ұйымдастыруымызбен ардагерлер арасында спорттық жарыстар, шахмат-шашка турнирлері, танымдық кездесулер мен концерттік бағдарламалар жиі өткізіліп тұрады. Мұндай шаралар қариялардың бос уақытын тиімді өткізуге ғана емес, олардың өзара байланысы мен достығын нығайтуға да үлкен ықпал етеді.
– Кеңес мүшелеріне қандай нақты көмек түрлері көрсетіледі?
– «Қазақмыс» корпорациясы жыл сайын ардагерлерді қолдауға қомақты қаражат бөліп, шынайы қамқорлықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ардагерлер кеңесі осы игі істердің басы-қасында жүріп, көмектің әрбір мұқтаж жанға тікелей жетуін қадағалайды. Кеңес тарапынан жалғызбасты және көмекке мұқтаж зейнеткерлерге, еңбек ардагерлеріне материалдық көмек ұйымдастырылады. Денсаулығына байланысты мәселелер туындаған жағдайда медициналық қолдау көрсетіліп, шипажайларға жолдамалар беріледі. Мәселен ардагерлер үшін Жезқазған медициналық орталығында емделуге 185 000 теңге көлемінде жеңілдік қарастырылған. Ал Профилакторийде небәрі 15 500 теңге төлеп, он күн бойы жатып емделуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар, атаулы мереке күндері ардагерлерімізге арнайы сыйақылар мен әлеуметтік көмектер тұрақты түрде үлестіріледі.
– Биылғы бірінші жартыжылдықты қорытындыласақ, қандай ауқымды жұмыстар атқарылды?
– Біз биылғы жылды өте белсенді бастадық. Атқарылған ауқымды істерді айлар бойынша тізбектеп айтып өтсем, қаңтар айында 25 ардагеріміз Ұлытау аудандық музейіне саяхат жасап, аудандық Ардагерлер кеңесінің мүшелерімен кездесті. Сонымен қатар Жезқазған қаласындағы Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінің жәдігерлерімен танысты. Сондай-ақ «Ата өсиеті – ұрпаққа мирас» тақырыбында мектеп оқушыларымен тәрбие сағаттарын өткізіп, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттады.
Ақпан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын талқыладық. Орталық кітапханада Қазақстан Республикасы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Б.Алтынбековпен кездесіп, жаңа Конституцияға енгізілетін өзгерістер төңірегінде пікір алмастық.
Наурыз айында Халықаралық әйелдер күніне орай 10 ардагер анамызды құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында орталық аурухана алдында екі киіз үй тігіп, кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырдық. Сонымен қатар, Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің 60 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Көктем басталғаннан бері ардагерлер апта сайынғы сенбіліктерге тұрақты түрде қатысып келеді.
Сәуір айында Геологтар күніне орай 21 ардагер Жезқазғандағы геологиялық кластерге танымдық экскурсия жасады. Көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың Қарсақбай жерінде еңбек жолын бастағанына 100 жыл толуына арналған шаралар аясында Қарсақбай мен Жезді кенттеріне сапар ұйымдастырдық. Осы кезеңде мектеп оқушыларымен бірнеше тағылымдық кездесулер өткізілді. Экологиялық акция аясында орталық аурухана аумағында сенбілік жасап, 46 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Мамыр айында Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік шараларға белсенді қатыстық. Сондай-ақ Ұлытау ауданының ардагерлерін қабылдап, оларды өңірдің өндірістік және тарихи нысандарымен таныстырдық.
Мұның барлығы ардагерлердің қоғамдық өмірден қол үзбей, өңірдің әлеуметтік, мәдени және рухани дамуына белсене үлес қосып отырғанының жарқын дәлелі.
– Жас ұрпақпен, жас мамандармен байланыс орнату мәселесі қалай реттелген?
– Бұл – біздің жұмысымыздың ең маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Біздің ұйым алтынға бергісіз тәлімгерлік институтының рөлін атқарады. Өңірдің өндірістік шежіресі, алғашқы кеншілер мен металлургтердің ерен еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа дәл осы ардақты қарияларымыз арқылы мирас болып қалады.
Сондықтан жас мамандармен кездесулер өткізіп, кәсіби құпиялармен бөлісуді және еңбек әулеттерінің дәстүрін дәріптеуді ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Әсіресе, жаңадан қабылданған жас жұмысшылар өндірістің қиындығына төтеп беруді, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды және өз мамандығына адал болуды осы ардагерлердің әңгімелері мен насихаты арқылы үйренеді. Өйткені еңбек адамының өмір жолы, өндірістегі тәжірибесі мен көрген-түйгені жас буын үшін үлкен мектеп. Осылайша өндірістегі сабақтастық сақталып, еңбек дәстүрлері жалғасады.
– Алдағы уақытқа жоспарланған қандай нақты жобаларыңыз бар?
– Жыл соңына дейін жоспарланған іс-шараларымыз аз емес. Ардагерлердің танымдық және рухани бағыттағы сапарларын жалғастыруды көздеп отырмыз. Мәселен, бүгін 19 маусым күні Кеңестің 18 ардагері Қойлыбай әулие кесенесіне арнайы саяхат жасайды. Ал 18 шілде күні тарихи-танымдық бағыттағы тағы бір сапар ұйымдастырылып, ардагерлер Кейкі батыр үңгіріне барады.
Тамыз айында Кеншілер күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар өткізу жоспарланған. Осыған орай «Юность» стадионында ардагерлер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен мәдени-көпшілік бағдарламалар өтеді. Сонымен қатар мереке қарсаңында киіз үйлер тігіліп, қатысушыларға дастарқан жайылып, түскі ас беріледі.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жастармен кездесулер, патриоттық және тәрбиелік іс-шаралар, тарихи-танымдық экскурсиялар, мәдени басқосулар, қайырымдылық акциялары мен сенбіліктер өткізу көзделген. Біздің мақсатымыз – ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасап қана қоймай, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сондықтан алдағы уақытта да өңірдің қоғамдық және рухани өміріне үлес қосатын көптеген жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
– Сіз Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты ретінде де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсіз. Депутаттық қызметіңіз аясында атқарылған маңызды істердің біріне тоқталып өтсеңіз.
– Депутаттық қызметтің басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді уақытылы көтеріп, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал ету. Соңғы жылдары қаламыздағы әлеуметтік нысандардың тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне ерекше көңіл бөліп келеміз. Мәселен, Сәтбаев қаласының орталық ауруханасы біздің тұрақты назарымызда.
2025 жылы аурухананың СПТВС мекемесі алдында 353 миллион теңге көлемінде үлкен қарыз мәселесі туындаған болатын. Бұл аурухананың жұмысына үлкен қауіп төндірді. Осы түйткілді шешу үшін мәселені тиісті деңгейде көтеріп, қаржыландыру қарастыруға бастамашы болдық. Нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, аурухананың қалыпты жұмысын жалғастыруына мүмкіндік жасалды.
Бұл ретте Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысовтың қолдауын ерекше атап өткім келеді. Ол кісі Сәтбаев қаласының әлеуметтік мәселелеріне әрдайым жанашырлық танытып, аталған күрделі мәселенің шешілуіне үлкен қолдау көрсетті.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге береке берсін.
– Рақмет. Ардагерлер – қоғамның алтын қазығы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым құнды. Сондықтан біз ардагерлеріміздің қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасап, олардың еңбегін ұлықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз.
Өмірін өндіріс саласына арнаған еңбек ардагерлерінің қоғамдағы орны ерекше. Олар тек ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын бай тәжірибе мен тағылымды жол қалдырды. Ардагерге құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген қамқорлық. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесе, елдің де, өндірістің де болашағы баянды болады.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна
