Өзен жағасындағы биіктеу жарқабақтың дәл жиегін иектей келіп өскен жас теректің селдір жапырақтарынан ойнақши сығалаған күн сәулесі бетін жылы шуағымен дамылсыз қытықтайды; бұл аракідік қана желп етіп тынар марғау самалға керенау ғана бас изеп қалып тұрған балауса талдың ұсақ жапырақтарына ұзақ қарап тұра алмай, көзін еріксіз көлегейлейді; былайғы жұрт түгілі көбіне өзі де сұқтана қарап қалатын бір міні жоқ құлын мүшесін біресе күннің шашырай сығалап, аймалауға асыққан жылы шуағына, біресе ара-тұра лүп еткен самалға тосып, аударылып-төңкеріліп, керіліп-созылып өзімен-өзі мәре-сәре.
Төменде, әрірек құмдауыт жағада , бір шуды бір шуға қосып, айран-тасыр суға шомылып жатқан балалардан білдірмей сытылып келіп, жасырынған жері осы болатын: жас теректің көк майса ұйысқан етегі алғашында сыздау болып көрінгенімен, енді қоздаған қаламтадай тәнін шым-шым қыздырып әкетіп бара жатқан тәрізді; оған көктен құйылған жылы шуақ қосылып, тұла бойын балбыратып жіберсе, балауса көкке қосыла таяу маңда шоқ-шоқ болып өскен итмұрынның күні кешелері ғана бүр жарған гүлдерінен аңқыған хош иіс тынысын қауып, масайтып тастағандай еді. Шынында, күн қызуынан қуат алып, бойларына шуақ жүгіріп, дүркірей масайраған айнала тіршілік сені өзімен ілестіре масайратпасы, көңіліңді масайтпасы мүмкін емес-ті. Әне, бұрындары жарқабақ ернеуіне тырмыса ілініп тұрған, кейін бала-шаға артыла-артыла құлатқан кәрі жыңғылдың білем-білем болып қураған тамырына айдаладан қаңғалақтап жеткен ала қанат ақ көбелек келіп қонақтап еді, демде қызыл сабақты гүлге айналып, ол да жан біткендей түрге енген. Әуеде ұйыған тіршіліктің осы салтанатты деміне қосылып, бір кезде бозторғай сайрап қоя берді. Оған екіншісі, үшіншісі ілесті…
енет төменнен топты баланың көңілді шуынан жырылып, шырылдай шыққан нәзік үн жетті құлағына:
– Сәния! Сәния!
Шомылудың қызығына түсіп кетіп, араларында апасының жоқ екенін енді ғана байқаған бала судан шыға жан-жағына алақтап, жаға маңынан ұзамай әрлі-берлі мұның атын атап дауыстай жүгіріп жүр. Мұның інісінен, балалардан жасырынып қалатын тұсы көп еді бұл маңда: бірі осы жас теректің қалқасы болса, бірі сонау балалардың аржақ тұсында көрініп тұрған бұталар шоғыры, тіпті бұл өзеннің арнасы еңсіздеу тұсынан су астымен жүзіп барып келесі жағаға да шығып кететін. Соны білетін бала қулығын тағы да асырып жасырынып қалған апасын қай маңнан іздерін білмей шыр айналып дауыстайды, дауыстай салып, «дыбыс берер ме екен» дегендей құлағын тосып тың тыңдай қалады. Бірақ, ешқандай дыбыс болмады. Кенет, өзі жасырынып, сығалап жатқан жас терек жаққа көзін ұзағырақ қадап, тың тыңдай бір басып, екі басып ілгері оза берді де қалт тұрып қалды: дәп басып таба алмай, апасының мазағына қалудан сақсынып тұрғаны ол. Ақыры, амалы таусылып, берілген сыңайда отыра кеткен. Сол кезде сылқ-сылқ күліп Сәния жас теректің қалқасынан шыға келді. Осы уақыттары мына масайраған тіршілік салтанатына кеуделерінде қуана үн қосып, дүрсілдей соққан балғын жүректерді әнтек еткізе құлақ түргізіп. «Сәния! Нұрлан!» деген жандарына аса жағымды, көктен құйылған күннің мына сәулесіндей шуақты да аяулы дауыс естілді. Бірі биіктен, бірі төменнен дауыс шыққан жаққа жалт қарасқан: жер дүниені елжіреткен табиғат күніндей бойынан мейірім ескен анасы биязы жымиып, ауылдан келетін соқпақпен баяу басып түсіп келеді екен. Үстіндегі аппақ шәйі жібек көйлегі, желке тұсынан байлаған қап-қалың толқынды қара шашы, кең маңдайлы аппақ дидары оны орта ғасырлық суретшілер бейнеден кеткен Құдай-ана бейнесіне ұқсатқандай. Сәния қалың топырақты жарбақтан орғи секіріп, жағадағы киіміне бұрын ұмтылған інісінің соңынан қуып берді; киімге қатар жеткен екеуі оларына асығыс-үсігіс қолтықтарына ұмыр-жұмар қыса сала аналарына қарай жарыса кері жүгірді. Сәния алты жас үлкендігіне басып, ұзай озып кетіп, Нұрланды жылатып барады, өзі оған мәз. Міне, ерекше мейірім шуағы аңқыған ана құшағына Сәния бұрын келіп қойып кеткен еді, анасы оны күлімсірей маңдайынан иіскеп, «сен ересексің қой, құлыным» дегенді шуақ толы жанарымен ұқтырып, сол жақ кеудесіне қарай ысыра икемдеп, осы кез ызыдан қып-қызыл болып булыға жеткен ұлын оң жақ кеудесіне қысып, маңдайынан құшырлана иіскеген. Сәлден кейін үшеуі биіктен асып, масайрай шаттанған табиғатқа сіңіп бара жатты…
Енді бірде шуы құлақ тұндырған үлкен қаланың көшесін кесіп өте бергендері сол еді, қайдан тап болғаны белгісіз, шетелдік бір жеңіл машина зуылдап келіп қалған екен. Сәния жандәрмен бір бүйірге жалт беріп үлгерді, атында тарс-тұрс соқтыққан дауыс естілді, маңайдағы жүргіншілердің жан ұшыра шыққан ащы айқайларына селт етіп мойнын артына бұрғанда үрей ұялаған аялы жанарына анадай жерге ұшып барып бүктісе құлаған Нұрлан ілікті!..
– Нұрлан!!!
Тәтті түсін жасын түскендей быт-шыт еткен сол бір қорқынышты оқиғаның санасындағы жаңғырығы мұның жан даусын шығарып, төсектен жұлып алған еді…
***
– О, сұлу бикеш! Неден қорықтың, а? Қатты айқайладың… Келе ғой бермен… Орысшаны тілін бұрап сөйлеген үсті-басы түктен көрінбейтін жүндес грек үстеріндегі ақ жамылғыны серпіп тастап, Сәнияның тізеге дейін ашылып қалған аппақ, құлындай мүшесіне төменнен басқа, бастан төмен қарай сұқтана қарады. Сосын көрген түсінен ес жия алмай есеңгіреп қалған қыздың кенет селк етіп, жалаңаш тәнін жалма-жан жасыруға тырысқан қарекетіне мән берместен кесеге ұйытып, кеудесіне жаңа әзірде төңкере салған уыздай дір-дір еткен қос анарын бас салып, түкті тұмсығымен умаждап, сол томпиған аппақ уыздың дәл үстіне қадалып түскен уылжыған қып-қызыл мейізді тілмен іліп ашқарақтана сүйді. «Сенде тәжірибе жоқ…бірақ, мен сені ұнатат… ақша аямайт…» деп жыртқыштың уысына түскен көжектей қалтырап, бетін майда тер жапқан дымқыл, уыз дененің иісіне, сымбатына мас болған қалпы тырбыңдап үстіне қона берді…
…Бұрын ғұмыры қолына алып көрмеген, алайда, дәп қазір қызықтап қарамақ түгілі ұстап тұруға дәті шыдамай, қол сөмкесіне атып ұрған су жаңа қатырма 100 долларды қонақүйдің астыңғы қабатында орналасқан айырбас пунктінен теңгеге айналдырып алды. Әбүйір болғанда, кезек күтіп аялдаған жоқ, кісі көп болып күтуге тура келген жағдайда беті дуылдап, көп ішінде шыдап тұра алмасын алдын ала түйсінген. Сонда да болса, «бұл қыз таң атпай долларды қайдан алып жүр, ертелеп мұнда неғып жүр» деп айырбас пунктінің кассирі де, астанадан келген таңғы поездан түсіп, қоналқыға осында бұрылған бірен-саран адамдар бұған күдікті көзбен қарағандай, қарайтындай көрініп кетті өзіне. Сосын қолын күйдіре жаздағандай болған көкала қағаздан құтылып, кассирдің ұстатқанын санап жатпай сөмкесіне сала жылдам басып сыртқа беттей берген еді, есіктің тұсында білегінен біреу шап беріп ұстай алды.
Сәнияның жүрегі қапелімде тоқтап қала жаздағандай болды, сәлден соң ғана барып өзі-өзіне келгенде мұның білегіне жармасып жүрген кеше кешкісін кіреберісте бұған темекісін бұрқырата шиырып, тұла бойын тінте шолып өткен қыз екенін танып бір жағынан таңырқап қалды. Шашын қысқалап кесіп, бет-ауызын баттастыра бояп алған, қара былғары куртканың ішінен өңірі, етегі толық мықыннан төменгі жердің байлығын былайғы жұртқа барынша жар салып көрсетіп, оқтаудай жұмыр толық денесіне дене болып жабысып тұрған қызыл тоқыма көйлек киген қыз:
– Өзінше сыпайы бола қалған түрін!… Жұрт құсап сыпайы киініп алып, кәсібіңді жұрттан жасырғың келеді екен?! Сен аннан шықтың ғой… – деп ай-шай жоқ бұған жасанды кірпікпен онсыз да бадырая түскен алалы көздерін ежірейте қадады. – Біздің нанымызды тартып алатын сен кімсің!? Давай, процент әкел!…
Бассалып тиісе кеткен оның мына қылығынан абдырап қалған Сәния ананың ежірейген ұсқынынан бұрын анадай сөзін естігенде шошып кетті әрі демде екі беті ду етіп тұтанып ала жөнелді; жалма-жан қолын тартып алмақ болып жұлқып еді, бәлекеттің саусақтары әлеуетті екен, ұстаған жерін батыра, ауырта қысып босата қоймады.
– Сен жайшылықпен құтылып кетемін деп тұрсың ба? Процент әкел деп тұрмын ғой мен саған! Әйтпесе түні бойы тапқаныңның бәрінен айырыласың, қаншық! Ол саған доллармен берді ғой… Көзің жәудіреп неменеге мүләйім бола қалдың, мен жүздікті айырбастағаныңды көрмеді деп тұрсың ба, салдақы? Түні бойы соның қасында мияулағаныңды да білеміз біз. Оңбаған!
Соңғы сөзді айтқанда оның көзі қонақүйдің жоғары қабатына қарай ақшаң етті. Мұның әр қимылын сырттай бақылаған жіті көз болса, оның соңғы сөзі Сәниямен болған грекке арналғанын аңғаруға болар еді: бірақ, екеуінің шуына еріксіз назар аударып, жүрістерін баяулатып аңтарыла өтіп жатқан адамдардан анау жан дүниесі ғұмыры естіп көрмеген ауыр-ауыр сөздерді үйіп-төккен сайын жерге кірерге тесік таппай қысылып, ақыл-есінен жартылай айырылып қалған Сәния оны аңғара қоймады. Бар болғаны:
– Жіберіңіз, қолымды ауырттыңыз, менде неңіз бар! – деп қолын ауырсына жұлқып, жалына шырылдаған. Осы кез қастарына еңселі полицей жетіп келді, келе анаған бассалды:
– Сен бе тағы шу шығарып жатқан? Кәне, мына қызды босатып, дереу тайып тұр! – деді оған нығыздай сөйлеп. Әлем-жәлем қыз қарсы жауап қатпақ болып, қабағын түйіп келе жатыр еді, полицей оның Сәнияның білегінен мықтап ұстаған қолын білезіктен қатты қысып босатып алды да, ішке қарай дедектетіп ала жөнелді.
Қапелімде келіп тас кенеше жабысқан пәлекеттен әупіріммен құтылған Сәния сыртқа бетін басып жүгіре шықты; сыпайы киінген, биік қара туфлиіне толық балтырлы түп-түзу аяғы жараса қонған, сұлу мүсінін үстіне ілген жұқа костюмнің өзі жасыра алмаған, үлбіреген ақ дидарлы мына арудың осында «кәсіп» ететін әлгі жезөкшеге қанша қатысы барлығын, оның бұған соншалықты неге өшіккеніне түсіне алмай абдыраған жұрт иықтарын қиқаң еткізіп қала берген…
***
Үлкен қаланың бір шетінен жалдап тұрып жатқан времянкасына қалай келгенін білмейді; есіктен кіре төсекке өкіре құлады: кей-кейде адамға өз даусың да жат, суық болып естіледі екен-ау. Сәния қазір бір жағынан осыны да сезініп үлгерді. Өзі емес өзгенің көмейінен шыққандай сұмдықтай жат, қатқыл да тарғыл дауысқа барынша ерік беріп, барша жан дүниесімен, тұтас тұла бойымен солқылдап тұрып ал ағылсын келіп. Сонда тарғыл дауысты өксіктің иіріміне жиырмаға жанға ғана шыққан уыз ғұмырдың барлық есте қалар сәттері иіріліп келіп тоғытылды-ай дейсің: аяулы анасының көзі тірісіндегі шаттықтың айдынында еркін шомылған алаңсыз тірлік те, соңғы алты-жеті жылда анасынан қалған шаңырақ байлығын ұқсата алмай тоз-тоз етіп, онысымен қоймай бақуатты бай таптым деп қуанып келіп, енді сол байлықтың қожырап бара жатқанына дәрменсіз қалыппен заман қиындығына зарлай шағынып, жаныңды зәрезап ететін заржақ өгей шеше мен баяғы кеуде қағып жүрер тірлігінен жаңылып, жуасып, жүдеп қалған әкенің мүсәпір болмысы; анадан айырылып қалғалы ерте ересек тартып, Сәнияның қас-қабағына қарап, басқан ізінен қалмай тек осыны пана тұтар інісі екеуінің үйден кетіп, үлкен қалаға келгелі бері бастан кешкен ауыртпалықтары көңіл көзі алдынан зуылдай өтіп соған келіп құйылуда. Айтуға ғана оңай болғанымен, тұтас өмірінің тініне айналған басты қадау-қадау қуанышы мен күйініштерін алма кезек еске түсіріп, үстемеленген сайын өксік иірімі де лықсып, кемерінен асып төгіле түседі. Ең соңында кешелі-бүгін осыған дейін кір шалмаған, алдан асқақ армандармен мұнартқан аппақ парақтай болып алға көсіліп жатқан ғұмыры мен барлық жан-дүниесіне, арман-мақсатына, мендік бітім-болмысына енді ешқашан да өшіріп кетіре алмастай етіп жалпақ қап-қара жолақпен шек қойғанын түйсінгенде өзінің тұла бойын, сана-түйсігін мұздай суық леп алып, өзіне-өзі жат болып шыға келгендей көрінген. Сол сәт бағанағы жылас жылас па, ал ышқына келіп еңіресін! – Қызым-ау, саған не болды?! Қызым-ау, не болды?! – деп осы кез үй иесі, етжеңді Нина апайы кіріп келіп, төсегінде алас ұрып жылап жатқан қызды шошына құшақтай алды. Бетін жас айғыздап, тұла бойын тер басқан Сәния кемпірдің құшағына аңыраған күйі асыла кетті, оны бауырына тарта қысып, жауырынан сипалай берген Нина Федоровна:
– Құдайым-ау, бұл не қасірет тағы?! Сония, айтшы, Нұрланға бірдеңе болды ма?! – дей берді үрейленіп: Қыз жауаптың орнына жылауын тоқтатпай үнсіз басын шайқай берген. Осыдан екі апта бұрын көшеде мәшина қағып ауыр жарақатпен ауруханаға түскен Нұрланның әйтеуір тірі екенін ұққан Нина Федоровна талықси өксіген қызды жайлап төсегіне жатқызып, пісіріп жатқан сүттен ыстықтай әкелуге үйіне қарай жүгірді. Қайтып келіп әлі де бүк түскен күйі егіліп жатқан қыздың үстіне көрпені қымтай жауып, жанына орындықты тақап, әкелген сүтін қойды да, «енді мазаламайын» дегендей үнсіз шығып кетті. «О, құдайым-ай, бұл сорлы балалар не жазды сонша? Інісі анау, кәріп болып қалмаса болар еді… уыздай жас қой әлі… Дегенмен, бұл қыз неге жылады екен сонша, ә? Түнде үйде болмады-ау деймін. Бірдеңеден қорланып, жәбірленіп қалған сыңайлы-ау…» Сәнияның бүгінгі жұмбақ күйіне түсіне алмай, дал болып басын шайқаған қалпы Нина Федоровна үйіне кірді. «Антүрған заман болды ғой! Ақысын төлемесең, ауруыңды да емдемейді бұлар, – деп бір сәт дәрігерлермен де іштей ұрысып кетті. – Оған дәке керек, дәрі керек, мұның бәрі қып-қызыл ақша… Бір мезгіл тамақ апарып бермесе, тағы болмайды. Соның бәріне ақшасы таусылып, қорланып жүр де Сония. Арнаулы білімі де, игерген кәсібі де жоқ, қалаға кеше ғана келген қызға жөндем жұмыс қайдан табыла қойсын? Бұрынғы бардың бәрі қирап, өздері қысқарып жатқанда бар жұмыстың өзі қалалықтардың өздерінен артыла қойсын ба?.. Мұнда оларды не сор айдап әкелді десейші… Қой, оған мен бірдеңе пісіріп берейін, өзіне өзі келген соң апарып берсін бейшара қыз», деп күбірлей сөйлей жүріп Нұрланға тамақ дайындау қамына кіріскен сосын.
***
Нина Федоровна бұрын қаланың орталығына саналса, қазір шеткері аймағына айналып кеткен бөлігінде марқұм күйеуі қолдан тұрғызған жер үйде тұратын. Қазір бұл арадағы үйлердің қала ішіндегі үйлермен салыстырғанда бағасы әлдеқайда арзанға түсетін, сондықтан, ауылдан жағдайлары төмендеп, ендігі үмітін қалаға артып осында жаппай үдере көшіп келе жатқан көпшілік өзінің бұрынғы отандарына қоныс аударып не өздерінің қала ішінен бұрын қамдап қойған пәтерлеріне ауысып алған тұрғындардың босаған үйлерін арзанға алып қалуға осында ұмтылуда еді. Үлкен қаланың ескі жұрты саналатын осы аймақтан көшіп кетіп жатқандар қаншама көп болса, олардың орындарын басып қалуға асыққан жергілікті халықтың олардан да көп екендігін көріп Нина Федоровна еріксіз таңданар еді. Сонау соғыс кезінде Дон жағалауынан осында қоныс аударғанда басындағы баспанасын, алдындағы асын бөлісіп паналатқан қазақтар енді сол ауылдан күнкөріс таба алмай, өздерінің бауыр басқан, бір кездегі құтты мекендерінен –енді негізінен өздері кезінде паналатқан адамдардың тұрағына айналған қалаға қарай ағылуы өмірдің қандайлық кереғарлығы еді деп бас шайқап та қоятын. Бірақ, мұнда да олардың жарытып жұмыс тауып жатқандары некен-саяқ болатын: көпшілігі әлі де сол қалаға алдымен тиетін зейнетақыны тоқ тұтып күн көруде екенін аңдамай жүрген жоқ. Жиырмаға жаңа шыққан мына қыз бен қаршадай інісі екеуі ауылдан қалаға жөңкілген сол толқынның ішінде қаңғалақтаған жаңқадай еді. Олардың анасы қайтыс болып, тұрмыс жағдайларын қожыратып жіберген өгей шеше мен кейінгі кезде ішімдікке бой ұрып кеткен әкені қалдырып осында келгендеріне алты айдың жүзі де болып қалыпты. Келген бетте времянка үшін ақшаларын алдын ала төлеуін төлегенімен соңғы кездері, әсіресе, Нұрлан мәшина апатына ұшырағалы бері қаржыдан қатты қысылып жүргенін іштей сезетін. Тіпті, осы кейінгі бір апта ішінде нәр татпады десе де болады-ау бейшара қызды. Бұл аяп, тамаққа қанша шақырса да намысқой қыз келіп көрген емес. Күнде таң ата кетіп, кешкісін бұратыла, құр сүлдерін сүйретіп келіп тарс бүркеніп жатып қалатынын көріп те, аңдап та жүр. «Көрік десең, көрік, ақыл десең, ақыл жетеді өзінде. Бағы ашылып кете қойса жақсы-ақ. Өстіп жүріп бұзылып кетпесе неғылсын, – деп ойлады Нина Федоровна. – Қаланың аты қала ғой…» Балиғатқа енді жеткен шағында айырылып, содан бергі жеті жыл ішінде аяулы анасының мейіріміне зар жетім болып өскен Сәния Нина Федоровнаның анасындай аяушылық білдірген жылы құшағынан соң әрі аяулы анасының мейірім шуағының табы қалған ұядай көрпе астына енген соң талықсып ұйықтап кеткен еді.
***
Өздері тұрған ауылдың күн шығыс беткейіндегі жазық алқап екен дейді. Бұл өзі көкжиектен бермен қарай қиыстай ирелеңдеп, жағасына жолақ-жолақ қалың тоғай қаулатып келе ауылға таянар тұста ауқымды доға жасап, қайтадан қиыстап барып, кілт батысқа бұрылып кететін өзен арнасының ортасында сонау көз ұшындағы көгілдір тауларға ұласып барып құлайтын кең қолтық жазық-ты. Ол Табиғат шебердің өзі аспан әлемнің беймәлім қонақтары келіп қону үшін жасап қойған әуежайдай көрінетін Сәнияға: басқа төңіректің барлығы Арқаның кәдімгі сиыр бүйрек адырлары болып келгенде, дәл сол алқап тақтайдай теп-тегіс болатын. Сол жазықты бүгін мамықтай аппақ алғашқы ұлпа қар басқан екен; тек жазық алқап қана емес-ау, айнала тегіс: жаз бойы өздері суға шомылып, жағасынан шықпайтын өзен де, оны жағалай өскен қалың тоғай да, сиыр бүйрек адырлар да – бәрі-бәрі аппақ түске малыныпты. Жер жаңа әзірде ғана жаратылғандай, жаратыла сала аппақ тазалықтың, мөлдір пәктіктің белгісіндей болып ұлпа мамық қар жауғандай ауа қандайлық көгілдір кәусар еді, шіркін: тоймайсың-ау, тоймайсың, ашқарақтана жұта бересің, жұта бересің…
Жұтқан сайын жан сарайың жадырап, кеудеңе сиқырлы күш құйылып жатқандай – алпыс екі тамырыңды жайлаған сол сиқырлы күштен жұдырықтай ғана жүрегің кеудеңе сыймай тулап, көңілің алысқа – сонау көгілдір тауларға алып ұшқандай; қиялың шырқап, саған тіршілік қуатын беріп тұрған мына аппақ қар жамылған Жер анадан көтеріліп қыран биікке самғағың келгендей; күн ғана сүйген ұшар басына, сиқырлы сыр бүккен қойнау-қолтығына адамның да, аңның да аяғы тимеген сонадайдан мұнартқан таулардай алыстан арбап, жарқын да тылсым келешегіне ынтызар еткендей. Сәния өмірге ғашық жүрекпен жер дүниеге елжірей қарап, тіршіліктің сиқырлы сәтіне қуана шаттанған қызға көктен күлімсірей шуақ төккен Күннің жерге шашқан шашуындай ұлпа қар бетіне шашырап түскен мың сан сәулесінен көзі қарығып, көзі қарықса да көсіп алмақ болып тұра ұмтылады, уыстағы мың сан сәулені қайыра шашып жіберіп аппақ ұлпа көрпеге аунай кетеді. Міне, ғажап: қасында бұған күлімсірей көз тігіп аяулы анасы, ар жағында құлындай орғып інісі жүр ғой! Қырыққа жақындаса да бетіне бір сызат әжім түспеген қарақаттай қап-қара мөлдір жанарынан мейірім ғана ескен ай дидарлы анасы қашанда мұның қасынан табылады ғой, бәсе! Әкесі ме, әрине, әкесі де мұны жанындай жақсы көреді. Алайда, оның жұмысы көп қой: бұрын бас зоотехник болып жүргенде айлап ауыл аралап кетуші еді, қазір шағын қожалықтың басшысы болғанымен, бәрібір жұмысы азаймай қойды өзінің. Оған өкпелеуге болмайды: осылай алаңсыз асыр салып жүргендері де соның арқасы емес пе. «Аяулы анам! Ардақты әкем! Қымбатты інім! Мен бәріңді де сүйемін! О өмір, әрине, сені де!». Табиғаттың ғажайып сәтіне қуана масайрап, жанынан жақын адамдардың бұның келешек бақыты үшін ештеңе де аямас шексіз ықыласын тұла бойымен түйсініп шаттанған Сәния:
– Апа, өмір сүрген қандай жақсы! – дейді дауыстап. – Қарашы, әне анау тауларды көріп тұрсің ғой, соларға барғым келеді, адам шықпаған биік-биік төбелеріне шықсам ғой!…
– О, құлыным, ботам! – дейді анасы әдетінше екі төлге бір-ақ теңеп. – Ол таулар сенің, мына Нұрланның келешек биік бақыттарың ғой! Алдарың қашан да мынадай сайраған аппақ жазықтай болып кір шалмай жетіңдер биіктеріңе! Соны көріп өлсек, бізде арман жоқ!…
Анасының соңғы сөзі тіршілік шуағына масайған қыздың нәзік жүрегін солқ еткізеді, «өлгені» несі, жоқ өлме сен, жан анам!». Кенет әлгі әзірде ғана күлімсіреп тұрған анасы да, өз бетінше құлындай орғып асыр салып жүрген інісі де ғайып болып кетті: көктен де, жерден де толықси құйылып жаныңды жадыратқан табиғат шуағы да сап тиылып, дәмде оның орнын мұздай суық ызғарлы леп басқан. Мынаң қара! Жап-жаңа аппақ болып көсіліп жатқан кең жазықты жосыла шұбырған қалың малдың ізі соңынан қара шұбар жалпақ жолақ тастап, дәл қарсы алдынан қиып өтіпті! Жоқ, мынау малдың шұбырынды ізі емес, қап-қара бояу ғой, тұра тұр, сөйтсе, қап-қара бояу дегені қап-қара мақпал костюмнің жеңі болып кетеді: жеңді бойлай көз салса, о тоба-ай, анадайда алыптай зорайып беті жымия жылтыраған, кеше өзін қонақүйде «көңілін көтерсең болды, бұдан кейін ақша проблемасының не екенін ұмытасың! Сендей арулар ақшаны уыстап, уыстап шашып жүру керек қой. Заман күшті де айлакер еркек пен сұлу әйелдердікі…» деп сол қарғыс атқыр ақша үшін онсыз да көз жұмып, көндігіп келе жатқан мұның алды-артын орап лыпылдатып, шетелдіктің жанына апарып тапсырған жігіт тұр! Жылтырай жымиып қарағанының өзі қандай жиіркенішті еді, мұны бастапқыдағыша алдымен мол ақшамен алдарқатып басын айналдырып алып, артынша інісінің дәрі-дәрмегі мен тамақтарына ақша таппай қиналған жағдайын тап басып, майдалап отырып азғырғандай тағы да бір қалталының қойнына сүйремек қой. «Жоқ! Кет әрі… Апа, көке!». Алайда, анасы қайтып көрінбей қойды, сонадайда шұбырған малдың ізінен бері қарай өте алмай, дәрменсіз күйде жыламсырап әкесі жүр.Бұған алыстап далбасалап қолын созғанымен, көмекке келе алар түрі жоқ. Ал, анау болса, өзіне қарай қаусыра тартып, қапсырып әкетіп барады. «Жоқ, жоқ, жібер мені! Апа, көке!..».
Сәния өз айқайынан шошып оянып кетті. Жүрегінің атша тулап, дүрс-дүрс соққанын тұңғыш рет анық естіді, қалың жылы көрпе астында қара терге малшынып жатса да, денесі мұздай леп соққандай қалтырап, біразға дейін өзіне-өзі келе алмай қойды. Денесі тыншу тапқандай болғанда да серпіліп кетпей, санасы ойсыз, мағынасыз бос кеңістікті кезіп ұзақ уақыт сұлқ жатып алды. Біраздан соң барып, жосықсыз сырдақтап кеткен санасы көрген түсіне атбасын бұрған: жаңа көрген түсінің ес біліп, етек жиғаннан бүгінгі дейінгі аралықтағы өмірінің болмысын қысқа қайырыммен дәл меңзегендей болғанына бір жағынан таңырқап та қалған. Шынында, шаңырақтары шайқалмай тұрған анасының тірі кезінде арманы асқақ, көңілі шырқау биікте емес пе еді. Дәп бір түсіндегідей өмір оған тек қана қуанышы мен шаттығын сыйлардай көрінетіні, қойнауына сыр бүккен көгілдір таулардай тылсымымен, оның көк тіреген ұшар биігіндей асқақтығымен арбап, келешегіне жүрегін алабұртқыза қуантып мен-мұндалап шақырып тұратыны, оған барар жолдың ұлпа қар жапқан жазықтай кіршіксіз аппақ болып келгені рас еді ғой. Соның бәрінің кенет елесше көз алдынан ғайып болып кеткендей, анасы қайтыс болғалы бері тіршілігіне суық лептің араласқаны да, күні кеше көгілдір арман тауларына жалғасып жатқан аппақ келешегіне өз еркімен қап-қара жолақ тартқаны да анық енді! Ол қарғыс атқыр қара жолақты жуып кетіре алмайсың, өшіріп тастай алмайсың!.. «Алдыңды кір шалмасын!» – дейді-ау сорлы анам! Жоқ, бәрі бітті енді! «Менің қиялымдағы асқақ арманға толы келешегім – көгілдір тауларға жалғасып жатқан кіршіксіз ақ ұлпа қар жамылған даңғыл жазығымды қап-қара жолақ, дәл алдымнан кесіп екіге бөліп тастады! – деп ойлады қыз қасырет толы кеудесімен ауыр тыныс алып. – Енді көгілдір тауларыма апаратын жолым кесілді! Оны кескен кім – өзім бе, өзге ме?!» Әкесімен, туған үйінен қоштасып кетіп бара жатқанда көрінген нәрсеге бола айырбасталып, шашылып жем болып, ақыры түгесіле-түгесіле қолда қалған екі-үш малдың бірін сатып пұл қылып мұның қолына ұстатқаннан басқа дәрмені қалмай жүдеп тұрған әкесіне өгей шешесінің: «Мейлі әдірем қалсын, қалаға барып тентіреп, жәләп, жезөкше болып кетсін маған десең!» деп балалардың кетіп бара жатқанына емес, малдың сатылып кеткеніне тұлан тұта ышқынған сөзінің байыбына енді барды! Соның айтқаны келді-ау!.. Жезөкше! Жас жүрекке қанжар қадалғандай қандайлық суық сөз еді! Жаңа ғана бүр жарған гүлді демде солдырып, қуратып тастағандай неткен зәрлі, ызғарлы естіледі! Иә, бұл енді мезгілсіз суық шалған сол гүлдің өзі. Інісінің бетіне, елдің бетіне қалай тіке қарамақ бұдан былай?! Бағанадан қалған ащы өксік лықсып келіп көмейіне кептеліп еді, ол да түгесіліп қалған-ау: көзінен бір тамшы да жас тамбады.
Сәния орнынан кенеттен іштей әлденеге бекінгендей атып тұрды. Жалма-жан қағаз алып, алдымен інісіне хат жазды: «Мына тапқан ақшам сен жазылып шыққанша жете ме, жетпей ме, білмеймін… Осыншама ақшаны қайдан алдың деп қорықпа, бұл ұрлық ақша емес, мен… осы сөйлемнен кейін азырақ кідіріп қалды да «Арыма айырбастап алдым!» деп тез-тез айбақтата жазды. «Кешір, бар қолымнан келгені осы…» деп қосып қойды. «Бұл сөздің мағынасын кейін, өскен соң түсінер» деп ойлады. Сосын Нина Федоровнаға әкесінің, інісі жатқан аурухананың мекен-жайын қалдырып, ақшаны Нұрланға апарып беруін өтініш еткен парақты барлығының бетіне қойып, кемпір қойып кеткен сүтпен бастырды. «Апа, қарсы аласың ба, сорлы қызыңды… мен саған барамын…» деді, времянканың созса қолы тірелер төбесін суық көзбен шолып…
Нина Федоровна кіріп келген бетте жан дауысы шыға шошынып айқайлап жіберді де белдеу ағашқа байланған тұзаққа ілініп, аяғы жерге тиер-тимес салбырап тұрған Сәнияны құшақтай алды.
Абдырап, асығып-үсігіп жүріп төбесі аласа времянканың белдеуіне байланған жіптің ұшын шешіп алып қызды төсекке әкеліп жатқызды. Тыныс алмай, сұлқ жатқан қыздың денесінің жылы екенін әйтеуір үміт етіп, жүрек тұсын уқалап: «Бейшара қыз-ай, әлі басталып та үлгермеген өміріңді қиғаның не еткенің?!» дей берді…
Шарайна
