Пятница, 30.10.2026

ҚАЛАЛЫҚ КЕЗЕҢІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Сәтбаев қаласында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып, үздік деп танылған әулеттер салтанатты түрде марапатталды. Дәстүрлі байқау аясында түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталып, бас жүлде иесі облыстық кезеңге жолдама алды.

2014 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстандағы отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамға үлгі болатын өнегелі әулеттерді насихаттауға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады. Сәтбаев қаласында өткен қалалық кезеңге қатысқан отбасылардың әрқайсысы өздерінің өмірлік ұстанымы, қоғамдық белсенділігі, еңбек жолы мен ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибесі арқылы ерекшеленді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қала басшылығы, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және байқауға қатысқан отбасылар қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Дархан Мұхан «Мерейлі отбасы» байқауының елімізде он жылдан астам уақыт бойы табысты өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба қоғамдағы отбасының мәртебесін арттырып, ұлттық тәрбиені насихаттауға зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ ол байқауға қатысқан барлық әулеттерді жеңімпаз деп санауға болатынын айтып, олардың әрқайсысы еңбек әулеті, көпбалалы отбасы немесе белгілі бір салада жетістікке жеткен жанұя ретінде көпшілікке үлгі екенін жеткізді. Қала әкімінің орынбасары барлық қатысушыларға алғыс айтып, олардың қаланың дамуына қосып жүрген үлестерін жоғары бағалады.

Биылғы қалалық кезеңде барлығы тоғыз отбасы әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды. «Алтын шаңырақ» номинациясы Өтешовтар отбасына табысталды. «Ұлағатты ұрпақ ұясы» атағына Манасбаевтар әулеті ие болды. Ал «Өнегелі отбасы» номинациясы Абубакировтар отбасына берілсе, «Парасатты отбасы» атағы Қабылбаевтар жанұясына бұйырды.

Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша Аубакировтар отбасы «Мерейлі әулет», Калиевтар жанұясы «Берекелі шаңырақ», Абдуллиндер әулеті «Отбасы мақтанышы», ал Ильясовтар отбасы «Жылдың өнерлі отбасы» атанды.

«Алтын шаңырақ» номинациясының иегері атанған Өтешовтар отбасы мұндай жобалардың отбасы құндылықтарын дәріптеудегі маңызы зор екенін айтты. Өтешовтар әулетінде ата-анасымен бірге төрт қыз тәрбиеленіп өсіп келеді. Әкесі өндіріс саласында еңбек етсе, анасы ұстаздық қызмет атқарады. Отбасы мүшелері ұлттық тәрбие мен білімді басты құндылық ретінде ұстанатынын айтып, осындай игі бастаманы ұйымдастырған азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Марапаттау рәсімінің ең әсерлі сәті – байқаудың бас жүлде иесін жариялау болды. Қазылар алқасының шешімімен «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының Сәтбаев қалалық кезеңінің жеңімпазы атанып, облыстық кезеңге жолдаманы Абилкасимовтар отбасы жеңіп алды.

43 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан бұл әулет еңбекқорлықты, өзара сыйластықты және ұлттық құндылықтарды басты өмірлік қағидасына айналдырған. Отбасы үш бала тәрбиелеп өсіріп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп келеді.

Жеңімпаз Амантай Абилкасимовтың айтуынша, олардың отбасы өткен жылы да байқауға қатысып, «Зияткер отбасы» номинациясының иегері атанған. Ол «Мерейлі отбасы» жобасының қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама екенін айтып, алдағы облыстық кезеңде де өз бақтарын сынайтындарын жеткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мерейлі отбасы» байқауы – үздіктерді анықтайтын жарыс қана емес, қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған әлеуметтік маңызы зор жоба. Осындай бастамалар арқылы еңбекқор, білімді, өнерлі әрі татулықты ту еткен әулеттер көпшілікке үлгі ретінде таныстырылып, жастар арасында отбасы құндылықтарына деген құрмет қалыптасады. Бұл өз кезегінде ұлттық тәрбиені нығайтып, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

Сәтбаев қаласында өткен «Мерейлі отбасы – 2026» байқауы тағы бір мәрте берік отбасы – елдің басты байлығы, ал өнегелі әулет – ұлттың жарқын болашағының негізі екенін айқын көрсетті. Енді қалалық кезеңнің жеңімпазы Абилкасимовтар отбасы облыстық кезеңде Сәтбаев қаласының намысын қорғайтын болады.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫТАУЛЫҚ БРЕНД

17 жылдық тәжірибесі бар креатор-дизайнер, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Арайлым Есембекова …