Пятница, 30.10.2026

ҰЛТТЫҢ ҮНІ, РУХТЫҢ ТІЛІ – ДОМБЫРА

Демалыс күні қаланың орталық алаңында ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлт қазынасы» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Бұл күн – жай ғана күнтізбедегі мейрам емес, қазақтың қасиетті қара домбырасына деген перзенттік махаббат пен ұлттық рухтың асқақтаған сәті болды.

Мерекелік іс-шараға қаланың Құрметті азаматтары, өнер сүйер қауым мен қала жұртшылығы көптеп жиналып, алаң іші ұлттық нақышқа бөленді. Салтанатты жиынды қала әкімінің орынбасары Дархан Мұхан құттықтау сөзімен ашып беріп, домбыраның ұлттық кодымыздың, мәдени болмысымыздың айнымас бір бөлшегі екенін ерекше атап өтті.

– Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі рухани байлығымыздың қайнар көзі. Қазақ үшін домбыра тек ағаштан ойылған дүние емес, ол – үйдің киесі, төрдің берекесі, жанның дауасы. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше. Жауырынды жазық даланың еркін желіндей ескен күй құдіреті адам жанын емдейтін, сезімді серпілтетін қасиетке ие. Домбыраның үнінде халқымыздың тарихы, мұңы мен қуанышы жатыр. Сондықтан оны қастерлеу, келешек ұрпаққа аманаттау – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді Дархан Қабылдашұлы.

Шынында, домбыра – қазақтың өткені мен бүгінін жалғаған алтын көпір, ешқандай нотасыз-ақ халықтың мұңы мен қуанышын, тарихы мен тағдырын жеткізген ұлы құдірет. Оның қос ішегіне тұтас бір ұлттың тарихы, кең байтақ даланың тынысы мен батырлардың азаттық жолындағы ұрандары сыйып кеткен. Көне деректерге сүйенсек, Алтай тауларынан табылған, бұдан бірнеше мың жыл бұрын тасқа қашалған суреттер мен жәдігерлер домбыраның адамзат тарихындағы ең көне аспаптардың бірі екенін дәлелдейді. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енген бұл аспап – бүгінде әлемдік мәдениеттің де баға жетпес байлығы.

Мерекелік кеште жиналғандардың назарына С.Қожамқұлов театрының әртістері дайындаған «Домбыра» поэма-панорамасы ұсынылып, көрерменді тарих қойнауына терең бойлатты. Театр шеберлерінің өнерінен соң, сахна төрінен төгілген күйлер көк аспанда қалықтап, тыңдарманның жүрегін тербеді. Іс-шара барысында қаламыздың мақтанышы – «Ақ әжелер» ансамблінің және жергілікті өнерпаздардың орындауындағы сырлы әндер мен дүбірлі күйлер шырқалып, би ансамбльдерінің мың бұралған билері мерекенің сәнін кіргізді.

Күмбірлеген күй дауысы алаңды толтырғанда, қасиетті қара домбыраның әрбір қазақтың жүрек лүпілі, ұлттың тірі шежіресі екені тағы бір мәрте дәлелденді. Ұлысты ұйытып, рухты оятқан бұл кеш еліміздің мәдениетін ұлықтаған ғибратты шара ретінде жұртшылықтың жадында қалды.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …