Пятница, 30.10.2026

АШЫЛАУЫНА АЙ ҚАЛДЫ: НЕ ІСТЕЛІНДЕ? НЕ ІСТЕЛІНУДЕ?

Сәтбаевта республикалық маңызы бар индустриалдық аймақ ашу мәселесінің көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болған еді. Алайда, «сабақти ине – сәтімен» демекші соның сәті биыл түсті. Қазір қаланың батыс аймағында үлкен құрылыс жұмыстиары жүріп жатыр. Енді бір айдан кейін ол жерде ауқымды индустриалық аймақ ашылмақ.

Жуырда шаһар басшысы Мұрат Бөрібаев республикалық маңызы бар индустриалдық аймақтың құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған жоба қаланың экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Индустриалдық аймақтың бастапқы аумағы 12 гектарды құрайды. Алдағы уақытта оның көлемін 50 гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс алаңында электр, су, жылу және кәріз желілерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның негізгі техникалық ерекшеліктері ауқымды. Мұнда 35 кВ электр желілері тартылып, қосалқы станция орнатылады. Су және кәріз жүйелері толық жүргізіледі және жылу желілері салынады. Сондай-ақ мұнда автомобиль жолдары мен теміржол тұйықтары да қарастырылған.

Мердігер компания өкілінің мәлімдеуінше Жобаның аяқталу мерзімі – 2026 жылдың шілде айы. Индустриалдық аймақ толық іске қосылған соң қала экономикасына айтарлықтай серпін беріледі. Жоба аясында жаңа өндіріс орындары ашылып, қалаға инвестициялар тартылады, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқаты жақсарады.

– Бұл бастама қаламыздың индустриялық даму стратегиясының маңызды бөлігі болып, өңірдегі экономикалық өсім мен жұмыс орындарын көбейтудің сенімді негізін құрайды. Сәтбаев қаласының келегегі, үміті осы жерде. Сондықтан сіздер арқалаған жұмыс жүгі жауапты, – деді Мұрат Ерболатұлы мердігер компания өкіліне жұмысты ширатуды тапсыра тұрып.

ДОСАН ДУЛЫҒАЛЫ.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …