Отан қорғаушылар күні – ел тәуелсіздігі мен тыныштығын күзеткен ерлерге деген құрметтің айқын көрінісі. Бұл мереке – егемен еліміздің қорғаныс қабілеті қалыптасып, айбынды армиясы бар мемлекетке айналғанының дәлелі. Осы айтулы күнге орай Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхананың «Коворкинг» залында «Бейбіт елдің сақшылары» атты патриоттық сағат ұйымдастырылды.
Тағылымды шараға №16 жалпы білім беретін мектептің 9«Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде ашылып, қатысушылардың бойында Отанға деген мақтаныш сезімін оятты. Оқушылар Отан қорғаушыларға деген алғыс пен құрметтерін білдіріп, патриоттық өлеңдер оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Шара барысында «Отан қорғаушылар» тақырыбындағы бейнеролик көрсетіліп, жас ұрпаққа ерлік, батырлық, қайсарлық ұғымдарының мәні тереңінен түсіндірілді. Оқушылар нақыл сөздерді жалғастырып, өз ой-өрістерін, білімдерін ортаға салды. Сонымен қатар Wordwall бағдарламасы арқылы дайындалған танымдық сұрақтарға белсенді қатысып, білімдерін сынады. Патриоттық кештің көркін аша түскен сәттердің бірі – оқушылардың «Ән сал, сарбаз» әнін хормен орындауы болды. Бұл олардың елге деген сүйіспеншілігін, бірлігін айқын көрсетті.
Іс-шара соңында «Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жас буынды батырлар ерлігін құрметтеуге, тарихты білуге шақырды. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рух қалыптастырып, елін, жерін қорғауға деген жауапкершілікті арттырары сөзсіз.
Айжамал Ходжакулиева,
кітапханашы.
Шарайна
