Осындай тақырыппен жақында №5 жалпы білім беретін мектебінде Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен біржола шығарылғанына 37 жыл толуына орай әдеби-музыкалық патриоттық тәрбие кеші ұйымдастырылды. Тағылымды шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігін насихаттау, олардың жауынгерлік рухын үлгі ету және отансүйгіштік қасиеттерді дәріптеу.
Іс-шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар – Ауған соғысының ардагерлері Ертай Джанкелдиев пен Дыхан Наурызбаев қатысып, майдан даласындағы естеліктерімен бөлісті. Олар жас буынға бейбіт өмірдің қадірін түсініп, ел тыныштығын сақтаудың маңызын атап өтті. Оқушылар өз тарапынан қонақтарға қызықтырған сұрақтарын қойып, көптеген мағлұматтар алды.
Бұл патриоттық тәрбие кешін ұйымдастырған аталмыш мектептің Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Айтболат Ахмет мұндай тәрбиелік мәні зор шаралар жас ұрпақтың бойында елжандылық сезімді қалыптастырып, тарихи жадыны жаңғыртуға ықпал ететінін атап өтті.
