Апта басында «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен қазақ ауыз әдебиетінің эпостық жырлары мен қисса-дастандарын жатқа айтудан балалар мен жасөспірімдер арасында «Ерлік пен елдіктің мәңгілік шежіресі» атты аймақтық сайыс өтті. Ұлттық рух пен ұрпақ тәрбиесін ұштастырған тағылымды шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру және жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге ықпал ету.
Сайысты құттықтау сөзбен «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Мадинат Игенберлина ашып, жас жыршыларға сәттілік тілеп, ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған мұндай байқаулардың маңыздылығына тоқталды.
Аймақтың 8-15 жас аралығындағы 33 баласы қатысқан сайыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең «Ұлы дала сарыны» деп аталып, онда әр қатысушы өз жас ерекшелігіне сәйкес белгіленген көлемдегі жыр шумақтарын жатқа орындады. Екінші кезең «Көне ұғым – ұлттық таным» деп аталып, сайыскерлер өздері жаттаған жырларда кездесетін көнерген сөздердің мағынасын ашып, қазылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Бұл кезең қатысушылардың тек жырды жатқа айту шеберлігін ғана емес, оның мазмұны мен тілдік ерекшеліктерін түсіну деңгейін де танытты.
Жас өрендер қазақ әдебиетінің алтын қорына енген «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді жырларды жатқа айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың орындауындағы әрбір жыр шумағынан ата-баба аманаты, елдік пен ерлік рухы, ұлттық таным мен салт-дәстүрдің көрінісі аңғарылды. Жырларды нақышына келтіріп орындаған жас талапкерлер қазақтың бай ауыз әдебиеті мұрасын меңгеріп қана қоймай, оның тәрбиелік мәнін терең түсінуге ұмтылысын көрсетті.
Сайыстың әділ бағасын беру үшін қазылар алқасының құрамына «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Мадинат Игенберлина және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Іргебай Абдикаримов пен Мәди Досанов енді. Қазылар қатысушылардың жырды жатқа айту мәнеріне, дауыс ырғағы мен сахна мәдениетіне, сондай-ақ көне сөздердің мағынасын түсіндіруі мен сұрақтарға жауап беру деңгейіне назар аударды.
Сайыс қорытындысында үздік өнер көрсеткен жеңімпаздарға Дипломдар табысталып, ақшалай сыйлықтар берілді. Бас жүлде иегеріне 200 мың теңге, бірінші орынға 100 мың теңге, екінші орынға 70 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Ал байқауға қатысқан барлық балалар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Ерлік пен елдіктің мәңгілік шежіресі» сайысы жас ұрпақтың қазақтың төл мұрасына деген қызығушылығын арттырып, эпостық жырлардың тәрбиелік әрі танымдық маңызын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді. Ұлттық сөз өнерін жаттап, оның мазмұнын зерделеген жас буын осылайша ғасырлардан жеткен асыл мұраны жалғастырушы екенін көрсетті.
Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.
Шарайна








