Пятница, 30.10.2026

«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК»: ҚОҒАМ ДАМУЫНДАҒЫ БАСТЫ МІНДЕТ

Қоғамның дамуы – оның әрбір мүшесіне жасалған жағдаймен өлшенеді. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету – қазіргі күннің басты әлеуметтік міндеттерінің бірі. Осы бағытта «AMANAT» партиясы жүйелі жұмыстар жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында атқарылған маңызды істердің бірі – Ұлытау облысында орын алды. Жобаға түскен өтінім негізінде Сәтбаев қаласының тұрғыны, І топ мүгедегі Серік Ақбөкеннің мәселесі оң шешімін тапты.

Мәселені шешуге жоба амбассадоры, Сәтбаев қалалық мәслихатының төрағасы Қайрат Маратұлы Балмағамбетов тікелей ықпал етті. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйге кіріп-шығу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін арнайы пандус орнатылды. Бұл – тек бір адамның ғана емес, қоғамдағы инклюзивтілік қағидаттарының нақты жүзеге асып жатқандығының жарқын көрінісі.

Осындай бастамалардың арқасында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасы артты. Олар қоғам өміріне толыққанды араласып, күнделікті тұрмыстағы кедергілерді жеңілдету мүмкіндігіне ие болды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік әділеттіліктің нығаюына, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің артуына және қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылыққа оң әсерін тигізеді.

Сәтбаев қаласының тұрғыны Серік Ақбөкен жасалған көмек үшін шынайы алғысын білдіріп, пандустың күнделікті өмірде қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, енді ол өздігінен тұрғын үйге кіріп-шығып, еркін қозғала алады.

«Кедергісіз келешек» жобасы – қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жұмыстардың айқын үлгісі. Партия бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай жобалар тек инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмей, азаматтардың өміріне нақты оң өзгерістер әкеледі.

Ізбасар Ойбас.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …