Пятница, 30.10.2026

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Ұлытау облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынды. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында Жезқазған қаласындағы спорт инфрақұрылымын дамыту бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа облыс әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Келісім аясында тараптар Жезқазғанда 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жобаларын бірлесіп пысықтайды. Жаңа нысандардың негізгі мақсаты – қала тұрғындары үшін спортпен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту және өңірдегі спорттық инфрақұрылымның мүмкіндігін кеңейту.

6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионын 2027–2028 жылдары салу жоспарланып отыр. Нысан жергілікті футбол командалары мен спорт мектептерінің жыл бойы жаттығу өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға жағдай жасалады.

Стадионның жабық әрі әмбебап форматы оның мүмкіндігін тек футболмен шектемейді. Ауа райына тәуелсіз жұмыс істейтін нысанда ірі спорттық, қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік болады. Бұл жоба Жезқазғандағы бұқаралық спортты дамытуға да серпін бермек. Әсіресе жас спортшылардың кәсіби дайындық деңгейін көтеріп, өңірден жаңа спорт шеберлерінің шығуына жағдай жасау маңызды.

Жезқазғанда заманауи теннис орталығын салу да жоспарланған. Жоба 2026–2028 жылдарға есептелген. Орталықта жабық және ашық теннис корттары, жаттығу залдары, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер, спортшыларға медициналық қолдау көрсету және жаттығудан кейін қалпына келу үшін қажетті орындар қарастырылады. Осылайша жаңа кешен қаладағы теннис спортының тұрақты дамуына негіз болатын заманауи базаға айналмақ. Балалар мен жасөспірімдер жаттығуға тұрақты қатысып, түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындала алады.

Облыс әкімі Есет Байкен жаңа нысандардың қала тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту қарқынын сақтап, жобалардың нақты нәтижесін халыққа сезіндіру.

Ал «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компания үшін Ұлытау облысының маңызын атап өтті. Оның сөзінше, өңірде компания қызметкерлері мен олардың отбасылары тұрады. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – компанияның өңір алдындағы маңызды бағыттарының бірі.

Қол қойылған құжат әзірге жобаларды бірлесіп пысықтаудың негізін қалайды. Алдағы кезеңде тараптар болашақ нысандардың техникалық-экономикалық талаптарын, сәулеттік шешімдері мен негізгі сипаттамаларын айқындайды. Жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін футбол стадионы мен теннис орталығына қажетті қаржыландыру көлемі «Қазақмыс» компаниясының өңірдегі әлеуметтік инвестицияларының жалпы бюджетіне қосымша енгізіледі.

Бұл бастамалар компанияның Ұлытау облысындағы әлеуметтік жобаларымен қатар жүзеге аспақ. 2026–2027 жылдары Жезқазғанда мешіт пен Конгресс-орталық салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу, Кеңгір су қоймасының жағалауын көркейту секілді бірқатар жоба іске қосылады.

Жаңа спорт нысандарының салынуы – қаланың инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар, тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Әсіресе балалар мен жастар үшін қолжетімді спорттық орта қалыптастыру – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің ғана емес, дені сау ұрпақ қалыптастырудың да негізі.

Ізтай Белгібайұлы.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …