Пятница, 30.10.2026

ОБЛЫС ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

САРЫСУ–ТҮЙЕМОЙНАҚ БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ

Сарысу ауылында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан пайдалануға берілді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы жаңалықтармен құттықтады.

Ауыл тұрғындары мен шаруалар үшін маңызы зор Сарысу–Түйемойнақ бағытындағы 21 шақырым автомобиль жолының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұған дейін асфальт жабындысы болмаған жолға биыл толықтай асфальт төселді.

Сондай-ақ іс-шара барысында жаңадан салынған ашық футбол алаңы мен ветеринариялық станцияның ашылу рәсімі өтті. Спорт алаңы балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берсе, ветеринариялық пункт мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

КӨПСАЛАЛЫ КОРТ ЖАҢАРТЫЛДЫ

Байқоңыр ауылында балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында көпсалалы кортқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жас ұрпақтың игілігі жолындағы әрбір игі бастама – болашаққа жасалған маңызды қадам. Жаңартылған спорт алаңы ауыл тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қоспақ.

Көпсалалы корттың ағымдағы жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, ауылдың спорттық инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосқан – «Мерей Мариям» мүгедектер қауымдастығы.

АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМЫ

Қасиетті Ұлытау төріндегі тағылымды басқосуда аға буын өкілдері, зиялы қауым, тарихшылар мен өлкетанушылар бас қосып, ел тарихы, руханият пен ұрпақ сабақтастығы төңірегінде ой өрбітті.

Жиында Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, Ұлытау облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағындық Қожамсейтов, мемлекеттік қызмет ардагері Рақыш Ыдырысова сөз сөйлеп, Ұлытаудың ел тарихындағы орны мен рухани мұраның маңызына тоқталды.

Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – Мұқан Иманжановтың ұлы Мақсұт Иманжановтың әкесі туралы естеліктерімен бөлісуі болды. Қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолына қатысты әңгімелер айтылып, қатысушылар Мұқан Иманжановтың тұлғасын жақынырақ таныды.

Форумның «Жастықтың және жасампаздықтың жаршысы» бөлімінде тарих ғылымдарының кандидаты Темірғали Аршабеков пен тарихшы, өлкетанушы Ғабдол Әуезов қос қаламгердің мұрасы туралы мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Басқосу соңында алыс-жақыннан келген қонақтар мен спикерлерге Ұлытау облысы әкімдігі атынан құрмет көрсетіліп, сый-сыяпаттар табысталды. Ұлытауда айтылған әрбір тағылымды сөз – өткенге құрмет, бүгінге жауапкершілік, келер ұрпаққа аманат.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …