Пятница, 30.10.2026

ПРОКУРАТУРАНЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

Ұлытау облысының Қаражал қаласында қалалық прокуратураның жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Өңір басшысы прокуратура қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, нысан қадағалау органының жұмысын тиімді ұйымдастыруға және қызметкерлер мен азаматтарға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қолдауымен өңірімізде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен халықтың игілігіне бағытталған әлеуметтік және маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Осы нысан да заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы қызметке лайықты орын болсын», – деді облыс әкімі Есет Байкен.

Жалпы аумағы шамамен 220 шаршы метрді құрайтын бір қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда қызметкерлердің жұмысына, азаматтарды қабылдауға, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша өтініштерді жан-жақты қарауға қажетті жағдайлар жасалған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Проверьте Также

ПОСЛАНИЕ ПРЕЗИДЕНТА: НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ РАЗВИТИЯ БИЗНЕСА

Коллектив Палаты предпринимателей области Ұлытау прослушал Послание Главы государства Касым-Жомарта Токаева.  Послание затрагивает важнейшие вопросы …