Осындай тақырыппен жақында балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбайдың 85 жылдығына арналған естелік кеші өтті.
Қазақ поэзиясының лирик ақыны, драматург Исраил Сапарбайдың 85 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушылары қатысты.
Тағылымы мол іс-шараның басты мақсаты – ақынның өнегелі өмірі мен сырлы шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау, мектеп оқушыларының көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын арттыру болды.
Кеш барысында кітапханашы оқушыларды ақынның сан қырлы шығармашылық жолымен таныстырып, оның жырларындағы тәрбиелік мән мен азаматтық үнге ерекше тоқталып өтті. Ал мектептің белсенді оқушылары автордың сезімге толы өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқып, шығармалардан алған әсерлерімен бөлісті. Сонымен қатар балалардың танымын кеңейту мақсатында арнайы викториналық сұрақтар қойылып, оқушылар асқан белсенділік танытты. Әдеби пікір алмасу алаңына ұласқан бұл кеште жеткіншектер ақын поэзиясының өзіндік ерекшеліктері мен көркемдік қуаты туралы еркін ой қозғап, тұшымды пікірлерін ортаға салды.
Кеш соңында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің шығармашылығынан үлкен рухани азық алып тарқасты.
Баян Аимбетова,
балалар мен жасөспірімдер кітапханасының абонемент бөлімінің кітапханашысы.
Шарайна
