Пятница, 30.10.2026

ТӨРТІНШІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Ұлытаудың ұлы даласында шындық пен әділдіктің туын жықпай, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді. Елдің рухын оятып, өңірдің тыныс-тіршілігін таспалап жүрген қаламгерлер мен медиа саласының майталмандары үшін бұл күн шынайы марапат пен мерейдің салтанатына айналды. Биылғы дәстүрлі мерекелік жиынның шоқтығы биік болып, ақпарат айдынында аянбай еңбек етіп жүрген үздіктердің еңбегі лайықты бағаланды.

Осы айтулы шараның ең жарқын сәті ретінде, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірдегі екі бірдей журналиске екі бөлмелі пәтердің кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Бұл – мемлекеттің журналистер қауымына деген ерекше қамқорлығы мен олардың қоғамдағы жоғары мәртебесінің айқын дәлелі болса керек.

Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен жүрекжарды құттықтап, ақпарат саласы өкілдерінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ел бірлігін нығайтудағы өлшеусіз үлесіне тоқталып өтті. Өңір басшысы өз сөзінде әрбір мақала мен сюжеттің артында үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбек тұрғанын тілге тиек етіп, БАҚ қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Мереке аясында сала ардагерлері мен бүгінгі күннің хас шеберлері жоғары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен ұлықталды. Атап айтқанда, ұзақ жылғы адал еңбегі үшін бірқатар азаматтар «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ақпарат саласының үздігі» мен «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгілерімен марапатталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Сонымен қатар, облыстың ақпараттық кеңістігін дамытуға сіңірген еңбегі үшін бір топ журналист пен медиа мамандары Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, мерейлері өсті.

Кештің басты оқиғасы әрі көптен күткен сәті – Ұлытау облысы әкімінің жыл сайынғы дәстүрлі «Ұлар» сыйлығының жеңімпаздарын жариялау рәсімі болды. Жыл сайын қаламы қарымды, ойы озық журналистерді ынталандыру мақсатында берілетін бұл сыйлық биыл 13 номинация бойынша үлестірілді. Үздік шыққан шығармашылық өкілдеріне 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйақылар табысталып, бұл марапат олардың алдағы уақытта жаңа белестерді бағындыруына үлкен серпін берді.

***

Төртінші билік өкілдеріне арналған думанды шара Сәтбаев қаласында да кең көлемде аталып өтті. Ашық аспан астында, көтеріңкі көңіл-күй аясында өткен салтанатты кеште шаһар басшысы Мұрат Бөрібаев қалам иелерін құттықтап, олардың қоғамдағы орнын биік бағалады.

– БАҚ күні – шындықты айтып, қоғамға бағыт беретін жандардың мерекесі. Сіздер әр жаңалықтың артында тұрып, халықтың сенімін арқалап келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі абыройлы миссия. Қаламызда табысты еңбек етіп жүрген «Aqsham» телеарнасы, «Шарайна» және «Аймақ ақшамы» газеттерінің ұжымдарына айрықша алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіз – өңіріміздің ақпарат кеңістігінің дамуына қосылған үлкен үлес. Еңбектеріңізге табыс, шығармашылық шабыт және әрдайым өткір көзқарас тілеймін! Ақпарат айдынында абыройларыңыз асқақтай берсін, – дей келе, Мұрат Ерболатұлы қаланың барлық БАҚ өкілдеріне Алғыс хаттар мен ақшалай сыйақыларды табыс етті.

Сонымен қатар, қала әкімі жыл сайынғы игі дәстүрден жаңылмай, ақпарат саласының ардагерлерін де арнайы құттықтады. Бұл – қазақ журналистикасының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған аға буын өкілдерінің еңбегін бағалаудың және оларға көрсетілген лайықты құрметтің айқын көрінісі. Мұндай қолдау шаралары аға буынның тәжірибесін ұлықтап қана қоймай, соңдарынан ерген кейінгі толқын жастарға үлкен серпін беріп, кәсіби жауапкершілікті терең сезінуге жол ашады. Ардагерлер мен жас мамандардың бір арнада тоғысуы өңірдегі кәсіби мектептің үзілмес сабақтастығын, алдыңғы толқынның өнегелі жолын кейінгі буынның абыроймен жалғап келе жатқандығын көрсетті.

Айтулы күні журналистер қауымына тек билік тарапынан ғана емес, қоғамдық ұйымдар мен өндіріс алпауыттары тарапынан да зор құрмет көрсетілді. «Қазақмыс» Корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров пен «Ауыл» партиясының атынан келген өкілдер де шығармашылық ұжымдарды құттықтап, өздерінің ыстық ықыластары мен Алғыс хаттарын тарту етті.

Салтанатты іс-шараның соңы Кеншілер қаласының аспанын әуезді әнмен тербеткен мерекелік концертке ұласып, кешті тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше шабыт сыйлады.

Бұл күнгі мереке бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын баспасөз өкілдерінің мерейін тасытып, мәртебесін биіктеткен, ел игілігі жолындағы еңбектің әрдайым бағаланатынын көрсетті.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …