Пятница, 30.10.2026

ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Қарттар күніне орай қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қарттарымызды құрметтейік» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Мәні терең, мағынасы мол шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа үлкенді сыйлау мен қарияны құрметтеудің қадірін ұғындыру, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен еңбегін дәріптеу, жастар мен үлкендер арасындағы сабақтастықты нығайту.

Қариялардың өнегелі өмір жолын үлгі ету, ақ батасы мен ғибратты әңгімелерін кейінгі ұрпаққа жеткізу – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрлерінің бірі. Қазақ халқы қашанда үлкенін төрге шығарып, қариясын құрметтеген. Өйткені қария – бір әулеттің ғана емес, тұтас елдің ақылшысы. Ол – өткеннің шежіресін бойына жинаған, бүгіннің қадірін бағалай білетін, келешекке бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық. Сондықтан тағылымы мол бұл кеш өмір жолын елге, отбасына, ұрпағына арнаған ардақты жандарға арналды.

Кеш барысында «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеден қарттарды сыйлау, үлкенді құрметтеу, ұлттық тәрбие, адамгершілік пен ізгілік құндылықтарын дәріптейтін әдебиеттер орын алды. Кітап көрмесі арқылы жас оқырмандарға халқымыздың салт-дәстүріндегі үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидалары кеңінен таныстырылды.

Тағылымды кездесуге өмір жолын маңдай термен өрнектеп, ел игілігіне елеулі үлес қосқан екі ардақты қонақ арнайы шақырылды. Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы кен өндіру саласында еңбек етіп, туған өлкесінің өндірістік дамуына өз үлесін қосқан, еңбегімен ел алғысына бөленген Садық Жанқұтов ағамыз. Екінші қонақ – ғұмырының қырық жылға жуық уақытын осы кітапхана саласына арнаған еңбек ардагері, бірнеше марапаттың иегері, қазіргі таңда құрметті демалыста жүрген Аманкүл Әмзеқызы апамыз.

Кездесу барысында қонақтардың өмірі мен еңбек жолына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, олардың елге сіңірген еңбегі мен өнегелі ғұмыры жайында тағылымды мәліметтер берілді. Еңбекпен шыңдалған жылдар, маңдай термен жеткен жетістіктер, өмірден түйген мол тәжірибе – жас ұрпақ үшін үлкен мектеп екені сөзсіз.

Кештің мазмұнын кітапханашы Баян Аимбетова жүргізген еркін сұхбат одан әрі тереңдете түсті. Ол қонақтарға еңбек жолы, өмірлік тәжірибесі, өткен күндерден қалған естеліктері және жастарға айтар ақыл-кеңестері туралы сауалдар қойып, жүрекжарды әңгімеге жол ашты. Өз кезегінде шараға қатысқан 8-сынып оқушылары да қонақтарға қызығушылықпен сұрақтарын қойып, үлкендердің өмір жолынан сыр ұқты. Жасөспірімдер Қарттар күніне арналған өлең-тақпақтарын оқып, ақ жаулықты аналар мен ардақты ақсақалдарға деген ыстық ықыластары мен құрметтерін білдірді.

Кештің көркемдік бөлімі де ерекше әсерлі өтті. Өнер мектебінің оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Домбыраның қоңыр үнімен әуелеген әндер орындалып, өнерпаздардан құралған ансамбль жетіген, сазсырнай, көркемсырнай секілді ұлттық аспаптарда музыкалық шығармаларды орындады. Ұлттық өнердің әсем әуені мен жас өнерпаздардың шеберлігі тағылымды кештің мазмұнын байытып, мерекелік көңіл күйді айшықтай түсті.

Кеш соңында балалар мен жасөспірімдер кітапханасының басшысы Гүлбану Шахманова арнайы келген ардақты қонақтарға алғысын айтып, белсенділік танытқан оқушыларға және өнер көрсеткен өнер мектебінің шәкірттеріне ризашылығын білдірді.

Қарияның батасын алып, ақылын тыңдау, өмір жолынан өнеге алу – кейінгі буынның рухани байлығын арттыратын тағылымды дәстүр. Осындай мазмұнды кездесулер арқылы жас ұрпақ үлкенге ізет көрсетудің, еңбекті бағалаудың, адамдық пен сыйластықты биік қоюдың мәнін терең түсінеді. Қариясы қадірлі, үлкені сыйлы елдің іргесі берік, болашағы баянды болмақ.

Марал Шахаева.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …