Пятница, 30.10.2026

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛЫ – ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Сәтбаев қаласы полиция бөлімінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту және жұмыспен қамту мақсатында маңызды жиналыс өтті.

Бұл игі шара Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Айсұлу Көмекованың ұйымдастыруымен өтті. Жиын барысында құқық қорғау органдары мен мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің өзара тығыз байланысы арқылы қиын жағдайға тап болған азаматтарға нақты көмек көрсетудің жолдары қарастырылды.

Маңызды басқосуға полиция бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Арман Садықов, Отбасын қолдау орталығының және Мансап орталығының мамандары қатысып, қатысушылардың мәселелерін жан-жақты талқылады. Шараға есепте тұрған азаматтардың қатарынан барлығы 12 адам келді, бұл өз кезегінде олардың өз өмірін түбегейлі өзгертуге деген ниеті бар екенін көрсетеді. Кездесу тек ақпарат алмасумен шектелмей, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Жиналғандардың арасынан 4 азамат бірден тұрақты жұмыспен қамтылып, еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Ал қалған азаматтардың жеке құжаттарын ретке келтіруге жан-жақты құқықтық және әкімшілік көмек көрсетілетін болды. Өйткені көбінесе жұмысқа орналаса алмаудың негізгі себебі – жеке куәліктің және басқа да қажетті құжаттардың жоқтығы немесе мерзімінің өтіп кетуі болып табылады. Сонымен қатар, мамандар олардың әлеуметтік, психологиялық және басқа да туындаған өмірлік мәселелеріне қол ұшын созып, әрқайсысына жеке көзқарас танытатындарын жеткізді.

– Полиция мен әлеуметтік қызметтердің бұл бірлескен жұмысы қаладағы криминогендік жағдайды жақсартуға және отбасылардағы тыныштықты сақтауға бағытталған жүйелі қадам болып табылады. Мұндай профилактикалық іс-шаралардың тиімділігі өте жоғары, өйткені қолда бар көмекті сезінген адам өз өмірін өзгертуге ұмтылады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, көмекке мұқтаж әрбір жанның тағдырын назарға алатын боламыз, – дейді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Айсұлу Көмекова.

Қоғамдағы кез келген құқық бұзушылықтың немесе отбасылық-тұрмыстық жанжалдың түпкі төркіні көбінесе әлеуметтік мәселелерге, әсіресе жұмыссыздық пен тұрмыстық қиындықтарға келіп тіреледі. Сол себептен мұндай іс-шаралардың маңызы зор, себебі тұрақты жұмысы мен әлеуметтік қолдауы бар азамат қайтадан қылмыстық жолға түспей, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруге мүмкіндік алары сөзсіз.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …