Өткен аптада Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков «Amanat» партиясының бастамасымен ұйымдастырылған «Turgyndar amanaty» жобасы аясындағы «Үйді басқару: Жауапкершілік, Сенім, Нәтиже» форумына қатысып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының өзекті мәселелері мен даму келешегіне кеңінен тоқталды.
Іс-шараға «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев және Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин арнайы қатысты. Форум барысында тұрғын үй-коммуналдық саланың қазіргі жағдайы, көппәтерлі үйлердің тиімді басқару тәжірибелері және пәтер иелері кооперативтерінің жетістіктері талқыланды.
Облыс әкімі Дастан Рыспеков өз сөзінде саладағы жүйелі жұмыстардың барысына назар аударып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобаларды атап өтті. Айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту бағытында инвесторлармен бірлескен іс-қимылдар қарқынды жүргізілуде. «Turgyndar amanaty» жобасы аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларында апатты деп танылған үйлер кезең-кезеңімен сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері бой көтермек.
Соңғы үш жылда облыс аумағында 119 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері күрделі жөндеуден өтіп, 48 үйдің шатырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Биыл да жоспарланған жұмыстар жалғасып, 33 көппәтерлі үйдің шатырлары мен қасбеттері толық жаңғыртылады.
Сонымен қатар, 2023–2025 жылдары апатты тұрғын үйлерде тұратын 115 меншік иесіне жергілікті бюджет есебінен өтемақы төленді. Бұл тұрғындардың құқықтарын қорғауға және апатты үйлер мәселесін шешуге бағытталған маңызды шара болып отыр.
Дастан Рыспеков форум соңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Ол «Turgyndar amanaty» жобасының бұл бағыттағы бастамаларға тың серпін беретінін, тұрғындардың сенімін арттырып, үйлерді басқаруда жауапкершілікті күшейтетінін жеткізді.
Форум барысында пәтер иелері кооперативтерінің тәжірибесі де назардан тыс қалмады. Өз жұмыстарын жүйелі жүргізіп келе жатқан кейбір үлгілі кооперативтер тұрғындарды басқару үдерісіне тартудың тиімді жолдарын бөлісті. Бұл тәжірибе басқа үйлерге үлгі болып, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, үйлерді сапалы және тиімді басқаруға септігін тигізеді.
Облыс әкімдігінің айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың басты мақсаты – халыққа қауіпсіз және жайлы тұрғын үй жағдайын қамтамасыз ету. Инвесторлармен бірлескен жұмыстар, апатты үйлерді сүріп, заманауи тұрғын үй кешендерін салу, тұрғын үйлерді жөндеу және жаңғырту шаралары – осы бағыттағы маңызды қадамдар. «Turgyndar amanaty» жобасы тұрғындардың сенімін нығайтып, басқару мәдениетін жетілдіруге бағытталған ауқымды бастама ретінде іске қосылған.
Облыс тұрғындары мен сала мамандарының пікірінше, мұндай форумдар үйлерді тиімді басқару тәжірибесін таратуға, пәтер иелерін ақпараттандыруға, тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға септігін тигізеді. Тұрғын үй-коммуналдық саланы жетілдіру бағытындағы осындай жүйелі іс-шаралар облыстың әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосады.
Досан Дулығалы.
Шарайна
