Аптаның басында қаламыздағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Отан қорғаушылар күніне арналған облыстық деңгейдегі салтанатты жиын ұйымдастырылды. Бұл мереке әрбір қазақстандық үшін аса мәнді. Себебі ол Отанға адал қызмет еткен ер азаматтарды құрметтеуге және олардың ерлігін дәріптеуге арналған.
Іс-шараға өңір басшысы Дастан Рыспеков қатысты. Салтанатта сөз сөйлеген облыс әкімі айтулы күннің тарихтағы және қазіргі өмірдегі маңызын ерекше атап өтті.
– Қасиетті Ұлытау – ежелден ерлік пен намыстың мекені, ұлтымыздың алтын ұясы. Біз бүгін аға буынның қаһармандық дәстүрін абыроймен жалғастырып келе жатқан нағыз отаншыл азаматтарды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «Айбынды әскеріміз – Тәуелсіздігіміздің мызғымас тірегі», – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Салтанатты жиында бірқатар азаматтарға мерекелік марапаттар табысталды. Марапатқа ие болғандардың ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, сондай-ақ Ұлытау облысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттармен марапатталған азаматтар бар. Бұл марапаттар олардың Отан алдындағы адалдығы мен кәсібилігін мойындаудың айқын көрінісі болды.
Мерекелік іс-шара барысында Ұлттық ұланның Орталық өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің оркестрі әуендер шырқады. Сонымен қатар, жерлесіміз, эстрада жұлдызы Қуандық Рахымның орындауындағы әсерлі әндер мерекенің рухын арттырды. Бұл музыкалық сәт қатысушыларға ерекше эмоциялар сыйлап, салтанатты жиынның көркемдік деңгейін көтерді.
Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шаралар тек мерекелік сипат қана емес, сонымен қатар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, елдің қорғаныс қабілетіне деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды мәдени және қоғамдық оқиға болып табылады. Осындай шаралар арқылы біз ел қауіпсіздігіне үлес қосқан әрбір азаматты еске алып, олардың ерлік дәстүрін дәріптейміз.
Осылайша, аптаның айшықты жиыны қатысушыларға және қала тұрғындарына ұмытылмас әсер қалдырды. Ел үшін қызмет еткен әр азаматтың еңбегі бағаланып, олардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып отыр.
Ізтай Белгібайұлы.
Шарайна
