Пятница, 30.10.2026

«ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ – ТУҒАН ТІЛ»

Осындай тақырыппен сәрсенбі күні Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараның шымылдығы тіл тазалығы мәселесін көтерген мазмұнды қойылыммен түрілді. Сахналық көріністе ана тілінің қадірін білу, сөзді дұрыс әрі орынды қолдану, тіл тазалығын сақтау мәселелері көтерілді. Күнделікті өмірде жиі кездесетін тіл шұбарлығы мен орынсыз сөз қолданыстарын арқау еткен қойылым көрерменге ой салып, әр азаматтың ана тіліне деген жауапкершілігін сезінуге үндеді.

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі, ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен баға жетпес асыл мұрасы. Сондықтан ел өміріндегі ең маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқы тілдері күні әр жылы тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор іс-шаралармен аталып өтуі дәстүрге айналған.

Бұл мерекенің Ұлт ұстазы, Алаш арысы, қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайлас келуінің өзіндік мәні бар. Бар ғұмырын ұлттың санасын оятуға, ана тілінің тұғырын биіктетуге арнаған Ахмет Байтұрсынұлы үшін тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ұлтты сақтап қалатын рухани күш еді.

Қаламызда мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданыс аясын кеңейтуге, оның мәртебесі мен маңызын арттыруға, тілдерді дамытуға және мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тіл жанашырларына қолдау көрсету, олардың еңбегін елеп-ескеріп, көпшілікке үлгі ету де игі дәстүрге айналған. Соның бір айғағы – жыл сайын қала көлемінде тіл саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген азаматтарды марапаттап, еңбегін ел алдында ұлықтау. Бұл – тілге деген құрметтің нақты көрінісі, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген жандарға көрсетілген лайықты ықылас.

Мерекелік кеште қала әкімі Мұрат Бөрібаев жиналғандарды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, тілдің ел бірлігін нығайтудағы айрықша рөліне тоқталды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршаға ортақ міндет екенін атап өткен қала басшысы тіл жанашырларын елдің рухани дамуына қосып жүрген үлесі үшін алғыс білдіріп, марапаттады. Атап айтқанда, Сәтбаев қаласының Құрмет грамотасымен «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Надежда Грамович және қала әкімінің Алғыс хатымен орталықтың оқытушысы Асылжан Шахманова марапатталса, «Тіл жанашыры» сыйлығының «Ұлағатты ұстаз» номинациясының иегері С.Сейфуллин гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Гүлбану Исанкулова, «Үздік оқытушы» – Абай атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айжан Кенжебаева, «Тіл жаршысы» – «Ақшам» телеарнасының редакторы Алтынгүл Төлегенова, «Мемлекеттік тіл және жасанды интеллект» – Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бағдарламашысы Әсия Балталы және «Тіл майталманы» – Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мәди Досанов атанды.

Кештің тағы бір ерекшелігі – Қазақстанды мекен еткен түрлі этнос өкілдерінің ортақ шаңырақ астындағы ынтымағы мен өзара құрметінің көрініс табуы. Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт пен этнос өкілдері өздерінің ана тілін көздің қарашығындай сақтай отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тіліне құрметпен қарайды. Бұл – еліміздегі қоғамдық келісім мен татулықтың жарқын белгісі. Осы ізгі ниет мерекелік кеш барысында да айқын аңғарылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері сахна төріне көтеріліп, көпшілікке жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олар өз тілдерінде өлең оқып, ән шырқап, ұлттық мәдениеттерінің бояуы қанық өнерін көпшілік назарына ұсынды.

Әдеби-сазды кештің мазмұны да, көтерген жүгі де салмақты болды. Әсем ән мен әсерлі жыр, тағылымды сөз бен рухты өнер бір арнаға тоғысып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Кеш барысында тілдің ұлт өміріндегі орны, ана тілін құрметтеудің маңызы, мемлекеттік тілді меңгерудің қажеттілігі кеңінен насихатталды.

Ана тіліміздің абыройын асқақтату, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдану, кейінгі ұрпаққа таза қалпында жеткізу – әр азаматтың перзенттік парызы. Себебі тіл бар жерде – ұлт бар, тіл бар жерде – рух бар, тіл бар жерде – елдің ертеңіне деген сенім бар. Туған тілдің тағдырына бейжай қарамай, оның тұғырын биіктету – елдігімізді нығайтып, ұлттық болмысымызды баянды етудің ең маңызды жолдарының бірі.

Марал Шахаева.
Суреттерді түсірген автор.

Проверьте Также

ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАУАРЫН ӨНДІРУШІЛЕРІ ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен құралған делегация Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Халықаралық …