Воскресенье, 5.04.2026

ӨҢІРЛІК КОАЛИЦИЯ ҚҰРЫЛДЫ

Ұлытау облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы ресми түрде жұмысын бастады. Бұл бастама – конституциялық реформаларды халыққа кеңінен түсіндіруге бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңі ретінде бағалануда. Жаңа құрылым өңірдегі саяси партиялар, кәсіподақ ұйымдары, ардагерлер кеңесі және азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосып, ортақ мақсат жолындағы күш біріктіру алаңына айналды.

Коалиция құрамына кімдер енді?

Өңірлік коалиция құрамына бес саяси партияның облыстық филиалдары, кәсіподақ ұйымдары, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Бұл – қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарының пікірін ескеруге мүмкіндік беретін кең форматтағы бірлестік.

Коалицияның ашылу рәсіміне Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция төрағасы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, коалиция төрағасының орынбасары Зина Ақылбекова, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Алғашқы сөз сөйлеген Бауыржан Шыңғысов Конституциялық реформа жөніндегі кеңестің 12 отырысы өткенін, оған 10 мыңнан астам өтініш түскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш қоғамның жаңа конституциялық өзгерістерге бейжай қарамайтынын, азаматтардың белсенді түрде ұсыныс білдіріп отырғанын көрсетеді.

Саяси партиялар ортақ мақсатқа жұмылуда

Жиын барысында саяси партия өкілдері бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді. «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Абзал Жиенбаев, «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Исин, «Қазақстан Халық партиясы» облыстық филиалының төрағасы Оразалы Бақырбаев конституциялық реформаны түсіндіруде ортақ ұстаным қажет екенін атап өтті.

Ал жиын модераторы, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков бір айға жоспарланған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бағыттарымен таныстырды. Оның айтуынша, коалиция мүшелері өңірдің барлық қала-аудандарында кездесулер өткізіп, тұрғындарға жаңа Конституция жобасының мазмұнын жан-жақты түсіндіреді.

Реформаның стратегиялық бағыты

Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылым мен мәдениетті дамытуға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Бұл өзгерістер елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын стратегиялық бағдармен үндес екені айтылды.

Сондай-ақ, құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, қоғамның шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын кеңейту секілді маңызды мәселелер қамтылғаны айтылды.

Түсіндіру жұмыстары барлық өңірді қамтиды

Алдағы уақытта коалиция мүшелері еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен, жастармен және тұрғындармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Әсіресе шалғай ауылдар мен елді мекендер назардан тыс қалмайды. Бұл – әрбір азаматтың пікірін ескеріп, референдум қарсаңында саналы түрде таңдау жасауына мүмкіндік беру мақсатында қолға алынған шара.

15 наурызға белгіленген референдум алдында ашық диалог алаңдарын ұйымдастыру, халықтың құқықтық сауатын арттыру және жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру – коалиция жұмысының басты басымдықтарының бірі.

Ортақ іске – ортақ жауапкершілік

Өңірлік коалицияның құрылуы – қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтудың, азаматтық белсенділікті арттырудың нақты көрінісі. Конституциялық реформа – тек заңнамалық өзгеріс емес, елдің болашағына қатысты стратегиялық шешім. Сондықтан әрбір азаматтың пікірін тыңдау, ұсыныстарын ескеру – әділетті әрі прогрессивті мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.

Облыс орталығында басталған бұл бастама алдағы уақытта өңір тұрғындарының кең қолдауына ие болып, конституциялық өзгерістерді түсіндірудің тиімді үлгісіне айналмақ.

Досан Дулығалы.

 

О Админ

Проверьте Также

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

Жақында «Денсаулық» колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» …