Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» басқарма төрағасы Жүрсін Молдашұлы Ерман биыл 75 жасқа толды.
Сәрсенбі күні Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерманның мерейтойына арналған «Шоқтығы биік айтулы ақын» атты поэзия сағаты ұйымдастырылды. Тағылымды шараға қаламыздағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 8 «Ә» және 8 «Г» сынып оқушылары, ұстаздар қауымы мен кітапханашылар қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы Раушан Ақмұрзаева оқушыларға ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы мазмұнды мағлұмат беріп, өмірбаянына кеңінен тоқталды. Ақын өлеңдерін оқушылар мәнерлеп оқып, шығармалардың мазмұндық тереңдігін түсіне білді.
