Сейсенбі күні Сәтбаев қаласында ардагерлер ұйымының есеп беру конференциясы өтіп, өткен кезеңдегі жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер айқындалды. Қала өміріндегі қоғамдық маңызы зор бұл жиынға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аманкелді Құрақбай, Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, сондай-ақ бастауыш ұйымдардан сайланған делегаттар қатысты.
Конференцияны қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алаш Тұрлыбек ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды. Алқалы жиынның заңдылығын тексеру комиссиясының төрағасы Козы-Көрпеш Байтоқов хабарлап, қаладағы ардагерлер ұйымының құрамында 18 бастауыш ұйымға біріккен 197 мүше бар екенін, конференцияға 23 делегат сайланғанын, олардың 17-сі қатысып отырғанын жеткізді. Осылайша жиынның жұмысына қажетті кворумның бар екені нақтыланды.
Алғаш болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов өңірдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды. Ол қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуда, ұрпақ тәрбиесінде, ел бірлігін сақтауда ардагерлердің орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар ел талқысындағы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына байланысты ой қозғап, 15 наурызда өтетін референдумға өңір ақсақалдарын бір кісідей қатысуға шақырды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алаш Тұрлыбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, ұйым жұмысы алдымен құжаттарды ретке келтіру, жаңа мүшелер тарту және бастауыш ұйымдардың қатарын көбейту бағытында жүргізілген.
– Менің бұл ұйымға басшылық жасағаныма көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан ақсақалдардың қолдауымен бірқатар нәтижеге қол жеткіздік. «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің Сәтбаев қалалық филиалымен меморандум жасалып, бірлескен жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде «Таза Қазақстан» акциясына екі ұйымның ардагерлері бірге қатысып, тазалық пен көгалдандыруда көпшілікке үлгі көрсеттік, – деді ол.
Сонымен қатар мектептерде оқушылармен кездесулер өткізіліп, ардагерлердің еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі насихатталған. Бұл кездесулер жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулуда маңызды рөл атқарып отыр. Ұйым алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Баяндамашы ел өміріндегі маңызды саяси науқан – Конституциялық референдумға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Ақсақалдар жастармен кездесулерде жаңа өзгерістердің маңызын түсіндіріп, елдік мәселелерге бейжай қарамауға шақыруда. Бұл – ардагерлер ұйымының қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуының айқын көрінісі.
Конференцияның екінші мәселесі бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті конференциясына делегат сайлау өтті. Қатысушылар бірауыздан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алаш Тұрлыбектің кандидатурасын қолдап, сенім білдірді.
Алқалы жиын соңында бірқатар азаматтардың еңбегі бағаланды. Облыстық ұйым төрағасы Сағындық Үсенұлы жастар тәрбиесі мен спортты дамытуға үлес қосып жүрген Әзірбек … Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Әлібек Әбдрашев Алғыс хатпен марапатталды.
Сәтбаев қалалық ардагерлер ұйымының есеп беру конференциясы – тәжірибе мен тағылымды ұштастырған мазмұнды жиын болды. Онда өткен жұмыс қорытындыланып қана қоймай, алдағы міндеттер де нақтыланды. Ең бастысы – ардагерлердің қоғам өміріндегі белсенділігі, жастар тәрбиесіндегі орны және ел бірлігін нығайтудағы рөлі айқын көрінді.
Ақсақалдардың ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі – жас ұрпақ үшін баға жетпес мектеп. Сондықтан ардагерлер ұйымының бастамалары алдағы уақытта да қала өмірінің маңызды бөлігі болып қала беретіні сөзсіз.
Ізтай Белгібайұлы.
